Жетибаева Сайраш Балтабековна
Ақмола облысы
Целиноград ауданы
Талапкер ауылының жалпы
орта білім беретін мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Ұстаз! Осы бір сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші?! Бұл жалғанда ұстаз алдынан өтпейтін жан кем де кем шығар… Әрбір бүлдіршіннің қолына қалам ұстатып, әріп танытатын, білім нәрімен сусындатып, өнердің сан қырынан хабардар ететін ұстаз еңбегі ұшан-теңіз-ау. Ұстаз адамзат қауымын тек білім кемесіне отырғызып қана қоймайды, ол жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге үйретеді, көкірек сарайына сезім сәулелерін құяды. Ол алдындағы сан мың оқушының бәрінің де келешекте жақсы азамат болып өсуін қалайды және сол үшін аянбай тер төгеді. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп ақиық ақын Мұқағали айтқандай, осы «тарыдай ғана кезіңде» ұстаз алдына барып, оның сусындатқан білім нәрімен қоса ізгі қасиеттерін бойыңа сіңіріп, өмірге қанаттанып та кетесің.
Ғалым да, шахтер де бас иетін
Ұстазым, бар сенің қасиетің,- деген екі ауыз өлең жолынан-ақ үлкен мағына анық көрінетіндей. Шынында, ұстаз алдынан өтпейтін адам жоқ. Мейлі әлем сырын ашқан ғалым бол, мейлі жезтаңдай әнші бол, не болмаса ұшқыш, дәрігер бол-бәрібір сен ұстазға қарыздарсың.
Шіркін, аяулы ұстаз! Сан мыңдаған шәкіртті біліммен сусындатамын деп, дүниетанымын кеңейтіп, көкірек сәулесін оятамын деп жүріп-ақ самайыңа ақ кіргенін білмей қаласың-ау. Өзің қалдырған із миллион адамның жадында неге сақталмасын? Сенің асыл бейнең адамзаттың әркез көз алдында емес пе! Бір өзіңе қадалған осынша оқушының алдына барып: «Сәлеметсіңдер ме, балалар!» деген бір ауыз сөзді айтудың өзі ғанибет екен-ау. «Ұстаз» деген сөздің өзі жаныңа шуақ құятындай. Ең алғаш рет «апай» деген сөзді естігенде көңілің гүлге бөлініп, бойыңды қуаныш кернеп кетерін біз басқа түспей сезіне алыппыз ба!? Кездейсоқ естіген «апай» сөзінен мектеп қабырғасында оқушы аузынан естігеннің өзінде бір құдірет жатқандай. Осының бәрі ұстаз деген ардақты атқа ие болсам деген балалық ниеттен туған секілді. Міне, осындай сәулелі сезімдерді мектеп қабырғасында өткізіп жүрген ұстаздық жолымда сезінгендеймін.
Өмірдегі көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық — ұстаздық мамандық. Өйткені, мұғалім біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Бүгінгі ұстаз шәкірттеріне ғылым негіздерінен білім беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүре алуға тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, ол атақты арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана ұстазды небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені, қазіргі жас буын – еліміздің болашақ келбеті. Сондықтан ұстаз алдындағы басты міндет – дүниежүзілік мәдениетті танитын, төл мәдениетін құрметтей білетін, рухани дүниесі бай, интеллектуалдық өрісі кең, жан-жақты ақпараттандырылған, алған білімін заман талабына сай кез келген жағдайда қолдана алатын, білім алуға құштар ұрпақ тәрбиелеу.
«Дала коңырауы» данышпан Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім –мектептің жүрегі» деген сөзді айтқанына, міне, бірнеше ғасыр өтіпті. Дана мұғалім еліміздің ертеңгі болашағына бағыт-бағдар беріп, жас ұрпақтың рухани өсіп-өнуіне үлкен жағдай жасағаны ақиқат. Әр баланың көзін ашса, сарқырап кететін бұлақтай туа біткен дарыны және қабілеті болады. Әр оқушы – зерттелмеген бір құпия әлем, сол құпия әлем қақпасының кілті – тек мұғалім ғана бола алады. «Сол ғажайып кілт менде де болса ғой» деген арман жетегіне жетелеуге мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген мұғалімім Қанафина Зибагүл апайдың әсері болды ма деп ойлаймын. Мамандықты таңдау кезінде соған сәйкес білім алу тек оның бастамасы ғана. Ең бастысы – ұзақ жолдан өтіп, нағыз мамандық иесі болу үшін көп еңбек етуді қажет етеді.
