Home » Мақалалар » Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі – дауларды реттеудің жаңа тетігі

Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі – дауларды реттеудің жаңа тетігі

Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі – дауларды реттеудің жаңа тетігі

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізілді.

Жаңа заңнама мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексімен реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сот жүйесіне жүктемені азайтуға әкеледі.

Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізілгеннен кейін сот өндірісінің әкімшілік іс деп аталатын жаңа түрі пайда болады. Ол қазіргі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің өндірісінен мүлдем өзгеше. Яғни, сот ісін жүргізудің жаңа түрі жеке және заңды тұлғалар мен әкімшілік органдардың арасындағы жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік істерді қарайды.

Дауларды қарау кезінде азаматтардың мүддесінің басым болуына мән беріледі. Бұл жөнінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан, осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу керек» — деп атап өткен болатын.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексін қолданысқа енгізіп, мамандандырылған әкімшілік соттарды құру жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың ерекше тетігіне айналмақ.

                               Н.Нұрбайқызы,
Байқоңыр қалалық сотының бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.