Home » Мақалалар » Алаш қайраткерлерінің еңбектері кеңінен насихатталуы керек

Алаш қайраткерлерінің еңбектері кеңінен насихатталуы керек

Саурамбекова Инабат Сапаралиевна,
Жамбыл облысы  Тараз қаласы
А.Гайдар атындағы №35 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі

    

 

 

 

 

Алашордашылар бұл атауды еске алғанда ел бостандығымен тәуелсіздік үшін күрескен алаш қайраткерлері түседі. Яғни Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды зиялылардың тағдыры осы Алашорда идеясымен тығыз байланысты. Себебі бұл қайраткерлердің тағдыры тарих беттерінде жазулы. Иә, 1937 жылдарда осы зиялылармен қатар қаншама тұлғалардың өмірі қыршынынан қиылды. Шолақ саясаттың кесірінен жазықсыз атылып кеткендері де жетерлік. Өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі, тәуелсіздікті ту еткендігінің соңы осылай аяқталарын кім білген?!

      Алаш қайраткерлерінің еңбектері ерен, өйткені олар тарихи-саяси партия құрудан бастап, газет пен баспа ісіне, әдебиет пен мәдениетке қосқан үлестерімен, жарқын идеяларымен есте қалары сөзсіз. 2017 жылы Алашорда үкіметінің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы — тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени- рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. ХХ ғасырдың басында зиялы тұлғалар қазақтың тілі мен мәдениеті Кеңес Одағы саясатының салдарынан бұғауланып, тұншығып жатқанын сезген болатын. Сондықтан да олар жан-жақтан идеялары үндес адамдарды жинап, бір ортаға жинала бастады. Қазақ баласы ұлт ретінде дербес әрекет етсе, көптеген жаңашылдықты қабылдай алатын, өз қолы аузына жететіндей қауқары бар екенін ұқты. Бұл ұлы идеялар кеңестік идеялогия тарапынан қысым көргенімен, қазақ халқының осылай үлкен ойларды іске асыра алатыныны таң қалдырғаны рас. Елін сүйген нағыз елжанды азаматтар сол ғасырда өте көп болғанын аңғаруға болады.

Алаш қайраткерлерінің ұлы идеялары олардың санасында, үлкен жүрегінде сақталып келді. Тіпті бүгіндері алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде деуге болады. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты — ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. XX ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі — тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Алаш зиялыларының Қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» — деп атап көрсеткен болатын.

«Дала ақсүйектері» деп Елбасы сипаттаған алашордалық тұлғалардың еліміз үшін атқарған еңбектері орасан зор. Солардың ішінде Мұстафа Шоқайдың еңбегін атап өтпеске болмайды. Алаш қозғалысының төл перзенті Мұстафа тек қазақ халқының ғана емес, өзбек және басқа да түрік халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер. Білімін Ресейдің беделді оқу орындарында шыңдаған тұлғаның дүниетанымы тың, ерекше болатын. 1914 жылдың көктемінде Мұстафа Петербургте оқып жүрген түркі жастарының бастарын қосып, патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына байланысты баспасөз бетінде жарияланған үндеуіне қатысады. Аталмыш үндеу Мұстафаның саяси қозғалысқа біржолата тартылуының, ұлттық мүдде жолындағы күрескерлер қатарынан берік орын алғандығын көрсетеді. Мұстафа Шоқайдың ойын ашық айта білетін қасиеті мен мықты жігері көптеген жастарға үлгі бола алатыны сөзсіз.

Елбасының «Рухани жаңғыру» идеялогиясының төл ұғымын ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері алғаш рет алып келді. Батыстық ғылым мен ілімнің, мәдениеттің бір кезеңде алдыңғы қатарға шығып, ұлттың жаңғыру дәуірі басталған еді. Өйткені қазақ халқына Ұлы Абайды таныстырған да дәл осы Алаш зиялылары болатын. Елінің тәуелсізідігі мен азаттығы жолында алаштықтар өздері іздене отырып, қазақтың тіл, әдебиет,ғылым-білім, мәдениет салаларының дамуына да сүбелі үлес қосты. Алаштың Әлиханы-фольклоршы, саясаткер, Ілиясы-қазақ тіл білімінің атасы, Мағжаны- түрікшілдігі, сыршыл ақын, Міржақыбы-тұңғыш романының авторы ретінде танымалдығы артты. Алаш қайраткерлері шығармашылығының негізінде халықты бірлікке шақыра алды, елін еркіндікке сендіре алды. Бұл нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны еді.

Әлихан Бөкейханов — «Алаш» партиясының негізін қалаушы қайраткерлердің бірегейі. Ол алғаш рет демократиялық жолмен екінші съезде сайлауға түсіп, қазақ автономиясын жариялады, халық кеңесін сайлады. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлиханның қазақ халқына жасаған еңбектері орасан.

Сонымен қатар, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлының да еңбектері де тарихымыздан ойып тұрып орын алары хақ. Сондықтан да Алаш қайраткерлерінің еңбектері кеңінен насихатталуы керек!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.