Сабекова Гульдана Есенболкызы
Қарағанды облысы
Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті
«Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы
тірек мектебі» (РО) КММ жанындағы
«Балауса» шағын орталығының тәрбиешісі
Балабақша – білім мен ортаға бейімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Біздің мамандығымыздың қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу.
Өмірге келген әрбір нәресте отбасында ата-анасынан бастап барлық туған туыстардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Әр отбасында тәлім-тәрбие алып 3 жасқа толғанда ата-аналар жүректерінің бір бөлшегін сеніп толықтай бір күнге балабақша әкеліп тапсырады. Сол орайда ананың орнына ана бола білетін ол – балабақша тәрбиешісі.
Балабақша баланың өмірге аттаған алғашқы қадамы. Басқан алғашқы қадамынан баланың болашағы қаланады. Әрбір кішкентай ғана бүлдіршінді өмірге енді аяқ басқан сәтте көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын алтын ұя. Аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен кәсіп иелері жұмыс атқарады. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына, ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген.
Баланың дамуының іргетасы қаланып, тұлғаның «Мені» қаланатын кезеңі – балабакшада. Ары қарай өмірдің өсу сатысында білім мен тәрбие ұйымдарында қалыптасқан бірізділік жүйе арқылы өз көзқарастарын қалыптастырып, «Мені» — танылып, жеке тұлға ретінде қоршаған ортада өз орындарын табады. Отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын ерке балалар да жоқ емес. Бір үйдің кенжесі, бірі тұла бойы тұңғышы. Бірақ, балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулитын орта – тағы да балабақша.
Бақшадағы оқу қызметтері бес сала бойынша іске асып барлығы ойын түрінде балалар бойына білім нәрін сусындатады. Тілін дамытып ортаға бейімдеп қарым-қатынасқа икемдейді. Математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын-қысқа үлкен- кішісін ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейді, қоршаған ортада табиғат құбылыстары мен жақынырақ танысады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын ұстап өсуі жолында да берілетін осы балабақша жұмысының еңбегі ұшан теңіз.
Тәрбиеші балаларға білім беру үшін баланың іс-әрекеті ойын арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін арттырып, көздеген мақсатқа жеткізуші. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым –үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр баланың бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу.
Бақшаны — бала бағбандарының мекені деп тани отырып, балабақшаны – болашақтың қақпасы деп білуіміз керек. Болашақтың қақпасы – әрбір балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс. Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелей отырып, мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білемін. Салыстырмалы түрде сөйлейтін болсақ, кімнің пікірімен бөліссек те балабақшаға барған баламен, бақшаға бармаған баланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қай жағынан болмасын – адамдармен қарым-қатынас жасағанда да, сөйлеу мәнерлерінде де, өз ойларын жеткізе білуде де тағысын сол сияқты көптеген құбылыстарда да айырмашылықты байқап жатамыз.
Ата-ана балаларын балабақшаға берместен бұрын «ол жерде балам не үйреніп шығады, тәрбиеші қандай болады екен?» — деген сұрақтар мазалайтыны түсінікті. Сондықтан да балабақша тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, бақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп білуі керек. Сонымен бірге балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін – сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек.
Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Біз, тәрбиешілер, түрлі болашақ маман иелерін тәрбиелеп жатырмыз десем артық болмас. Болашақ заңгерлерді – әділдікке үйрету, дәрігерлерді жауапкершілікке баулу, мейірімділікке үйрету, құрылысшыларды – нақтылыққа тәрбиелеу – барлығы тәрбиешінің қолында. Сондықтан да өз бойымызда әділдік те, мейірімділік те, жауапкершілік те болу қажет.
Балабақша – баланың жүйелі түрде білім мен тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты. Баланын болашаққа қадам алып, жан-жағымен, қоршаған ортасымен танысып, ең бірінші білім, тәрбиемен сусындайтын орны – балабакша. Сондықтан тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүру керек.
«Мұғалімнің ең жауапты міндеті орындайды – ол адамды қалыптастырады.» деген М.И.Калинин, міне, біздің міндетіміз айқын. Олай болса заман талабынан қалмай, заманауи болашақ жастарымызды тәрбиелейік. Балабақша баланың ең алдымен тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді. Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болады. Қазіргі заманда әр отбасында дүниеге келген сәбиді, өсіп жатқан буынды өзінің ана тілі мен сөйлету – ұлттық қасиетіміздің дамуының бірден бір жолы. Мектепке дейінгі тәрбие саласында ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі – халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін ана тілінде түрлендіріп, сол арқылы баланың тілін дамыту. Әрбір бөбектің өз ана тілінде тілі шығып, осы тілде ойлау қабілетінің дамуы – ұлттық мінез-құлықтың қалыптасу жолы. Ата-аналарға А.С. Макаренконың «балаларды тәрбиелеу — біздің өміріміздегі ең жауапты сала… Дұрыс тәрбиелеу — бұл біздің қарттық шағымыз, жаман тәрбиелеу — бұл біздің келешек қасіретіміз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдар алдындағы бүкіл ел алдындағы айыбымыз» деген пікірінің мағынасының түсінуге тиіс. Өз балаңның тәрбиесін жеке өз ісін деп қарамау керек, қоғам алдындағы азаматтық борышыңды орындау деп қарау керек.
Күн тәртібі – балалардың дене құрылысы мен психикасының дұрыс дамуының маңызды шартты. Мектепке дейінгі ұйымдардағы балалар күн тәртібін жасағанда алдымен әрбір жастағы топтарға арналған білім мен тәрбие, әрбір процеске тамақтану, ұйықтау, ойнау, серуен, сабақ уақытын, ұзақтығының тұрақты болуын қамтамасыз ету керек.
Ана тілінің қадір-қасиетін жастайынан түсініп өскен баланың жақсылыққа жаны құмар, таза, пәк, инабатты, биязы болып өсетініне өмір тәжірибесі куә. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, алдымызға келген әрбір бүлдіршінге балабақшадан бастап тәлім-тәрбие беріп ұлтжандылыққа тәрбиелейік. Балабақша бақыттың ең бірінші баспалдағы, баланың болашағы.