Муталив Серикгул
Қарағанды облысы
Абай ауданы
Самарка жалпы білім беретін
мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
«Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін
заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған
50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін-білім.»
Н.Ә. Назарбаев
Сабақта қолданылатын рефлексия қазіргі заман мұғалімінің кәсіби біліктілігі мен педагогикалық құзіреттілігінің негізгі компоненттерінің бірі болып табылады. Рефлексия сөзі латын тілінде reflexio-кейінге айналым мағынасын білдіреді. Ал педагогика саласында рефлексия сөзі іс-әрекеттің өзіндік талдауы және оның нәтижесі дегенді білдіреді.
Оқушылардың ой-өрісінің дамуы оқу үрдісі кезінде болады, ол оқушылардың өз бетімен білімін толықтыруы мен өзін-өзі дамытуды қамтиды, бұл екеуі де рефлексиясыз жүзеге асуы мүмкін емес. Мұғалім рефлексия арқылы алынған нәтиженің «дұрыс» не «бұрыс» болғанын дәлелдеп, қолданылған әдіс-тәсілдерінің тиімді не тиімсіз болғанын анықтап, орындаған іс-әрекетін зерделейді және соның нәтижесінде келесі сабақ жоспарын құру барысында қолданған әдіс-тәсілдерінің тиімді немесе тиімсіз болған тұстарын ескере отырып жоспарлайтын болады. Оқыту барысында рефлексияның әртүрлі формаларын оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып қолдануды мақсат етіп, ол сабақ соңында асығыс атқарыла салмай, оқушыға байыппен ойлануға мүмкіндік беретіндей етіп ұйымдастырылуы тиіс. Менің ойымша бастауыш сынып оқушыларына өзі жасаған әрекеттеріне ауызша баға беру, суреттер салу сияқты рефлексия түрлерін қолдананған тиімді, ал орта және жоғары сынып оқушылары сабақтарда кестелер, диаграммалар, эссе жазу сияқты рефлексивті жұмыс түрлерімен айналыса алады.
Мұғалім рефлексияны оқушының өткізген уақыты, орындаған жұмысы жайлы айтқысы, ойымен бөліскісі, ол жайлы қағазға түсіріп немесе басқаша суреттей алатындай етіп психологиялық ахуалды ескере отырып жасау керек. Рефлексияны әртүрлі әдіс-тәсілдермен сабақтың әр кезеңінде: тақырыптың соңында, сабақ бөлімдерінен кейін және тарау соңында жүзеге асыруға болады. Кері байланысты түрліше өткізуге болады. Олар өз-өзіне рефлексия жасау түрінде, топтық рефлексия түрінде, әңгімелесу түрінде т.б. Кері байланысты ауызша және жазбаша да жүргізуге болады.
Кері байланысты ұсынғанда немесе алғанда мынандай ережелерді ұстанған дұрыс:
— Позитивті болу
— Бағалаушы болмау
— Кеңес бермеу тек ұсыныс жасау
— Ынталандыруға ұмтылу
— Сыпайы болу
— Көмектесу, жәрдем беру
— Тең ұстау
— Сәттілікке бағыттау
Рефлексияның төмендегідей түрлері бар:
I.Мақсатына қарай: Эмоционалдық жағдайдың рефлексиясы, іс-әрекет рефлексиясы және оқу материалының мазмұнының рефлексиясы деп бөлінеді.
1.Көңіл-күй және эмоционалдық жағдайдың рефлексиясы. Көңіл-күй мен эмоционалдық жағдайды анықтауға арналған кері байланыс. Сабақтың басында және аяғында адамның көңіл-күйі бейнеленген карточкалар, көңіл-күйді білдіретін түстер т.б. қолдануға болады.
- Іс-әрекет рефлексиясы. Жеке жазба жұмыс рефлексиясы. Оны үй тапсырмасын сұрау кезінде қолдану тиімді. Сабақтың аяқталған кезеңінде іс-әрекеттік рефлексия тәсілі арқылы сабақ барысында әр оқушының белсенділігін бағалау мүмкіншілігін береді. Оқушыны өз бетімен сараптауға, талдау жасай білуге үйретеді және қызығушылық негізінде шығармашылық бағытының тұрақталуына, кемшіліктерді жоюға, жауапкершілікпен қарауға бейімдейді.
- Оқу материалының мазмұнының рефлексиясы. Оқу материалының мазмұнының рефлексиясы адам өз іс-әрекетін саналы түрде ой елегінен өткізіп, оларды білуге, өзіндік дұрыс сезінуге көмектеседі. Оқу материалының мазмұнын еске түсіру, санадан өткізу, оның мәнін, түрін, өзекті мәселелерін белгілеу, шешу жолдарын анықтау.
ІІ. Мазмұнына қарай:Ауызша және жазбаша деп бөлінеді.
ІІІ. Тұлғалық: Физикалық (үлгердім-үлгермедім) және сенсорлы (қызықты-қызықсыз), рухани (жақсы сезіндім –жаман сезіндім) және интелектуалдық (түсіндім-түсінбедім) деп бөлінеді.
ІV. Сабақтың түріне қарай: ББД қалыптасуынан кейін, аралық рефлексия, бақылау рефлексиясы және қорытынды рефлексия деп бөлінеді.
- Өту әдісіне қарай: Анкета, сұрақ, кесте, жағдаят, сурет және симбол деп бөлінеді.
VІ. Іс-әрекетіне байланысты: Фронталды, жеке, топтық және ұжымдық деп бөләһінеді.
Рефлексияға үйрету кезеңдері:
І. Өз көңіл-күйін, жетістіктерін талдау.
