М.Қозыбаев атындағы Солтүстік
Қазақстан университетінің
ІІ курс студенті Есмахан Сая
ОСЫНДАЙ ӘКЕ КЕРЕК ПЕ?
Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,
Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,
Жақсы әкесін бере ме басқа бала.
Ф.Оңғарсынова
Әке — дүниедегі ең жақының, сенің қамқоршың. Әкең жақсы болса тәңірдің саған берген сыйы, басыңдағы бағың. Ал жаман болса… Жоқ, жаман әкелер болмасыншы.
Біздің халықтың менталитетінде әке отбасының тірегі, кішкентай мемлекеттің басшысы. Отбасыдағы әкеге деген көрсетілетін құрметті сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Әкеңе айтам» деп баласын жаман әдеттен аулақ болуға тәрбиелеп, осы сөзбен қорқытушы еді аналарымыз. Ақылды әйел «Әкең келе жатыр!» «Қазір әкелерің келеді! «Әкең ренжиді», «Әкеңнен сұран» деген сөздерді жиі айтуы арқылы бала санасына әкеге деген ерекше құрмет пен сыйластықтың ұрығын егеді! Бұл қағаз бетіне түспегенмен, ел жадында жатталып, қанға сіңген дала заңы. Осы бір ереженің ғасырлармен қанаттасып, дәуірлермен үндесіп, заманамен тілдесіп келе жатқаны жанды жадыратады. Әкенің бітім-болмысы осыдан-ақ көрінеді.
Алайда қазіргі таңда әкеге деген көзқарас пен құрмет өзгерді. Бұл әкелердің іс-әрекеттерінің әсерінен бе әлде адамның ой-сананасының өзгергенінен туындады ма? Өткенге көз салып, баласын тыңдата білген, әкені сыйлай білген перзенттерді саралап өтейік. Бәрімізге белгілі Абай мен Құнанбайдың қарым-қатынасы қандай еді. Олардың арасындағы ашық әңгіме, бүкпесіз сырын айта білу қазіргі таңда жоқтың қасы. Қазір әкенің балаға қарайтын уақыты да жоқ. Құнанбайдың баласын оқудан шығарғаны ел билігіне араласып, өмір көрсін дегені еді. Осындайда «бір әкенің тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды»,- деген аталы сөз ойға оралады. Адамның өмірде орын алып жатқан оқиғалар мен басынан өткен жағдайлардан сабақ алу арқылы, ой-санасы жетіліп, ақылы толысады. Баланың кітаптан «әке-шешені сыйлау керек деп» ережені оқығанынан не пайда? Егер ол шын мәнінде анасына дауыс көтеріп, әкесінің сөзін жерге тастайтын болса?! Қарап тұрсаң, қазақта қате айтылған сөз жоқ-ау дерсің?!
Осы бір әңгімені білмейтін жан жоқ шығар. Жердегі ескі тағаны алмаған бала мен оның ақылды әкесі. Есіңізге түскен болар? Тағаны үш тиынға өткізіп, түскен пайдаға шие сатып алған еді. Баланың шиені жерден бірнеше рет алуын көздеген әкесі әдейі жерге тастайды. Соңында айтылған ақылдың мәні қандай, шіркін! Әрбір адам айтылған ақыл, кеңесті тыңдап жадынан шығармау керек.
Бауыржандай батырды тәрбиелеген Момышты да айта кеткен жөн.
Әкем өз бетінше талпынып жүріп ескіше сауатын ашып алыпты.Содан өле-өлгенше өз бетінше оқып-тоқыған адам. Тіпті орыс алфавитін де ежіктеп шығара беруші еді. Жас күнінде ағаш ұста болыпты, етікші де атаныпты, тәуіпшілдігі де бар екен. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген.
Бауыржан Момышұлы өз әкесін «Ұшқан ұя» шығармасында осылай сипаттаған болатын. Тіпті өздері тұрған ауылдың атын Момыш ауылы деп айтатыны оқырман қауымға белгілі. Осыдан-ақ бала тәрбиесіндегі әкенің орнының қандай екендігі көрінеді. Мән мен мағынаға толы, дәлме-дәл тура айтылған пікірлері, сөздері бізгеде, бізден кейінгі келер ұрпаққа да азық болары сөзсіз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген даңқты батырдың, жаужүрек жауынгердің бұл сөзін естен шығармағанымыз жөн.
М.Шахановтың Отырар атты поэмасын білесіз бе? Осы бір дастаннан үзінді келтіру арқылы әкенің рөлінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейін.
Бұл баланың әкесi бip нар тектi
Адам едi елге сыйлы, зиялы,
Адам едi адал, ұшқыр қиялы.
Әкесi үшiн перзентiне cенiп ем.
