«Отан – отбасынан басталады», – дейді бабаларымыз. Яғни, әрбір отбасы адамзат қоғамының шағын бір бөлшегі десек болады. Отбасының мүшелері дүниеге келген сәбидің әуелі тәнінің қалыпты дамуын қамтамасыз етіп, кейін рухани жағынан іркіліссіз жетілуіне сеп болып, оны тұлға ретінде сезінуіне ықпал ету қажет. Сондықтан отбасындағы тәрбие ісі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты. «Педагогика» атты еңбегінде Мағжан Жұмабаев: «Бастапқы кезде жөпшеңді білінбейтін баланың жан тұрмысы бала өскен сайын бірте-бірте біліне бастайды. Сондықтан баланың дене тәрбиесі мен жан тәрбиесін қатар алып бару керек», – дейді. Ақын бұл жерде баланың жанында болатын құбылыстар – ойлауды, қиялдауды, армандай білуді үйретуді айтып отыр. Ал белгілі журналист Нұрлан Сәрсенбайтегі: «Қиялын қиыстырған қияға қонады», – деп, қиялды қиыстырудың шыңға шығаратынын меңзеп көрсетеді.
Ата-аналарға арнап кітап жазған Антон Макаренко: «Бала тәрбиесінде сіздің іс қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз», – дейді. Яғни, тәрбиенің өмірдің әр сәтінде іске асып, балаға тез сіңетінін ескертеді. Жақсы перзент — ата-ананың қолындағы аманаты. Отбасында баланың жан дүниесін рухани тазалыққа тәрбиелеген абзал. Үйде ата-ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да, мектепте де өз ісіне жауапты болады.
Ұрпақ тәрбиесінің ұлт болашағына әсері бар. Егеменді еліміздің ертеңі – бүгінгі жас буын. Осы себепті ұрпақ тәрбиесі үзіліссіз жалғасын табуы қажет. Танымы терең, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін білім мен тәрбие беруде отбасы мүшелері мектеп ұжымымен бірге қызмет етуі керек. Кейін опық жеп, бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға қоғам болып атсалысқан жөн. Бала бақытының кілті – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде. Баланың тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі – отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек деуге болады. Шаңырақтағы күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік мәселелермен етене етіп, оны ересек өмірге бейімдейді. Сондай тіршіліктің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек ету қажеттігін түсінеді. Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді.
Үйде балаларды жазу сызуға, ауызша есепке машықтандыру, оларға қызықты әңгімелер айтып беру сияқты істермен қоса, оларды бір мезгіл үй шаруасымен айналыстырып отырса, бала үшін оның маңызы зор. Бұл ретте бала біріншіден білімге құштар болса, екіншіден ол еңбекке дағдыланады. Ал еңбек пен білім егіз екенін естен шығармауымыз керек. Жас жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады. Дұрыс тәрбие алған бала ата-ананың қуанышы. Балаға дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы жас жеткіншекті еңбекке деген әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру. Мұны тек мұғалімдер ғана емес әрбір ата-ана қолға алып, өз балаларының гүл, ағаш егіп, ауланы көгалдандыру сияқты игілікті іске қатысуын қадағалап отыруы керек. Сонда ғана еңбексүйгіштік қасиет берік дағдыға айналады. Тәртіпті де, тәрбиелі ұрпақтың алғыр болатыны даусыз. Демек, тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру – баршаға міндет. Қоғам дамуының негізгі тегершігі — ата-аналар. Олар балаларының бойынан жат қылық көрсе, бірден мұғалімдерді, жолдастарын, қоғамды кінәламай, «мен баламды тәрбиелеуде қай жерден ағаттық жібердім, баламның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақсы тәрбие беруде неден жаңылдым» деп ойлай отырып жауапкершілікті өзіне алса деп ойлаймыз.
Тәрбиенің от басынан басталатыны сөзсіз. Күнделікті «беті-қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма» деген сөздерді айтуға жеңіл болғанымен, осы сөздердің тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармауымыз керек. Осыдан бала тазалыққа, шыншылдыққа, ұқыптылыққа үйренеді. Баланы адамгершілікке, қарапайымдылыққа, жақсы әдетке, әдемілікке, әдептілікке, жауапкершілікке сөзбен жеткізе отырып тәрбиелеуге болады. «Жақсы сөз – жан азығы» деп бекер айтылмаса керек. Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен жастарға оқу білім беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Сондықтан да Елбасымыз XXI ғасырды “білім жарысының ғасыры” деп атаған. Тәрбиенің мақсаты: пәнді меңгерген оқушы тәрбиелеу емес, ең бастысы Адамды тәрбиелеу. Бүгінгі күні біз – әлем халқы жаңа дәуір, жаңа ғасыр – жаңа мыңжылдыққа аяқ бастық. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» – деген сөзі бар. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді. Бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастырады.
Еліміздегі әрбір отбасында тек қазақша сөйлессе, қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейеді. Мемлекеттік тілді тұғырына қондырудың бір тетігі осы болса керек. Отбасында дүниетаным, түсінік, ұлттық рух, сенім секілді түсініктерді ана — тілі арқылы сіңіру қажет. Бабаларымыздың сарқылмас мол рухани қазынасынан сусындаса, өзіміздің дәстүрлі ұлттық дүниетанымымыздың арнасында әлемдік өркениет жетістіктерін игеріп терең меңгерсе, есе жібермейтін дәрежеге жетеді. Міне сонда ел ретінде өз тұғырымызда нық тұрамыз.
Қазақ халқы баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына, арманына айналдырған. Сондықтан да халқымыз «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», деген асыл сөз қалдырған.
Отбасында тәрбие ісімен айналысу үшін, ең алдымен ата-ана өз өмірін, өз ісін дұрыс ұйымдастыра білуі қажет. Баланың көп уақыты сәби шағынан бастап отбасында өтеді. Оның өмірін, іс-әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып, реттеп отыру үшін қажетті жағдай керек. Ал жағдай ұтымды күн ырғағы негізінде жасалады. Күн ырғағы – бұл өмір тәртібі. Ал бала өз міндетін қашан да орындауға тырысады. Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін-өзі қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез – құлықтарды байқайды. Сондықтан ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап баланың жан дүниесіне оң әсер ететін іс-әрекеттерді дағдыға айналдыру керек. Баланы мектепке апарып алып қайтар жолда сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары жайлы ой пікірімен бөліскісі келеді. Балаға уақытым жоқ деп тиып тастамай, сұрақтарына жауап беріп өз пікіріңізді ортаға салсаңыз ол баланың ойында дұрыс пікір қалыптастырады.
Нұрлан Сәрсенбайтегі: «Ұл тәрбиесімен ұлтты, қыз тәрбиесімен көпті тәрбиелейміз», – дейді. Ендеше отбасылық тәрбие отбасы мүшелерінің ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан моральдық-психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі тікелей ықпал етеді.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- дейді әл-Фараби. Қорыта келгенде, жас ұрпаққа тәлім тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы ата-аналар болып қолға алсақ, болашағымыз жарқын болмақ. Жалпы, баланы отансүйгіштікке баулып, ұлттың салтын құрметтеп, бабалар дәстүрін ардақтайтын ізгі адам етіп тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.
Самұрат Молдашов,
Әбдікәрім Оңалбаев атындағы № 117 орта мектеп
КММ-нің директорының тәрбие ісі орынбасары,
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы,
Т.Жүргенов ауылы.