Дәурен Ержанұлы Мамыхан
№185 жалпы білім беретін мектеп
Директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Тәрбие деген не? Тәрбие кең мағынасында қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын, кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі.
Ұлттың өз мәдениетін жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталған өз тәжірибесі негізінде тануына мүмкіндік бермей билеуші формациялардың белгілеп берген жасанды шындығы негізінде тануына мәжбүр ету ұлттық эволюциялық дамуын тежеп, ұлттық сананың деградацияға ұшырауына апарып соғатыны ақиқат.
Осы негізде кеңестік идеологияға сай келмейді деген желеумен А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, Ш.Құдайбердиевтің өзге де қазақ әдебиетінің аса ірі тұлғаларының әдеби мұраларының қалық жұртшылық назарынан ұзақ жылдар бойы тыс қалуы, мектептерде оқытылмауы ең алдымен осы ұлттық сананың ойсырай түсуіне ықпал етті.
Тәуелсіздігімізді алып, өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол, сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде халықтық тәрбиенің алатын орны ерекше. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады. Осыдан тәрбие тәжірбиесін топтастыру және қорытындылау, арнайы оқу-тәрбие мекемелерін ұйымдастырып жастарды өмірге дайындау арқылы өз Отанын сүйетін патриот, ұлтын сүйетін ұлтжанды, ұлттық рухы биік парасатты, рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, жан-жақты білімді, кәсіби құзыретті, азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға ұлттық тәрбие қажет екенін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр.
Халық педагогикасы – қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға өлмес мирас, өмірлік мұра болып келе жатқан тәрбие жөніндегі, баланы бағып-қағып, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақталған тәжірибесі. Алаш ардақтысы, ұлттық педагогикамыздың негізін қалаушылардың бірі Мағжан арман еткен жаңашылдық пен ұлттық тәрбие мәселелері мектептерде білім беру мен тәрбие жұмыстарында өз жалғасын табуда. Бүгінгі күнге дейін құнын жоғалтпаған Мағжан Жұмабаевтың педагогикасының болашақ ұлтың ұрпағы үшін алатын орны ерекше.
Мағжанның жоғарыда аталған « Педагогика» атты ғылыми еңбегі он бес бөлімнен тұрады. Мағжан өзінің осы педагогикасын он төрт ірі бөлімнен құрып, әр бөлімінде педагогика ғылымын жан – жақты саралап, болашақ ұрпақ тәрбиесін беруде таптырмас көмекші құрал ретінде қалдырған.
Мағжан Жұмабаевтың педагогикасының мақсаты: 1. Ақыл тәрбиесі,
- Құлық тәрбиесі. 3. Сұлулық тәрбиесі. 4. Дене тәрбиесі.
Ағартушы еңбегі төрт бағытта жүргізілді. Оқу, жазуға үйрету, емлеге дағдыландыру, жазбаша сөзді өркендету, баланың ұғымына лайық ауызша және жазбаша әдебиет түрлерімен таныстыру, ұғып дағдыландыру.Автор осы тәрбиенің төрт түрін тәпіштеп түсіндіре келіп, былай дейді: «Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгіл болғаны. Бала берік денелі болса, түзік ойлайтын, дұрыс шешетін , дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп,жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы … Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын…»,-деу арқылы М. Жұмабаев тәрбие мақсатын айқындап берген.
Жастар бойынан ұлттық ерекшелікке тән қасиеттерді көрсем деген ақын болашақ жастарға сенім білдіреді. Мағжан сенген жастар сол сенімнен шыға білу керек деп ойлаймын. Рухани мұрамыз неғұрлым бай болса, алуан арналы болса, өткен мен бүгінгіні ұштастырып, Мағжан атап өткен ұлттық дәстүрге сүйенсек, тәрбиенің мәдени мұралары жарасымды жалғасып жатса, соғұрлым өміріміздің мән мағынасы терең, мақсатымыз айқын, ұлттық идеямыз жоғары, тарихи үлгі өнеге тұтар парасатты ой толғаныстары күшті ұрпақ тәрбиеленуі еш күмән тудырмайды. М.Жұмабаев өз еңбегінде: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»,– дейді.
