С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен ақын, публицист, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған «Ұлтының ұлы ақыны» деген атпен әдеби кеш өтті. Әдеби кештің негізгі мақсаты студенттер мен мектеп оқушыларына ақынның шығармашылығын жан-жақты насихаттау болып табылады.
Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары көрнекті қазақ жазушысы Олжас Сүлейменовтің талай жылдардан бері лингвистикалық зерттеулермен айналысып, біртұтас мәдени және тарихи кеңістікте ғұмыр кешкен түрлі халықтардың тілдеріндегі өзара байланыстарын айтты.
Өр рухты қазақ ақынының бойындағы қасиетті, кеңес классигі Леонид Мартынов «Литгазетада» ағынан жарылып: «Олжас Сүлейменов – орысша жазғанына қарамастан бар болмысымен қазақ ақыны», — деген екен. Әдеби кешке қатысқан студенттер ақынның өлеңдерін оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Олжас ақынның шығармашылығына кеңінен талдау жасалып, жас ұрпақты ақын поэзиясы арқылы тәрбиелеудің маңыздылығы түсіндірілді. Ақын Қадыр Мырза-Әлі «Тамыры туған топырағында, ұшар басы замана биігінде»,- деп Олжас Сүлейменовке үлкен баға бергені де кездейсоқтық емес еді.
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
СҚО