Қиялы жүйрік Айнамкөз
Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Айнамкөз Рафихова ұлттық мазмұндағы «Зерек» атты үстел ойынын құрастырып шығарды.
Бұнда ойыншылардың қазақ халқының мақал-мәтелдер, ертегілер, жаңылтпаштар, ырым-тыйымдар мен тұрақты тіркестер бойынша білімі тексеріледі.
Алдымен арнайы заңдылықтарға сай ойынның қозғалыс тәртібі, уақыты, ережелері, ойыншылар саны және түрлі бонустар жүйесі ойластырылыпты. Ойын алаңында барлығы 57 ұяшық, олардың арасында тұзақ (от және су), бонус және ақылы ұяшықтар бар. Ойын басталысымен бірінші ойыншы сүйекті лақтырып, өз қадамын жасайды. Ол 100 сұрақ картасының бірін таңдап, оған жауап беруі қажет. Тұзақ ұяшықтарына түсіп қалса, от ұяшығынан Көлтауысар, ал су ұяшығынан Желаяқ құтқара алады. Егер оған қажет кейіпкер түспесе, ойыншы сол ұяшықта қала береді. Керісінше, өзге ойыншының кезегі келгенде 2500 (бонус түріндегі қағаз банкноттар) айыппұл төлеп, өз жолын жалғастыра алады. Мәреге кім бірінші жетсе, сол жеңімпаз атанады.
«Зерек» мазмұнына «суреттегі мақал-мәтелді жалғастыр/тап», «фразеологизм, ырым-тыйым мағынасын ашу, «жаңылтпашты қайталау», ертегілер мен аңыздар бойынша эрудицияны тексеру, жұмбақтарды шешу сияқты сұрақтар кіреді. Автордың айтуынша, нарықта «Қолтырауын», «Монополия» сияқты орыс тіліндегі үстел ойындары көп, бірақ, өкінішке орай, ана тілінде ұлттық мазмұндағы ойындар жоқтың қасы.
– Соңғы уақытта «Қазақ хандығы» атты үстел ойыны пайда болды. Бұл ойын тарихымызды, қазақ еліндегі басқару жүйесін ойын арқылы таныстыруды көздеген. Кітап, фильм секілді ұлттық идеологияны насихаттау құралы ретінде үстел ойынына да орын бар деп ойлаймын, – дейді автор.
Үстел ойындары адамның ақыл-ой, психологиялық дамуына үлес қосып, кішкентай ойыншылардың саусақ моторикасын нығайтады екен. Ойынның тағы бір қызметі ақпаратты қабылдау, ойлау негіздерін, проблемаларды оңай шешу, бүтін мен бөлшектерді ажырату сынды когнитивті дағдыларды дамытады.
Айнамкөз ойынды сыныптастарымен сынап көрді. Ал жуырда жобаның қағаз нұсқасын Орал қаласындағы балалар ауылы тәрбиеленушілеріне таныстырып, сыйлыққа ұсыныпты. Сонымен қатар «Зеректің» электронды нұсқасын дайындалды (https://my.flipbookpdf.net/7k2rP) .
– Үстел ойынының адамға тигізетін әсері, ұлттық мазмұндағы ойынның жаһандану кезеңіндегі маңыздылығы, ойын шарттары туралы қосымша құрал дайындау жоспарда бар. Сонымен бірге «Көкпар», «Қыз қуу» ұлттық ойындарының шарттарына негізделген ұлттық мазмұндағы үстел ойынын құрастырмақпын, – дейді автор.
Айнамкөзге жоба барысында жетекшілері – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жансәуле Мақсотова пен өнер пәнінің мұғалімі Жанна Құлбекова бағыт-бағдар берген екен.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі, Орал қаласы