Кульжанова Гульден Талгатовна
Ақмола облысы Целиноград ауданы
«Оразақ ауылының жалпы
орта білім беретін мектебі» КММ
педагог-психолог
Бәрімізге танымал орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстойдың Анна Каренина романы мынадай сөздерден басталатын: «Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас келеді, ал әрбір бақытсыз отбасы өз бетінше бақытсыз». Отбасындағы бала тәрбиесі – балаларды әлеуметтендірудің бір түрі болып табылады. Қазіргі таңдағы қоғамда білім беру саласы түбірімен өзгеріске ұшырап отыр. Баланың бос уақытын өткізуге көп мүмкіндік туды, жаңа неше түрлі ойыншықтар, азық-түлік, гигиеналық заттар, сонымен қатар түрлі мобильдік құрылғылар пайда болды. Мобильдік құрылғылар, интернет желісі балаларды жіпсіз байлап, өзіне тәуелді етті. Осындай жағдай баланың да, ата-ананың да өмірге деген басқа көзқарасын қалыптастыруға әкеліп соқты. Ал жаңашыл мүмкіндіктер өсіп келе жатқан ұрпаққа қауіп төндіреді. Сондықтан ата-аналар тарапынан көптеген сұрақтар туындап жатады, тіпті кей уақытта оған тиянақты жауап ала алмайды.
Көп жағдайда ата-аналар өз баласының тәрбиесін мұғалімге аудара салады. Ата-ана өз баласын бағындыра алмайды, не істерін білмейді. Ал бала болса, ата-анасын да, мұғалімді де тыңдағысы келмейді. Осы тұрғыда, әрине, педагог- психологтің атқаратын рөлі зор. Психолог ретіндегі менің жұмысым педагогикалық үрдісте жалпы мәдениет және қарым-қатынас мәдениетіне, ата-ана мен бала арасындағы түсіністікке баса назар аударуым керек.
Әр мектепте, әрине, бір қиын сынып болуы мүмкін. Оқушылармен жүргізілген мазасыздық пен агрессияны бақылау зерттеулерінің нәтижесі жоғары физикалық агрессияны көрсетті, бұл жағдай отбасындағы тәрбиемен ұштасып жатқандықтан, ата-анамен жұмыс жүргізілу керек.
Осы орайда, менің ойымша, ата-аналарға алғашқы қадамды мектеп, яғни ұстаздар жасауы міндетті, өйткені жақсылыққа, мейірімділікке үйрететін ұстаздар. Мектеп ұстаздары, психологтары, мамандар тарапынан ата-аналар психологиялық- педагогикалық жалпы оқытуға тартылуы керек.
Менің психолог ретіндегі жұмысымның басты шарты – ата- аналармен түзету жұмыстарын жүргізу. Мақсатым — ата-ана құзіреттілігінің деңгейін арттыру, сонымен қатар баланың даму жағдайын белсендірудегі рөлін белгілеу.
Ата-ананың психологиялық сауаттылығын арттыру, баланың психикалық дамуы бойынша білімін жетілдіру, қарым-қатынасты орната білу, тектілік ерекшелігінің рөлі, баланың белсенділігі, ортамен араласып кетуі психологиялық көмек арқылы жүзеге асырылады.
Бұндай жұмыс екі түрде: жекелей және топ түрінде өтеді. Біздің жұмыстың қиындығы ата-аналар өз бетімен психологқа көмек сұрап келмейді, мәселелерін айтпайды, өздері шешуге тырысады. Бірақ ата-ана баласының көптеген мәселелерін өзі шеше алмайды: төмен үлгерім, төмен жады, мазасыздық, өзін-өзі төмен бағалау, сабақтан кетіп қалу, сабақты себепсіз босату тағы басқа жеткіншектің мәселелері.
Бұл жағдайда баланың оқу үлгерімінің төмен түсіп кету, тәртібінің өзгеру себептері неден екенін анықтап алу керек. Егер ата-ана және мектеп ұстаздары дер кезінде баланың бойындағы өзгерісті анықтай алса, оның жағымсыз қылықтарын түзетуге мүмкіндік туады.
Жаман бала, түзелмейтін бала жоқ, ата-аналар тарапынан қиын тағдыр, сауатсыз берілген тәрбие, жауапкершіліксіздік, жеңілтектік, тіпті қатыгездік танытылуы мүмкін.
