Home » Мақалалар » Жасөспірімдер арасында суицидтің  алдын алу жолдары

Жасөспірімдер арасында суицидтің  алдын алу жолдары

Шәмшат Толқын Октябрьқызы
Түркістан қаласындағы
Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжінің
педагогика және психология
пәнінің оқытушысы

 

 

Жасөспірімдер арасында суицидтің  алдын алу жолдары

Өмір – адам баласының ең негізгі құндылығы. Дүниенің ақпараттануы, адамның табиғаттан алшақтауы, неше түрлі компьютерлік ойындар, көбінесе жастардың арасында суицидтің көбеюіне ықпал етіп отыр. Қазіргі кезде суицидология ғылымы социология, психология, медицина, демография, психиатрия тоғысында пайда болған ғылым. Өзіне-өзі қол жұмсау әрекетіне баратын тұлғалардың ерекшелігін, психологиясын, себептерін аталған ғылым зерттейді.

Ғылымда жасөспірімдік кезең адамның жалпы даму кезеңінің өз алдына дербес, тұлғалық және жекеше дамуының қалыптасу уақыты деп қарастырылады.

Жасөспірімдік кезең адам өмірінің тұтастай он жылын алады. Бұл – ерекше қажеттіліктер және және құқықтар тән бірегей уақыт.

Жасөспірім кезеңі 13-17 жас аралыққа дейінгі жас мөлшерін қамтиды. Бұл кезең адамның сенімсіздік пен жүйесіздік кезеңінен шынайы ер жету шағы. Осы кезеңде жақсылық пен жамандық категориялары туралы көзқарастары, «ар-ұят», «намыс», «адамгершілік», «құқық», «міндет»  сияқты тұлғаның сипатын басқа да ұғымдар толғандырады.

Жасөспірім кезеңінде адамдарда өмір құндылықтарын таңдау мәселесі пайда болады. Жасөспірім өзіне деген ішкі қарым-қатынасын қалыптастыруға (мен қандай болғым келеді?), басқа адамдарға деген қарым-қатынасқа және моральдық құндылықтарға талпынады. Өмірді анықтайтын қандай құндылықтың ең өзекті болып саналатындығына орай, тұлға да әртүрлі қалыптасады. Э. Штерннің пікірінше, «….. құндылықтардың бар бағыты әрбір жеке тұлғаға тән. Алайда осы әртүрлі құндылықтардың бір ғана жетекшілік маңызға ие болып, өмірде басымдыққа ие болады».

Жалпы құндылықтарды тануға ұмтылған жасөспірімге өз таңдауы оның ойынша ең негізгі бағыт болуы тиіс деп есептейді. Жасөспірім қоршаған әлемдегі өз орнын табуға қандай күш салса да, барлық өмір мәнділігін тануға интеллектуалды дайын болса да, ол көп нәрсені жете түсіне бермейді, өйткені ол өзін қоршаған адамдарды толық тани алмайды және рухани өмір тәжірибесін меңгермеген. Сондықтан да К.Юнг «жасөспірімдік кезең – дағдарыс кезеңі, шынайы өмірдің талаптарына жасөспірім  бейімінің сай келмеуі орын алады деп есептеген.

Дюркгеймнің суицид теориясына байланысты «адам бір проблемаға тірелген кезде немесе ол бейімделген орта немесе әлеуметтік топ одан бас тартқан кезде ол өзін-өзі  өлтіруге барады» деген.

А.Г.Амбрумова суицидальді мінез-құлқы бар 770 бала мен жасөспірімдерді зерттей келе, «пубертантты жасқа дейінгі балалар арасында (13 жасқа дейін) – 14,4%, пубертантты жастағы балалар арасында (13-16) – 51 %, пубертантты жастан асқандар арасында (17-18)- 33,8%  кездеседі» деген мәлімет береді.

И.П.Павлов өзін-өзі өлтіруді «мақсат рефлексін» жоғалту деп түсіндірген. Осыған байланысты ол: «Мақсат рефлексі әр адамның өмір мәні және энергия көзі. Өмір қызығы бір мақсатқа жетуге талпыну, егер сол мақсатқа жете алмаған басқа мақсатты көздеп соған қол жеткізу, қызығу, ұмтылу. Соған байланысты біздің өміріміз гүлденеді және мәндене түседі. Егер адамның өмірінде мақсат жоғалса оның өмірі мәнсіз болады. Сол себепке байланысты біз өлген адамдар артынан қалған қағаздардан, олардың өмірлерінің мәні жоғалғанына байланысты олар өз-өздерін өлтіруге мәжбүр болғандарын ұғынамыз. Бірақ адам өміріндегі мақсаттар саны шексіз…». Тек И.П.Павлов суицидке барған адамдардың ешқайсысында психикалық ауытуы жоқ деген.

Австриялық психолог З.Фрейд адамның өзіне-өзі қол жұмсауы ызақорлық, агрессиядан болатыны мәлімдеген. Ал америкалық психолог К.Менниндер суицидтің барлығын санадан тыс жасалатын өзара байланысты үш негізгі себеппен: өш алу жек көрушіліктен, тығырықтан шығатын жол таппағандықтан және кінәлі сезімнің күштілігімен түсіндірген.

