Home » Мақалалар » Көркем еңбек арқылы жеке тұлғаны тәрбиелеу

Көркем еңбек арқылы жеке тұлғаны тәрбиелеу

Қай заманда болмасын адамның өмір сүруіне қажетті игілігінің қайнар көзі -еңбек. Еңбек-адам баласының өмірден өз жолын тауып, қалыптасуында шешуші рөл атқаратын күш. Өмір сүру салтымызды ескерер болсақ мектепте мамандық таңдауда оқушылардың мақсатты мүддесіне ықпал ететін пәндердің бірі-көркем еңбек.

Білімнің негізі –тұлғаны дамыту десек  осы пән арқылы  жеке тұлғаны өмірге дайындап, кәсіби мамандық игеруге бағыттап қалыптасуына жол ашамыз. Әр оқушының жеке қабілетін ескеріп, белгілі бір кәсіпке бейімділігін айқындап, соны негізге аламыз. Сол арқылы оқушыларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеп, қызығушылығын оятып, ынталандырып, өмірден өз орнын табуға жетелеу біздің басты міндет.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде мектеп оқушыларының бойына болашақ игеретін  кәсіби мамандығына сәйкес білім қалануы өте маңызды. Көркем еңбек пәнінде теорияны тәжірибемен сабақтастырып, оқушыларды кәсіпке баулу арқылы өмірге бейімдеу  мақсаты көзделеді. Оқушыларға пәндік ғана түсінік берумен шектелмей, оларды өмірге даярлау мақсатын ерте қолға алып, кәсіби бағыт-бағдар беру арқылы жұмыс жасау қай-қашанда нәтижелі болмақ. Осы бағытта әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, тәжірибе жүзінде оқушыларды еңбек жасаудың қыр-сырына төселдіріп,  дағдыларын дамытамыз. Кәсіпке бағыт беру барысында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту басты орында қарастырылып, оларды іскерлікке, ептілікке тәрбиелейміз.

Жалпыға міндетті білім стандартына сай көркем еңбек пәні  болашақ ұрпақты өмірге икемдеу мақсатын көздеп, кәсіби тұрғыда теорияны тәжірибе жүзінде шыңдап, әр адамның еңбек жасай білуінің өмірлік маңызын қамтамасыз етеді. «Ұлттық қолданбалы өнер-оқушылардың шығармашылығын дамытудың негізі» тақырыбында жұмыс жасай жүріп, осы тұрғыда пәнді оқыту барысында оқушылардың шығармашылық, дүниетанымдық, эстетикалық талғамдарын қалыптастырып, қызығушылықтарын арттыру арқылы олардың өмірге бейімделіп, еңбек жасай білуге қабілеттерін арттырамыз. Қолынан еңбек келетін, бір нәрсе істеуге талпыныс жасаған  адамның  қай-қашанда өмір сүруі әлдеқайда жеңіл болары анық.

Көркем еңбек  пәні мұғалімі ретінде оқушылармен ұлттық құндылықтарды ұлықтап, болмысымызды өзгелерге насихаттау мақсатында оқушылардың шығармашылығын дамыту жолында жұмыс жасаймын. Мұндағы басты мақсат бүгінгі ұрпақтың кешегі ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық салт-сана, әдеп-ғұрып, дәстүрдің тамаша үлгісін келешекке жеткізуіне дәнекерлік жасау. Көркем еңбек пәнінде көздеген мақсатқа жету үшін біршама міндеттер қарастырамыз. Құр теориямен балалар ешқашанда табысты нәтижеге жетпесі анық. Сол себепті көркем еңбек сабағында  мектебіміздегі мүмкіндіктер мен жағдайға сәйкес ағашпен, теріден, түрлі табиғи материалдармен жарамсыз болып қалған заттардың қалдығынан , қаңылтырмен, саз балшықпен жұмыс жасап, оқушылардың өзіндік қабілеттері мен қызығушылықтарын жетілдіре білуіне қолайлы жағдай туғызамыз. Пәнге деген  қызығушылығын танытып, айырықша шығармашылық қабілетін  байқата білетін оқушыларымыз баршылық. Оқушылардың сол ынтасын жігерлендіріп, адал еңбек жасап дағдылану арқылы абыройға жетулеріне, болашақта кәсіптің көзін ашып, өз өмірінің бағдарын сол кәсіптен табуға үйретудеміз.

Биылғы оқу жылында көп жағдайда саз балшықпен жұмыс жасауды қолға алдық. Саз балшықтан тұрмыстық қажеттілікке жарайтын дүниелер жасау, көркемдік мақсатында оларды әшекейлеу сынды жұмыстар атқарып, саз балшықпен жұмыс жасаудың қыр-сырын оқушыларға меңгертіп, өз беттерімен еңбек жасауға дағдыларын икемдеп, бағыт берудеміз. Осыған дейін де «Қолөнер –өркениет керуені», «Этностильде қолөнер-ұрпақ арасындағы үндесу алаңы» тақырыптарында мектебімізде ұйымдастырылған қалалық семинарларда саз балшықтан жасап жатқан қолөнерімізді көрсетіп, іс- тәжірибе алмастық.

Көркем еңбек пәнінде оқушыларды жалықпай еңбек жасай білуге машықтандыру арқылы олардың ой-санасын еңбекпен шынықтырып, қолөнер арқылы адамгершілік-рухани жан дүниесін нұрландыру арқылы ізгілікке жетелейміз. Әлі де уақыт еншісінде мектеп оқушыларының еңбек жасау дағдысын одан сайын арттырып, ерінбей еңбек жасай білудің абыройға жеткізіп, өмірлеріне  жарқын жол ашатынын түсіндіріп, қолөнерді дамытуға ұлт пен ұрпақтың жолында үлес қосып еңбек етеміз деген ойдамыз.

Шайза Болатхан
Нұр-Сұлтан қаласы
Ж.Жабаев атындағы
№4 мектеп –гимназиясы
көркем еңбек пәні мұғалім

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.