Тәрбиедегі олқылық, қиындық тек жасөспірім шақта кенеттен туындамайды, оның себебін баланың ерте даму кезеңінен іздеу керек. Бала өсіп келе жатқан жас өскін секілді, түзу бағыт берсең, тік өседі, бұрыс бағыт берсең, қисық өседі. Осы орайда ақын М. Жұмабаевтың тәрбие туралы қалдырған пікірі ата-анаға, педагогтарға үлкен жауапкершілік жүктейді: «Жас бала — жас бір шыбық. Жас күнінде қалай исең, өскенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың». Бала жақсылықпен қатар жамандықты да тез қабылдайды. Тәрбие — оңай шаруа емес. Ата-ана мен мұғалімдер тарапынан педагогика мен психология аясын жақсы білу керек. Физикалық тұрғыда және жүйке жүйесі мықты адам ғана тәрбиедегі мәселелерді шешуге мүмкіндігі бар.
Бүгінгі таңда әрбір адамның шығармашылық қабілетін, мүмкіндігін, саналы тәртібін, жауапкершілігін қоғамға пайда әкелуге жұмсау мақсатында жағдай жасалуда. Тұлғаның жеке басының рухани- адамгершілік қасиетін қалыптастыру отбасы тәрбиесінде, одан кейін балабақша мен мектеп қабырғасында нәтиже беретіндігі белгілі.
Кезінде М. Жұмабаев «Баланың мінез-құлқының дұрыс қалыптасуы үшін, оның маңайындағы адамдар, туған-туысқандары өздері ізгі құлықты болуы тиіс» деген. Ақынның келешек ұрпақ тәрбиесіне назар аударуы, өз заманына лайықты азамат болуды армандауы халықтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Баланы жастан» , «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» — деген халық даналығымен астасып жатқанынан байқауға болады.
Адам санасының өлшемі — темірдей тәртіп, сондықтан рухани- адамгершілік жағынан тәртіп тазалықтың белгісі болуы тиіс. Әрбір тұлғаның алдына мақсат, мүддеге сай талап қойылса, тәртіптілік нәтижелі болады. Осы сөздердің нәтижесі ретінде бабамыз Әл-Фарабидің айтқаны еске түседі: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі». Орыстың ұлы жазушысы, сыншы В.Г. Белинский: «Тәрбие — ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі»- деген. Д. И. Менделеевтің «Тәрбиесіз білім – есуастың қолындағы қылыштай», Я.А. Коменскийдің «Тәрбиені мойындамау – адамдардың, жанұяның, мемлекеттің және бүкіл әлемнің құруы» деген сөздері әлі күнге дейін маңызын жоймаған. Осы тәрбиенің маңыздылығы сондай, болашақ ұрпақ тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады. Ендеше тәрбие — ауадай қажет. Ал тәрбиенің бастауы – отбасы, ата-ана, отбасы – шағын мемлекет.
Отбасындағы психологиялық көмек: баланың өзгеруінің түпкі себебін анықтау, ата-ана мен бала арасындағы жақсы қарым-қатынас, мәселелерді шеше білу, қиын жағдаяттан шыға білу жолдары.
Ата-ана міндеті – баланың дамуына жағдай жасау, шығармашылық тұлға тәрбиелеу, өмірге деген жағымды көзқарас қалыптастыру.
Егер ата-ана мен бала арасында шынайы қарым-қатынас, махаббат, сыйластық, рухани жақындық, сенімділік орнатылса, бұндай отбасында тәрбиеленген балалар өмірде де өз орнын таба алады және болашақта ата- аналарына тірек бола алады.
Егер отбасында келеңсіз жағдайлар орын алса, жанұя мүшелері арасында сыйластық болмаса, түсіністік қарым-қатынас орнамаса, әрине, ол жағдай баланың өсуіне, дамуына теріс әсерін береді. Баланың мінез-құлқы өзгереді, жаман ортаға кез болады, нашақорлыққа, темекі шегуге дағдыланады, үйден кетіп қалады, сыртта көп уақыт бос жүреді. Пайдалы іспен айналыспайды. Ашушаң, ызақор, тұрақсыз, сөзінде тұра алмайтын халге жетеді. Ұрлыққа барады, түрлі қылмыс жасауға бейім тұрады. Қоғамда өз орнын таба алмайды. Үйде ұрыс-керіс, жанжал, бір-біріне қол жұмсау, зорлық-зомбылық көрсетілсе, ол бала еріксіз, ынжық, жылауық, ез болып өседі. Ата-анасы өздері маскүнемдікке салынса, әрине, бұндай отбасында береке қалмайды. Менің ойымша, осындай отбасылармен психологиялық тұрғыдағы жұмыс арнайы мамандандырылған ортада жүргізілуі тиіс.