ІІ.Сыныптастарының жұмысын талдау.
ІІІ.Топ мүшелерінің жұмысын талдау.
Сабақта қолданылатын рефлексия түрлері
- Көңіл-күй және эмоционалдық жағдайдың рефлексиясы. Осы рефлексия түріне жататын бірнеше әдіс-тәсілдерге тоқталсам.
- «Пейзаж–көңіл күй айнасы». Әр оқушыға табиғат пейзажы бар сурет таратылады. Мұғалім оқушыларға суретте өзі қалаған жерді көрсетіп, ағылшын тілінде бірнеше сөйлеммен түсіндіруді ұсынады.
- «Түсті карточкалар». Оқушыларға көк және қызыл түсті екі карточка беріледі. Мұғалім сабақ басында және аяғында қалаған карточкасын көрсетуді сұрайды, бұдан оқушының көңіл күйінің өзгерген немесе өзгермегенін білуге болады.
- «Смайликтер» арқылы көңіл-күйін білдіру.
- «Күншуақ». Оқушылар барлығын түсінсе күнді, жартылай түсінсе – күн мен бұлтты, ештеңе түсінбесе – бұлтты таңдайды т.б.
- Іс-әрекет рефлексиясы. Рефлексияның бұл түрі негізінен жеке жазба жұмыс рефлексиясы болып саналады. Бұл жұмыс сабақтың соңғы этапы, қорытынды ретінде орындалады. Өткізу түрі – тестілер, шағын шығарма, эссе, кесте, досыма хат, тірек сызба. Әдіс-тәсілдерге тоқтасам:
- «+; — ; қызықты». Оқушылар бір жағында (+) белгісі бар, қандай сұрақтарға жауап алғанын жазады, келесі бетінде (-) белгісі, қандай сұрақтарға жауап алмағанын және қызықты болған мәліметтерді жазады. Оқушылардың жауабы келесі сабақтың міндеттерін қоюға септігін тигізеді.
- «Телеграмма». Сабақ соңында 10-15 сөзден тұратын сол сабақ туралы ата-аналарына ағылшын тілінде телеграмма жазу ұсынылады. 2-3 минут телеграмма құруға беріледі, содан соң барлығы өз телеграммаларын оқып жалпы қорытынды жасалады.
- «Өзіме хат». Хат жазу дағдысын дамытуға септігін тигізіп, оқушының өзіндік талдау жасауына ықпал етеді. Сабақта не өткені туралы өз-өзіне хат жазу тапсырылады, оқушы жазбаша түрде талдау жасайды.
- «Эссе». Ой толғау т.б.
- Оқу материалдарының мазмұнының рефлексиясы. Оны мұғалім оқушылар өткен материалдың мазмұнын қалай түсінгенін анықтау үшін қолданады.
- «Аяқталмаған сөйлем» тәсілі (тезис).
- «Сабақ мақсатына жету» рефлексиясы.
- Think wane (синквейн) 5 жолдық
- «Табыс сатысы» әдісісінде сатының суреті беріледі.
- «Ақылдың алты қақпағы» материалды әр түрлі қырынан сипаттайды.
Рефлексияның оқушыға беретін мүмкіндіктері:
- Өз ісіне есеп беріп өзін реттеуге дағдыланады.
- Ойлауға, сөйлеуге, өзін-өзі дамытуға еркін қол жеткізе алады.
- Сыни көзқарасы қалыптасады.
- Бақталастыққа түсе білуге, шешім қабылдай білуге үйретеді.
- Өз бетімен білім алуын, шығармашылық қабілетінің дамуын қалыптастырады.
Рефлексияның мұғалімге беретін мүмкіндіктері:
- Сабақта оқушының ой-пікірін, көңіл-күйін білумен қатар сабақ мазмұнын қай деңгейде меңгергенін анықтай алады.
- Оқушының қажеттілігін біле алады.
- Оқу мен оқытудың қалай жүріп жатқандығын, оның сапасын анықтауға мүмкіндік береді.
- Келесі сабақтарға тыңғылықты дайындалуына, шығармашылқ қабілетін арттырға мүмкіндік береді.
- Білім беру сапасын жақсартады.
Қорытындылай келгенде, рефлексия – көп қырлы, кіріккен әрекет. Бұл әрекет оқушының психикалық қызметінің өзгеруіне ықпал етсе, ал мұғалімнің кәсіби әрекетін жоғары шығармашылық деңгейде жүргізуіне көмегін тигізеді. Рефлексия, яғни кері байланыс – нәтижелі білімнің жоғары көрсеткіші екенін бүгінгі күндегі оқушылардың жеткен жетістіктері арқылы толық сеніммен айта аламыз. Рефлексия ХХІ ғасырдың талабына сай адамның негізгі үш қасиетін өз бетімен білім алу, шешім қабылдай білу және бақталастыққа түсе білуін қалыптастырады. Дұрыс жасалған рефлексия оқушыға да, мұғалімге де алдағы жұмысында жақсы нәтижеге жетуге жол ашып, шығармашылық қабілетін дамытып, білім сапасын жақсартады.
Пайданылған әдебиеттер:
- Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші басылым-2012 жыл
- «Оқытудың нәтижелерін бағалаудың әдістемесі» — Зулкашева Ш.М Орал 2013 жыл
- «Біліктілікті арттыру курстары-үздіксіз кәсіби дамуға жаңа серпіліс» Қарағанды 2014жыл
- Мектептегі шет тілі. 2011жыл.
- Мұғалімге арналған нұсқаулық (6 бет) Стронг,Уард, және Гранттар (2011)