Орта ғасырдағы ұлы тұлғалардың бірі – ғұлама, ойшыл, ақын Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік» дастанында:
Егер қайғы жараласа жаныңды,
Күт сабырмен туатын шат шағыңды.
Егер дәулет қатты жапса қақпасын,
Түзелер іс, төзіп сабыр сақтасаң.
Ер мінезді сабырыңды сақтай біл,
Сабыр жолы көк төріне бастайды, — деп жастарға өсиет айтып, жігерлендіреді.

Қазір бейресми топтар әлеуметтік желілер арқылы балалар арасында «суицид дегеніміз зорлыққа қарсы наразылықтың, өзінің еркіндігін үшін күрестің бір түрі» деген кері ойды қалыптастыруда.

Суицидтің алдын алу әдістерінің ең маңыздыларының бірі — оның өзін жайсыз сезінуінің көзін анықтауда жатыр. Бұл өте қиын болуы мүмкін, өйткені ол адамның проблемасының көзі осы құпиялылықта жататыны белгілі.

Тұлғаның өз-өзіне қол жұмсауына қарсы тұратын факторлар қандай?

Ең алдымен – өмірге қалыптасқан оң көзқарасы, өмірдегі ұстанымы, тұлғалық сипаты және мінез-құлық ерекшелігі, сонымен қатар өзіне-өзі қол жұмсауға қарсы тұратын ішкі сезімдері. Оған мыналар жатады:

  • өзіне өте жақын туыстары мен жақындарына деген айрықша құрмет сезімі;
  • жауапкершілік аманат сезімін сезінуі;
  • өз денсаулығына мән беру, өзіне зақым келтіруден қорқуы;
  • қоғамдық пікірмен есептесу және араласатын ортасының өз-өзіне қол жұмсауды дұрыс емес нәрсе деп қабылдайтындығын түсінуі;
  • өмірдегі мүмкіндіктерді толыққанды игермедім, әлі алар асуым алда деген сенімі;
  • өмірлік, шығармашылық, отбасылық және басқа да жоспарларының, ойларының болуы;
  • рухани, тәлім-тәрбиелік ойларды оқып-біліп, түсінуі;
  • мінезінің тұрақтылығы, кез келген нәрсеге бейімделіп кету қасиеті, психикалық ауыртпалықты еңсеру тәсілдерін қолдана білуі;
  • өмірлік құндылқтардың белсенділігі, жеке мақсатының болуы;
  • өмірге деген құштарлығының жоғары болуы;
  • діни сенімінің деңгейі және өз-өзіне қол жұмсау күнәсінен қорқуы;
  • жарқын болашағы мен өмірін жоспарлай білуі.

Жасөспірімнің бойынан өмірге деген құштарлық және жоғарыда аталған факторлар қаншалықты көбірек кездессе, соншалықты оның «психологиялық қорғанысы» және іштей өз-өзіне сенімі күшті болады.

Суицид дертінің емі иманда. Анығырақ айтқанда имани тәрбиеде. Осы тұрғыдан алып қарағанда жасөспірімдер отбасында, мектеп қабырғасында имани тәрбиеге мұқтаж. Демек ата-ана, мұғалімдер және психологтар бірлесе жұмыс атқаруы қажет. Жауапкершілік те теңдей бөлінуі керек. Алла тағала қасиетті құранда: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар. Расында сендерді бұдан тиған Алла сендерге ерекше мейірімді» дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әл-Бұхариден жеткен хадисінде: «Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол тозақта әрқашан сол темірді көтеріп жүреді. Ал кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Егер біреу өзін өлтірмек болып таудан құласа, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады» дейді.

10 қыркүйек – дүниежүзінің суицидке қарсы күні. Бұл күн өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу жөніндегі халықаралық қауымдастық бастамасымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен атап өтіледі.

Ағылшындар суицидпен күресу үшін арнайы заң қабылдаған. Финляндияда мұндай әрекетті қылмыс ретінде танып, өз-өзіне қол жұмсағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал Жапонияда психикасы әлсіз балалармен арнайы жұмыс жасайтын суицидолог мамандар әзірленеді екен.

Қазақстанда өзіне қол салудың алдын алу үшін салалық өзара бірлескен әрекеттерді қабылдау қажет. Бұл үшін денсаулық сақтау саласын, сонымен бірге, білім беру, жұмысқа орналастыру, полиция, сот, дін, заңнама, саяхат және БАҚ секілді басқа да салаларды қамтитын инновациялық, кешенді салааралық тәсілдеме қажет. Мамандардың ғана емес, сонымен бірге, халықтың сауаттылығын арттыру аса маңызды, бұл өзіне қол жұмсауға және жалпы психикалық мәселелерге деген ағат пікірлерді азайтуға септігін тигізеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Осипова А.А. Справочник психолога по работе в кризисных ситуациях, — Ростов-н\Д: Феникс, 2016 г. – 315 с.
  2. Кондрашева В.Т. Суицидтік мінез-құлық. – 2015 ж. (292-302).

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.