Отбасы – ұлттың тірегі, қоғамымыздың байлығы. Отбасындағы дұрыс тәрбие, келешек ұрпақтың жалпы физикалық және моральдық дамуы біздің қоғамның, халқымыздың тұрақтылығы мен өркендеу деңгейіне әсерін тигізеді.
Мен өз жұмысымда оқушыларға, ата-аналарға, ұстаздарға түрлі психологиялық жадынамалар, кеңестер беремін. «Қандай ата-анасыз» деген тақырыпта сауалнама алып отырамын. Диагностикалық жұмыстар, тренингтер өз нәтижесін береді.
Үйде ата-ана балаға көп көңіл бөле отырып, түрлі жағымды істерге баулу керек. Бос уақытта бірге шахмат, дойбы ойнаса, бір мезгіл кітап оқыса, теледидардан жағымды кинолар көрсе, бірігіп ән салса, сурет салса, қолөнермен айналысса, қандай ғанибет! Баланың жан дүниесіне үңіліп, сыр тартып, тіпті ақылдасып отыруға да болады. Бақытты отбасында бәрі бір- бірін жақсы түсінеді, бір-біріне қолдау көрсете алады, бір-біріне тірек болады, барлық шаруаны бірлесе отырып атқарады. Бұндай отбасында балалардың шаттық күлкісі бірден көзге түседі. Балалар тәрбиелі, тәртіпті, мейірімді, жомарт, саналы, парасатты азамат болып өседі.
Баланы рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу дегеніміз оның бойына адамгершілік, ізгілік, жомарттылық, жауапкершілік, кішіпейілділік, еңбекқорлық, адалдық қасиеттерін сіңдіре білу болып табылады.
Отбасы діңгегі мықты ата- анаға, оның адамгершілік қасиетіне, қалыптасқан қарым-қатынасқа , бір-біріне деген адалдыққа, араларындағы сыйластыққа байланысты. Әр бала өз ата-анасын пір тұтады, сондықтан бала тәрбиесінде үлгі боларлықтай ізгі істермен, бүкіл болмысымен, тіпті жүріс- тұрысымен, өзін-өзі ұстай білуімен, адамгершілікті қарым-қатынасымен ата- ана өз баласына үлгілі тәрбие беруге бар күш-жігерін жұмсау керек.
Бүгінгі бала – ертеңгі ата-ана. Тәрбиелі де саналы ұрпақ – еліміздің көркеюіне, өркендеуіне, дамуына үлес қосатын болашағымыз. Жас ұрпақ болашақта өз елін сүйетін, ана тілін құрметтейтін, өзін-өзі дамыта алатын, өзін-өзі басқара алатын, еліне қызмет ете алатын тәрбиелі, үлгілі, жаны сұлу, рухани-адамгершілігі таза, намысты, ақыл-парасаты жоғары азамат болып тәрбиеленіп шығуы тиіс. Оның осындай тәрбиелі болып шығуына отбасы, қоршаған орта, әлеуметтік орта әсерін тигізеді.
Өзім ұстаздар отбасында тәрбие алдым, сондықтан болар орта мектепті бітіріп, педагог-психолог мамандығына оқуға түстім. Қазіргі таңда он жыл еңбек өтіліммен мектепте еңбек етіп жатырмын. Өз мамандығым өзіме ұнайды. Өз тарапымнан психолог ретінде жұмысымды атқарып отырмын. Жеке кеңес алатын оқушыларыммен жақсы қарым-қатынастамын. Олар менен сырын жасырмайды. Өздерін мазалап жүрген сұрақтарына міндетті түрде жауап алуға тырысады, кеңестерімді пайдаланады.
Менің ойымша, отбасында ата-ана елге қызмет ету жайында үнемі айтып отырса, оны естіп өскен бала ержеткен кезде «Елім үшін мен не істей аламын» деген ойдың мән-мағынасын толық түсіне отырып, саналы, парасатты, елжанды тұлға болып тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз.
«Баланы бұзуға, немесе түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнінде көрген өнеге» — деген сөзден-ақ ата-ана тәрбиесінің күштілігін, бала мінезін қалыптастырудағы ата-ананың ықпалының зор екендігін байқауға болады. Баланың тәрбиесі олардың ата-аналарының күнделікті еңбек іс-әрекеттерімен тығыз байланысты.
Сондықтан отбасы діңгегі ата-ана арасындағы сыйластық, махаббат, түсіністік, бала тәрбиесіндегі ортақ шешім, тұрақтылық, сенімділік, ізгілік, мәдениеттілік, сыпайылық, еңбекқорлық, еліне, жеріне деген құрмет, татулық, адамгершілік қасиеттер деп ойымды қорытындылағым келеді.