Жаңа Кодекс заңдылықты нығайтады
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі 2021 жылдың бірінші шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары заңдылық қағидаты, әділдік қағидаты, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, құқықтар басымдығының қағидаты, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, анықтық презумпциясы, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі болып табылады.
Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексімен реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
Ел Президенті әкімшілік әділет құрылымын енгізуге қатысты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан, осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу керек» — деп атап өткен болатын.
Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге ықпал етеді.
М.Алтыруова, Байқоңыр қалалық сотының бас маманы