Home » Мақалалар » Қазақ тілі мен әдебиеті  сабағындағы тіл дамыту жолдары

Қазақ тілі мен әдебиеті  сабағындағы тіл дамыту жолдары

Касымова Айнагуль Тлеужановна
Нұр-Сұлтан қаласындағы
№ 26 мектеп -гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 

Апенова Бейнегуль Тлеужановна
Нұр-Сұлтан қаласы
ҚазҰӨУ-нің Дарынды балаларға арналған
мамандандырылған мектеп-интернаты
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақ тілін орыс топтарында оқыту әдістемесінің басты мақсаты -сөйлету, ойын еркін жеткізуге, сөздік қорын молайтуға көмектесу, басқаның сөйлеуін түсінуге, яғни, тіл дамыту – оқушыны тілдік тұлғаларды дұрыс қолданып, ойын басқа адамға жеткізуге дағдыландыру, басқа адамдардың сөзін жақсы түсінуге үйрету.

«Білім туралы»  Қазақстан  Республикасының  Заңында «Жеке адамның шығармашылық,  рухани  және  дене  мүмкіндіктерін  дамыту, адамгершілік  пен салауатты өмір салтының  берік  негіздерін  қалыптастыру, жеке  басының  дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту» -дейтін тұжырымдар бүгінгі білім берудің мақсаттары мен міндеттерін ғана емес, тіл дамытудағы өзекжарды мәселелерді де айқындайды.

Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушыларды сөзді дұрыс қолдана білуге, өз ойын орнықты жеткізуге, еркін сөйлей білуге жетелейтін тәсілдің бірі – тіл дамыту жұмыстары. Оқушылардың тіл дамыту жұмысын дұрыс ұйымдастырып, дұрыс жүргізіп отыру – әдебиетті сөз өнері ретінде шығармашылық шабытпен шебер оқыта білудің бір көрінісі болып саналады. Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілетіне, сондай-ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Оқушының білімі ғана жетіліп қоймайды, қабілетінің, дарын көзінің ашылуына түрткі болады.

Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында оқушылардың сөйлеу тіліне мынадай талап қойылады:

— Оқушы айтайын деген ой-пікірін жүйелі, байланысты түрде әңгімелеп беруге жаттығу.

— Сөз тартымды, мазмұнды болуға тиісті.

—  Әдеби тілдің нормасынан ауытқып кетпей, оны сақтап мәнерлеп сөйлеуге дағдылану.

—  Сөзді дұрыс, орынды қолданып, сөйлемді дұрыс құрап ойын айта білуге машықтану.

Тіл дамытудың басты құралы сөздік қорда жатады. Оқушының сөздік қорының неғұрлым көп болуы және оны тиімді қолдана білуі жүйелі еңбекті қажет етеді. Сөздік қорды байыту жұмысында іріктелініп алынатын атаулар, ұғымдар ұлттық дәстүріміз бен өткен тарихымызға байланысты болса, оның жан-жақты маңызы артып отыратындығы белгілі. Өйткені оқушылар өзінің туған халқының тарихымен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен байланысты атауларды үйрену арқылы білім қорын жинай бастайды.

Жүсіпбек Аймауытов «Сабақ беру – үйреншікті ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деген,  яғни, оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың іс-әрекеті  арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, шығармашылық қабілеттерін дамытуға негізделуі қажет.

Қазақ тілін оқытудағы ең өзекті мәселе – тіл дамытуСондықтан мұғалім тіл дамытуға байланысты жүргізілетін материалдарды дұрыс таңдай біліп, оны дұрыс бере білу қажет. Көздеген нәтижеге жету үшін, сабақ жоспарлағанда, оқушылардың жас ерекшеліктерін және уақытты дұрыс пайдалану қажет.

Оқушының ауызша және жазбаша сөйлеу түрін дұрыс дамытуда грамматикалық ережелерді жақсы білудің, тыныс белгілерін дұрыс қоюдың, көркем әдебиетті көп оқудың үлкен мәні бар. Мұғалім қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында үйретілген ережеге сай түрлі жаттығу жұмыстарын орындатып, тыныс белгілерін дұрыс қоя білдірудің жолдарын көрсетіп, көркем әдебиетті көп оқуға бағыт беріп, оның үлгісін көрсетіп отыруы қажет. Оқушыны ауызша әдеби сөйлеу дағдыларына бейімдеу үшін орфоэпиялық ережелерге сай, фонетикалық заңдылықтарды аңғартатын, мәнерлеп оқуға арналған арнайы ұйымдастырылған жаттығу жұмыстарын жүргізу пайдалы. Мұндай жұмыс түрлері әр тақырыпты оқытуға байланысты тіл дамыту жұмыстары арқылы іске асып отырады. Оқушыға мәнерлеп оқудың, әдемі сөйлеудің үлгілерін мұғалім өзі көрсетіп отыруы қажет. Оқушының әдеби сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда дыбыстар мен сөздерді дұрыс айтуға үйрету, дұрыс сөйлеу дағдыларын дамыту, сөйлеу тілін жаттықтыру, өлеңдер мен әндерді жаттату, фабулалы мәтіндер мен диалогтарды тыңдату, классикалық, қазіргі кездегі музыканы, магнитофондық жазуларды тыңдату, сөз шеберлері, атақты сахна шеберлерінің орындауында магнитофон таспаларына жазылған поэтикалық шығармаларды, кино, диафильмдерден мазмұнын дыбыс арқылы жандандырып, магнитофоннан тыңдату сияқты жұмыстар жүргізудің үлкен мәні бар.