Бұл Қайыр ханның сөзі болатын.Отырардың қақпасын ашып берген сатқынды Қайыр ханмен қоса Шыңғыс ханға алып келді. Шыңғыс хан сендей Отанын сатқан тірі өліктің мені сатуы түкте емес деп, өлтірмекші болғанда Отырардың ханы араша түседі. Шын мәнінде Қарашоқыны өлтіруді дұрыс әрекет дер едім. Қаншама ай бойы дес бермей, ауызбіршілігімен жанын аман сақтап отырған халықтың өмірін өлімге айналдырды. Ондай сатқындықты кешіру мүмкін емес. Қайыр хан оны өлтірместен бұрын әкесін шақыртуды сұрады. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық»-дейді халқымыз. Тіпті Қайыр ханның өзіне де сатқынды өлтіруге болар еді. Алайда әкесін сыйлағандықтан осындай шешім қабылдады. Жалпы қазақ халқы жетімін жылатпаған, «Пәленшенің баласы ғой, менің құрдасымның баласы ғой» деп балаға қарайласып, қамқорлық көрсеткен. «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» деген даналық сөз осыдан қалса керек.
Өмірде тек жақсылықтар ғана болмайды. Өмірде адам боп жаратылғанның барлығы бірдей жақсы емес. Кез келген заттың өзінің пайдасынан бөлек зияны да бар.
Өз перзентіне жамандық жасаудан тайынбайтын әкелер де бар?! Ондай адамдарды «әке»деп айтуға бола ма деп те ойланамын.Неге десеңіз, бала ата-анасынан басқа кімге керек? Әкесі мейіріміне бөлеп, анасы өз қамқорлығына алмаса ата-ананың бөтен адамдардан қандай айырмашылығы бар?! Бір кісіні сөз еткенде әжем: «Әкенің жақындығы жездедей-ақ деген осы ғой»-дйтін. Мен әжемнің жүзіне таңырқай қарадым. Ол кезде кішкентаймын, айтылған сөзді сараптап, ой таразысына салу дегенді білмейтін шағым. Күнде еркелетіп, сенің бар болғаның үшін қуанатын, жылағанда жұбатып, «қызым жесін, кисін, көрсін» деп барын аямайтын әкенің орнын бөтен жезде қайдан басады? Расында өмірде болған оқиға, жағдай адамға ақыл қосып, тәрбиелеп, тіпті көзқарасын да өзгертеді. С.Көбеевтің «Қалың мал» туындысын оқығанда, «ондай адамның» қызы болмағаныма шүкір дедім. Қазіргі заман ондай әкелердің жоқтығына, бойжеткен де жігітте жарын өзі таңдайтынына қуандым.
«Егер Ғайшажанды айттыра келген болса, он құлынды бие сұрасам ба екен болмаса таза мың теңге ақша сұрасам ба екен. …Қой ақшадан да он құлынды бие дұрыс болар, бес-алты жылда құдай бұйырса жүзге тарта жылқы болмай ма?» Бұл- Итбайдың сөзі. Қанша жерден қалың малын бергенмен, кімге беретініне мән беру керек қой. Осы сәтте айта кететін дүние әкенің арамдығы, пайдакүнемдігі ғана емес, әйелдің сөзінің елеусіз қалуы, жалпы ауыл тұрғындарының дұрыс емес түсініктері. Көркем шығармадан оқыған дүниеде де қоғамның ащы шындығы жатыр.
Алайда, заманымыз түлкі, өзіміз тазы болғанымыз рас. Туған әкенің қорлық-зомбылығынан артық қасірет бар ма? Өз қызын зорлаған қатыгез әке 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазіргі таңда педофил әкелердің көп болуы заманымыздың азып-тозуына әкеліп отыр. Отбасындағы солқылдақ тәрбиенің салдарынан, ұрпағымыз азып жатыр. Қыз әкесіне еркелемесе, қызына қамқорлық жасамаса, басқаның жамандығынан қорғамаса несіне әке ол? Тіпті осындай жағдайлар көбейіп жатқанда, біз «жетімдер үйін» қалай азайта аламыз? Өз қызына дұрыс тәрбие беріп, жоқ тәрбиені қойшы. Өзі адам деген атқа лайықсыз ер азаматтар өзгенің баласын өз баласындай көре ала ма, оны да өз рахаты үшін пайдаланбасына кім кепіл? Жаға ұстатарлық жаңалықтардан көз ашпай келе жатырмыз. Сонда дін жолын ұстанбасақ мұсылмандығымыз қайда, ұят болады деп үйрететін тәрбиеміз қайда?! Титтей де болмасын ұят жоқ па сол адамның бойында? Не деген сұмдық жағдай деп, естігенде шошисың. Сонда әке отбасына тірек, қызына сүйеу болмаса ол отбасына не үшін керек?! Бұндай да әкеңнің бар болғанынан жоқтығы дұрыс-ау.