Мандыбекқызы Мөлдір,
Ақмола облысы Целиноград ауданы
Қосшы ауылы
№2 Қосшы Орта мектебінің
11 сынып оқушысы
Әкешім, анашым-дара тұлғам
Әкетайым, анашым-тұнған бағым,
Сіздерсіз болмас еді менің жаным.
Аман боп қасымызда жүргендерің
Баға жетпес, ең биік, асыл тағым.
Анашым-аяулы ардағым-сенсің,
Шүкірлік етемін барыңа сенің.
Өсірдің, мәпеледің ұл-қызыңды,
Бойыма нәр беретін-сенің сүтің.
Әкетай-асқар тауым, панам сенсің,
Тәрбие, ақылды да берер өзің.
«Аяулы қызымсың» деп еркелеткен
Бойыма күш береді әрбір сөзің.
Жүрегім-ана, әке-өздеріңсің,
Сіздерге арналатын сөздерім шын.
Тілеуім:»аман-есен тұрыңдаршы»,
Бақытты ата-анасыз болады кім?!
Көңілім кейде босап, құлазыған,
Арнармын өздеріңе бір жазып ән.
Байлығым, бар қазынам-өздеріңсің,
Жүрегімді тербетіп, жыр жаздырған.
Асау жүрек толқиды, қорқып кейде,
Бөбектер бар көрмеген шешесін де,
Өздеріңнен көз жазып қалмасам деп,
Бір Аллама жалынам күнде-түнде.
Расында, жоқ артық жан, өздеріңнен,
«Құлыным» деп құшақтап, әлдилеген,
Қалмасын деп өзінің ортасынан
Баласы үшін жанын да, барын берген.
Анашым, әкетайым-дара тұлғам,
Басымды иіп, ізетпен тағзым қылам.
Ең асқақ, дана, дара сіздерге арнап
Шоқтығы биік болар жыр жаздырам!
Домбыра
«Нағыз қазақ-қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра!»
Жеткізерсің бар ғажапты, болса-дағы дабыра.
Қыл кесердей сөзден асыл күйімен
Жаралайтын, емдейтін де домбыра.
Бабам әні, бабам жыры болғансың,
Әр заманда биік тұғыр боларсың.
Кеудеңе бір мұң мен зарды жиып ап
Қолыма алсам, күмбір етіп туларсың.
Дүрілдейсің, дүбірлейсің, асылым,
Тұнған өнер, жан жолдасым, батырым.
Үнің тәтті, керек болса ең ащы,
Шер төгісіп, сырласатын жақыным.
Бабамдайсың, атамдайсың ардақты,
Ән салдырып, шырқатасың жан-жақты.
Ұранысың, ұлысысың халқымның
Ұқсатамын сені Абайға салмақты.
Жыр бастауы, жыр атасы өзіңсің,
Сенсіз өмір қаралы күн, білсең шын.
Қара түнді жарық етер сен дағы,
Жарық күнді құлазытар өзіңсің!