Home » Мақалалар » Менің бала тәрбиесіне көзқарасым

Менің бала тәрбиесіне көзқарасым

Муканова Гулнур Жеткизгеновна
«Атырау облысы дарынды балаларға арналған
Жылыой лицей-интернаты» КММ
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

«Бала тәрбиесі басты байлығың,
Кешіксең көретінің қайғы-мұң»
 (Абай)

        «Арман» деген арғымақты ерттеп мініп, «қиял» атты қарлығаштың қанатына мінгесіп жылдамырақ ержетуді армандайтын күндерім кеше ғана сияқты еді. Көзімді жұмып алып дәрігер, мұғалім, тәрбиеші болғым келетін, келесі күні «шіркін-ай, сатушы болсам ғой!» деп арманға бой алдыратынмын. Бірде сахнада ән шырқап тұрған бейнемді көз алдыма елестетсем, бірде теледидардан жаңалықтарды хабарлап отыратынмын.  Әйтеуір қиялым бірінен бірі асып түсіп жататын… Мектеппен қош айтысатын күндер жақындаған сәтте мына жарық дүниеде арманды алдан қиялдататын, санаға ақыл ұялататын, ілмейтінді ілдіретін, білмегеніңді білдіретін, әр кезде өзгелерді аялайтын, ақыл-кеңесін жаттан да аямайтын, өмірді ұғынуыңа себепкер болатын, тірлікке кіруіңе көмекші болатын, бықсытпай жандыратын, тұлғасын әр адамның санасына қалдыратын, мен үшін әлемдегі ең таза, нәзік әрі мөлдір мамандық – мұғалім болуды қаладым.

Біз көбіне білім беруді жиі айтамыз да, баланың тәрбиесін, жан дүниесін қаға берісте қалдырып жүргендейміз. Осы орайда Эрма Бомбектің «Бала кемшіліктерге бой алдырған сәтте сіздің сүйіспеншілігіңіз бен көмегіңізді ауадай қажет етеді» – деген сөздері еріксіз ойға орала береді.   Сондықтан  педагог мамандарға жүктелген қарыз бен парыз – ұрпақты өрелі етіп шығару. Басты мәселе – оларды жан-жақты дамыған тұлға дәрежесінде тәрбиелеу.                         Ел алдындағы жауапкершілігін ұғындыру, өзін-өзі тануына жол ашу.

Мұғалім болу – абыройлы міндет. Мен өзімді  адамзат жанының бағбаны  ретінде сезінемін. Әр адамның жүрегіне ізгілік нұрын сеуіп, оны жақсылыққа, адамгершілікке баулып жүргеніме қуанамын. Әсіресе, мектеп оқушылары үшін мұғалім  ерекше, ешкімге ұқсамайтын, үлгі тұтар  тұлға болуы тиіс. Сенің әр сөзің, іс-әрекетін, қимылың оның жанына тым жақын, аса ыстық. Осылайша, кішкентай жүректері мен деп соғып, менің әр сөзімді бағып, менен көздерін айырмай қарап отыратын періштелердің махаббатына бөленіп, олар үшін сүйікті ұстаз болып жүрген кездерімді  сезінген сайын осы мамандықты  таңдағаныма өзіме қатты риза болып кетемін. Менің сатушы, дәрігер, әнші, тележүргізуші болып кетуім де мүмкін еді ғой. Ол кезде маған мұндай бақыт бұйырар ма еді?!

Демек, сол бақытты маған сыйлаған балалардың жан-жақты дамыған, өмірге құштар, сезімі нәзік, ой-өрісі кең, «сегіз қырлы, бір сырлы», бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына, олардың тек ата-анасының ғана емес, бүкіл еліміздің мақтан тұтар азаматы болып өсіп шығуына өз үлесімді қосу  үшін неге еңбек етпеске?! Неге олармен бірге қуанып, олармен бірге ренжімеске?! Олардың әрқайсысын өзімнің  баламдай көріп, өмірі, болашағы  үшін  неге  алаңдамасқа?!

Ендеше, іске сәт! Неден бастайын? Ең алдымен, өзімді  сол сенімге лайық болудан. Олар маған қарап, үлгі алуға тырысса, жүрек түкпіріндегі бар құпиясын, ішкі сырын маған сеніп ашса, менің қателік жіберуге   қақым жоқ!

Екіншіден,  менің өткізген, ұйымдастырған әр іс-шаралар, жобалар, сынып сағаттары   үлкен дайындықпен, олардың көңілінен шығатындай, әрқайсысы  шәкірттерімнің бойына кем дегенде бір жақсы қасиет дарытатындай болуы тиіс!

Үшіншіден,  әр оқушымның жүрегіне жол тауып, айламен емес, ақылмен бойлау! Себебі олар жасандылықты, жалғандықты бірден сезеді. М.Жұмабаев айтқандай «Тәрбие деген – баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес, яки отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көр бала қылып өсіру де емес. Баланы тәрбиелеу- тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білу».

Төртіншіден, шәкірттердің тап-таза  жүрегін лайламай, кірлетпей,  қабағына кірбің түсірмей, оларды да тыңдай білу, ой- пікірімен санаса отырып, шектен шығармай-ақ, еркін тәрбиелеп өсіру.

Міне,  осы талаптарды орындап, әркез жадымнан шығармасам, жақсы  мұғалім бола білгенім. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, ой-өрісі озық етіп тәрбиелеу – менің  де қоғам алдындағы борышым.  Баланы тек жақсылыққа  – қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтсам,  баланың да, менің де  болашағым   жарқын  болмақ.

«Мен үш қасиетімді мақтан тұтам», – депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. Бұл үш қасиет – әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» – деген екен. Шындығында, бұл ақиқат  деп ойлаймын.  Олай болса, жас ұрпақты тәрбиелеуде Ақан сері атап көрсеткен үш қасиет менің бойымнан да табылып жатса құба-құп. Әрине, менің  жолымда  сан алуан кедергілер болуы мүмкін.  «Болашағын»  тапсырған халқымның сенімін абыроймен ақтау үшін  «Бала тәрбиесі жатпай-тұрмай үздіксіз ізденуді, тынбай еңбектенуді, қажыр-қайратты болуды  талап етеді. Бұл жолда әрбір сәт қымбат» – деп  А.П. Чехов айтқандай,  мен де әр сәтімді  қалт жібермей, бала тәрбиесі сынды асқақ та жауапты  міндетке бар ақылымды, тәжірибемді, күш-жігерімді жұмсауға, мөп-мөлдір мамандығымды кірлетпей атқаруға дайынмын!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.