Адамды бұзатын да, түзейтін де тәрбие екеніне «Педагогика» оқулығында көптеген мысал-деректер келтіреді. Баланың тұлға ретінде қалыптасуына мұғалімнің ғана емес, ата-анасының да тікелей қатысын көрсету мақсатында оқулықтың «Баланың жалпы жаратылысы» бөлімінде автор тарапынан мынадай нұсқаулықтар ұсынылған: «1) бала еліктегіш болғандықтан, баланың ылғи сұлу һәм құлықты әсер алуына ижтһад қылу керек. Әсіресе баланың ата,ана һәм тәрбияшысы — солардың өздерінің барлық істері сұлу һәм үлгілі болуға тиісті. Баланың еліктейтіні солар, және бала тіпті сенімпаз болады. Сондықтан баланы өз күшіне өзін сендіріп үйрету керек. Қолыңнан түк келмейді дей берсең, бала жасқаншақ, жасық болып қалады. Осыдан сақтану керек; 2) бала ешбір уақытта іссіз тұра алмайтын болғандықтан, балаға ылғи пайдалы іс беріп отыру керек. Сол уақытта бала өмір бойы пайдалы іске әдеттеніп кетеді.Ұзын сөздің қысқасы, жас бала — жас бір шыбық, жас күнінде қай түрде иіп тастасақ, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың». Мағжан бала тәрбиесінде жеткіншек ана тілінің қыр-сырын меңгеріп, күнделікті өмірінде оны еркін қолдана білуін де сөз етеді.
Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш-жастар. Олай болса, өмір бойы «алаш» ұранын көтеріп кеткен Мағжан үшін жастардың тәрбиесінің, қайраттылығының орны бөлек. Өз өлеңінде ол жастарға үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан қыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен ер мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. «Мен жастарға сенемін» деп асқақтай сөйлейді. Бірақ біз, жастар, осы ақын ойын ақтап жүрміз бе?- деген сұрақ көкейде тұрады. Өлеңдегі қайраттылық, рух, жігер, табандылық, әділеттілік, бәрі-бәрі тәрбиеден бастау алады. Тәрбиелілікті көрсетеді. Әрине, ондай тәрбиені біз басты ата-анадан, ортамыздан және осы өлеңнен аламыз. Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін! – деп жастарды намыстылыққа, қыздарымызды атақ-абыройларына дақ түсірмеуге шақырады. Жастарды ақиқаттың ауылынан алшақтатпай, ар намысын бірінші орынға қоюға үндейді. Намыс — адам тұлғасының күзетшісі. Мағжан да әділетсіздікке қарсы шығып, ар-намысын алға қойып өмірден озбады ма… Сондықтан осындай Мағжан жазып қалдырған өлең жолына жастарды бағыттау үшін тәрбие керек. Сонда ғана сенім ақталып, білім парасатына сай, жастарымызға елдің ары мен намысын таптатпауға, болашақтың тізгінін жастарға сеніп Алаш атын аспанға шығарар олар бір таңда «Мен жастарға сенемін» – деп Мағжанның өлеңін өмірлік ұран қылып, бойымызға сіңірер едік. Қазіргі уақытта қазақ тілінің болашағы үшін күрес Мағжан идеяларының заңды жалғасы болып табылады. “Жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады”, – дегендей, бүгінгі жастар бұрынғылармен салыстырғанда өзгешелеу. Олардың ой-өрісі, талпынысы, сауық-сайран құруы, былай айтқанда, адами құндылықтары бөлектеу. Бірақ жастар жалпы адамзаттың мәңгілік рухани – адамгершілік құндылықтарының да бар екенін естен шығармаулары қажет. Онсыз жастар толыққанды қалыптаса алмайды. Жастардың санасы мен тұлғасының қалыптасуына әсер ететін жағдаяттар мол. Айталық ол ата-анасы, өмір сүріп отырған ортасы….. Мағжан шығармашылығының қайталанбайтын ерекше қыры – оның тарих туралы толғаныстары. Тарихи сананың маңызды тəрбиелік қуатын көрсете отырып, Мағжан əр адамды толғандыратын, ойландыратын тарихи параллельдерді қолданады. Мағжан үшін ең бастысы – қазақ елі жерінің тағдыры ақын түсінігінде бәз-баяғы жүдеу қалпында. Қазан төңкерісінің даңғаза ұраны мен жалған насихатына ақын иланбады. Сондықтан да ақын ендігі үміті мен арманын жастарға артады.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін! – деп, ақын өзінің ертеңінен үміт үзбейтіндігін, бүгінгі кеткен есені, ұтылысты ертең-ақ «көздерінде от ойнаған, ар-намысты жандарынан да қымбат көретін» жастардың қайтаратындығына кәміл сенеді.
Бүгінгі ұрпақ үшін Мағжан, жастарға артар үміті мәңгілік қазақ елінің өркендеуі, жастардың қолында деген. Отансүйгіштік рухты Мағжан атамыздың поэзиясы әрдайым сөнбес…