Менің мақсатқа айналған арманыма жетудегі баспалдақтың бірі ─ Рудный әлеуметтік гуманитарлық колледжін 2005 жылы аяқтауым. 2017 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін аяқтап, жоғары білім алдым. Еңбек жолымды Ақмола облысы Талапкер ауылындағы «Талапкер орта мектебі» ММ бастап, бүгінгі таңда сол мектепте еңбек етудемін. 1-сынып оқушыларына сабақ беремін, жетекшілік етемін. 2009 жылы екінші санат, 2015 жылы бірінші санат, 2019 жылы педагог-сарапшы санатын алдым.
Әдістемелік тақырыбым: Сын тұрғысынан ойлауға үйретуді тиімді қолдану.
Мақсат: оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын қалыптастыру.
Міндет: ой-өрісінің кеңеюіне мүмкіндік туғызу.
Көп ізденіп, жылт етіп пайда болған жаңа нәрсені үйреніп алуды бала күнімнен өз бойымдағы жақсы қасиеттердің бірі деп санаймын. Сондықтан да болар, қазіргі кезде ақпараттық технологиялар күннен күнге өзгеріп, жаңарып жатқан кезде, біз үшін сабақты түрлендіріп өткізуге, оқушылардың қызығушылықтарын арттыруға көп мүмкіндіктер бар. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында еліміздің білім беру жүйесінің басты міндеттемелері атап көрсетілген. Соның бірі – білім беру жүйесіне оқытудың жаңа технологиясын енгізу. Осы бағытта оқушылардың ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейтіп, білім аясының мейлінше өсуіне оқушыларды топқа бөліп оқытудың ықпалы зор. Мен өз тәжірибем арқылы сыныптағы оқушыларды топтап оқытудың нәтижелі болатындығына, балалардың сабаққа деген ынтасы, белсенділігі арта түсетініне анық көзім жетіп келеді.
Еліміздің бүгіні мен ертеңі өскелең ұрпақ еншісінде. Ал осы ұрпақты бүгінгі таңда жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары өз бетімен ізденуге қабілетті етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыны шығармашылыққа жетелеу. Бұл мұғалімнен терең біліктілікті қажет етеді. Себебі, шығармашыл ұстаз ғана шығармашыл тұлғаны қалыптастыра алады. Бүгінгі қазақстандық мектептерге қоғамның қарқынды дамуына ілесе алатын, заман талабына сай ойлайтын, ғылыми-әдістемелік білімі жеткілікті, педагогика мен психологияны терең меңгерген ізденімпаз мұғалім қажет. Бұл мұғалімнің кәсіби шеберлігінен көрінеді. Басқаша айтқанда, білім беру үдерісі мұғалімнің дайындық деңгейі мен мамандық сапасына үлкен талап қояды. Ол мұғалімнің өзін-өзі дамуына, өзіндік білім алуына және өздігінен шығармашылық түрде қызметтерін іске асыруға мүмкіндік береді. Мұғалім – бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғамның, елдің тірегін өмірге дайындаушы. Мұғалім мамандығының құндылығы да осында деп түсінгеніміз дұрыс.
Ұстаз – Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, дарынсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегін кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, — деп Абай ата айтқандай, келешекте да жалықпай, талмай шәкірттер тәрбиелей берсем деген тілектемін.
Бүгін мен жаңа заманның заманауи мұғалімімін. Бүгінгі тілегім-
Жаңартылған білімнің,
Жаңалығын аламын.
Биіктерден көрінген,
Үлгілі ұстаз боламын!