Тіл дамытуда мақал-мәтел және тұрақты тіркестерді пайдаланып сөйлем құратудың да пайдасы зор. Бұл жұмыс түрі арқылы оқушының ойын көрікті айта білуге, мақал-мәтелдердің тіліміздегі көркемдік ерекшелігін, оның тәрбиелік мәнін ұғуға деген дағдысын қалыптастырады. Оқушы мақал-мәтелдерді кірістіріп сөйлем құру арқылы еңбекке, білім алуға, өнерге, жақсы әдеттерге үйір болуға, жаман мінездерден безуге, ұқыптылыққа, тазалыққа, достыққа, шындыққа байланысты нақыл сөздерді үйренуге жақын болады. Оқушылардың тіл байлығын арттыруда лексиканың алатын орны зор. Сөз, сөздің мағынасы, синоним, омоним, антоним, термин сөздер, архаизм, неологизм, тұрақты сөз тіркестерін оқыту арқылы тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастырудың маңызы зор.

Сөз және оның мағынасын түсіндіру кезінде қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс түсініп, пайдалану үшін балаларға сөздің негізгі мағынасын білдіру мақсат етіледі. Ең алдымен балаға сөздің негізгі мағынасын түсіндіру керек. Қазақ тіліндегі бірқатар сөздердің жеке тұрған күйінде негізгі мағынасының айқын бола алмайтынын аңғартуымыз керек. Демек, балаларға сөздің негізгі, тура мағынасын сөйлем ішінде тұрғанда ғана ажыратуға болатынын баса айту қажет. Мысалы, мына сөйлемдерді пайдалана талдай отырып, қазақ тіліндегі бірқатар сөздердің көп мағыналы болып келетін айтқан жөн: Ананың ақ сүтін ақтау керек. Жердің шөбі қураса, мал ақ болып кетеді. Мал семірер ақпенен. Нысапсызға не керек, істің ақ пен қарасы.

Қазақ тілі пәнінің бағдарламасы сатылы тәртіппен құрылған. Мәселен, сөздің лексикалық-грамматикалық тобы, яғни сөз таптары туралы ұғым бір сыныпта емес, бастауыш төрт сыныпта сатылы түрде меңгеріледі. Бұл арада әр сынып оқушысының жас, білім, дағды, даму ерекшеліктері ескеріліп, олардың еркін түсініп меңгеруіне қолайлы деген материалды топталып беріледі. Қазақ тілінен өтілген материалдарды қайталау жұмыстарын ұйымдастыруда оқушылар өз бетімен дайындалады.

Халқымыздың ұлттық дәстүр ерекшеліктерінің, шешендік сөз үлгілерінің мол мұрасын пайдалану арқылы оқушылардың тілін дамыту, тәрбиелеу қазақ мектептеріндегі бүгінгі таңдағы маңызы зор мәселе болып отыр.

Шешендікті жоғары бағалайтын халқымыздың дәстүрін қалпына келтіру, сөз қадірін түсінетін ортаны қалыптастыру – қазақ халқының ұлттық ерекшелігін жандандыратын белгілердің біріне жатады. Ал халықтың осы қасиетін жандандыру, баланың тілін дамытуды жасынан бастаумен тікелей байланысты. Оқушының жазбаша және ауызша ойын дұрыс айта біліуіне үлгі беретін – мұғалім. Сондықтан мұғалім тілдің тарихын, грамматикасын, стилистикасын, орфографиясын, лексикасын, пунктуациясын жақсы біліп, меңгеруі қажет.

Тіл дамытудағы өнімді тәсілдердің бірі – шығармашылық тапсырмалар. Шығармашылықтың түрі әр алуан, мәні біреу – ол жаңа мазмұн жасау. Озық педагогика: әрбір бала өзінше талантты, әрқайсысы шығармашыл бола алады. Шығармашыл бала өзінің қабілетін, күш-қуатын, бейімділігін сезіне алатынын дәлелдейді.

Тамаша педагог В. Сухомлинский: «Шығармашылық арқылы тұлғаның рухани байығы қалыптасады, шығармашылық  адамды адамға тартатын  магнитпен тең. Сондықтан  да  мектептің, мұғалімнің, ата-ананың, тәрбиешілердің негізгі мақсаты баланы өмірге, еңбекке шығармашылықпен қарауға үйрету» — деп атап көрсеткен.

Қорыта келгенде, қазақ тілі сабақтарында осындай жұмыс түрлері жүйелі ұйымдастырылса, оқушының өз ойын жаза, әрі дұрыс айта, жеткізе білуі сөзсіз. Сондықтан қазақ тілін оқытатын әрбір мұғалім балалардың тіл дамыту мәселелерін осындай жұмыс түрлері айналасында ұйымдастыруы қажет. Сонымен қатар, оқушының ақыл-ойына әсер ете отырып кез-келген затқа сын көзбен қарай білуге, бағалай білуге үйрету негізінде оның ішкі жан дүниесіне, сезіміне де әсер етуі қажет.

Падаланылған әдебиет.

  1. Аймауытов Ж. Қазақстан мектебі №6, 1991, 72.
  2. Изгуттинова Р. Қазақ тілімен әдебиеті орыс мектептерінде №4, 2011
  3. Сағынбаева Ж. «Ұстаз тілегі» 12. 2019 ж.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.