Home » Мақалалар » «ТӘУЕЛСІЗДІК-САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ»

«ТӘУЕЛСІЗДІК-САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ»

Маштаков Мұхамбет Исатайұлы
БҚО, Казталов ауданы,
Қоныс ЖОББМ
тарих пәні мұғалім
«ТӘУЕЛСІЗДІК-САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ»

Тәуелсіздіктің 30-шы жылы тарих қойнауында қалып барады. Осынау 30 жыл ішінде еліміз экономикалық, саяси, әлеуметтік жағынан біраз белестерді бағындырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дұрыс таңдалған стратегиялық даму бағдарламалары мен әріптестік келісімдер өз жемісін берді. Қазақстанды алты құрлық танып, Орталық Азияның көшбасшы елі атанып, әлемнің кез-келген дамыған елі байланыс орнатуға ұмтылды.

Озық елдердің көшінен қалмай, заманауи қоғамды қалыптастыру үшін болашақтың  тізгіні жастарға сенім артылып отыр. Ақпараттық қоғам дамуында білім беру саласына жүктелетін міндет зор. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіздік алған тұста дер кезінде қолға алынған жоба болды. Әлемдік тәжірибе мен білім ел мүддесі үшін жұмыс істесе, қай сала болмасын дамуда кенже қалмайды. «Болашақпен» білім алып келген жастар өздерімен бірге әлемдік тәжірибедегі жаңа үрдісті ала келіп, қай салаға болсын жаңа леп алып келді.

Білімнің алғашқы баспалдағы мектепте қаланады. Осы салада 30 жыл ішінде біраз реформа жүргізілді. Ағылшындық, американдық, финдік оқу бағдарламалары сынақтан өтіп, тәжірибеде кеңінен қолданылып, өз нәтижелерін беруде. Дәстүрлі білім беруден арылып, цифрлы білім беруге қадам бастық. Сабақ процесінде АКТ-ны өз деңгейінде қолдану оқушы сапалы білім беріп қана қоймай, цифрлы сауаттылыққа қоса үйретеді. Педагог қауымын жылма-жыл жаңа бағдарламалардың ерекшеліктерін меңгертуге бағытталған курстар олардың жаңаша сипатта білім беруін сатылап қалыптастырды. Әлемдік пандемия кезінде қашықтан білім беру еліміздегі цифрландыру жүйесінің мықты және әлсіз тұстарын айқындап берді. Дегенмен,қолда бар ресурстарды мүмкіндігінше тиімді пайдалану бұл қиындықтарды еңсерді деуге болады. Білім беру әдістемесінің жаңартылған білім беру мазмұны енгізілгеннен бері оқушылар мен мұғалімдер оқудың жаңа қырларын меңгере бастады. Мұғалім бағыттаушы,нұсқаушы рөлін атқарса, оқушы ізденуші, талдаушы, баға беруші міндеттерін атқару арқылы жұптық, топтық жұмыста белсенділік танытып, көшбасшылық қырларын қалыптастырады.

Елімізде бой көтерген Назарбаев зияткерлік мектептері, Назарбаев университеттері Тәуелсіз Қазақстанның білім беру саласындағы тың бастамалары. Кәсіптік-техникалық мамандықтарға сұраныстардың артуы, бұл салаға біраз серпіліс берді. Кәсіптік училищелердің мәртебесін колледж деңгейіне көтеру, техникалық-материалдық базаны жандандыру, жатақханалармен қамту, тегін білім беру мектеп түлектерінің жоғары сапалы кәсіптік білім алуына зор мүмкіндіктер ашты.

Білім беру саласы үнемі мемлекеттің басты назарынды. Президент Жолдауларында білім беруге ерекше көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан кең қолдау тауып отырады. Бүгінгі ақпараттық қоғамда білімділер ғана өз ортасынан оқ бойы озады. Халқы сауатты, білімді ел әлем елдерімен бәсекелесе алады. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі мемлекеттің тірегі.Тәуелсіз елде өмір сүріп, өзінің азат,еркін екенін сезінген ұрпақ, оның маңызы мен құндылығын бағалап, баға жетпес рухани ұлттық мұралардың иесі екенін түсінуі қажет. Оны ұғыну үшін білім қажет. Ал оның сапалы білім алуына Тәуелсіздік кепіл болады.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.