Алғашқы түлектерін түлетті
Батыс Қазақстан облыстық «Дарын» қосымша білім орталығы жанындағы Олимпиада резерві мектебі алғашқы түлектерін ұшырды.
БҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш мектеп 2017 жылы басқарманың бұйрығымен облыс оқушыларының зияткерлік қабілеттерін анықтау, оны дамыту мақсатында математика және физика пәні бойынша ашылып, оған 40 оқушы қабылданған. Мектепте оқумен бірге жүргізілген қорытынды бақылаулар, олимпиадалар нәтижесінде іріктелген оқушылардың 22-сі Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Дарын» қосымша білім орталығының базасында Олимпиада резерві мектебін бітіргендігі туралы сертификаттарын қолдарына алды. Төрт жыл ішінде әртүрлі облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, жүлдегерлері, қатысушылары атанған ұл-қыздар және оларды сессия, сессияаралық кезеңдерде білім нәрімен сусындатқан ұстаздар білім басқармасының алғыс хат, дипломдарымен марапатталды.
Салтанатты жиын соңында Олимпиада резерві мектебінің оқушылары «Жайық дарыны» атты тақтаға өз есімдерін қалдырып, раушан гүлдерін отырғызды.
Ләззат ҚАЖЫМОВ
«Bilim ainasy» БҚО