Home » Мақалалар » САНАЛЫ ШӘКІРТ – ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

САНАЛЫ ШӘКІРТ – ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін білеміз.  Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға өмірін арнаған хан-сұлтандар мен батырларды тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткіздік. Бұрынғыдан жеткен бұл қасиетті шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың ойы мен бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, ұлтының өткен тарихын құрметтеп, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы десек болады. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр.

Тәрбиенің жалпы негізі рухани-адамгершілік  құндылықтары болуы керек. Рухани-адамгершілік құндылықтар үлкен мен кішінің арасындағы шынайы қарым-қатынас кезінде бала бойына даритыны белгілі. Сондықтан   әрбір мұғалімнің басты мақсаты — өзіндік рухани-адамгершілік құндылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы бар құндылықтарды дамыту. Мектептегі, сабақтан тыс уақыттағы біздің ісімізді жалғастыратын жеке тұлға болып табылатын оқушыларды рухани-адамгершілікке, азаматтық жүйеге тоғыстыру. Мектеп қабырғасында жақсы тәрбиеленген, саналы білім алған шәкірт өмірде өз орнын табады. Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен-ақ ұлттық тәлім-тәрбиеге, рухани адамгершілік әдетке, азаматтық мәдениетке баулу керек. Сол кезде жас ұрпақ елі үшін қызмет ететін, имандылық қасиеттерді жақсы білетін азамат болып  өседі. Баланы жақсы адамгершілік қасиеттерге, мәдениетке тәрбиелеуде тәрбиелі адаммен жолдас болудың әсері күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білген. «Жақсымен жолдас болсаң — жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң — қаларсың ұятқа…» — деген мақалдан көруге болады. Мақал-мәтелдер, жұмбақтар, айтыс өнері жалпы халық ауыз әдебиеті өлеңдері адамгершілік тәрбиенің арқауы. Үлкенді сыйлау адамгершіліктің бір негізі.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы  — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің қоғам алдындағы борышымыз.

Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтің  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін. Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер де осы заман талабына сай  қайта құруды міндеттейді. «Тәрбие бар жерде ғана сапалы білім саналы ұрпақ болады» деген дана халқымыздың мақал сөзіне сүйенсек, рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор.  Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Үштілділікті меңгерген адам ештеңеден ұтылмайды. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» — деп, Абылай хан айтқандай біздің ендігі мақсатымыз тарихи ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңарып жатқан жаңа дүниенің жағымды жақтарын бойымызға сіңіріп, дамыған 30 елдің қатарына ену. Елбасымыз айтқандай, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ұлттық кодты сақтай білу».   Себебі өткеніңді білмей болашақты болжау мүмкін емес. Ендеше болашаққа бұлыңғырсыз аяқ басу үшін тарихымызды жаңаша жандардыруымыз қажет және дамыған елдердің көшін бастауымыз керек.

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылы
Ілияс Қабылов атындағы №32 мектеп-лицей КММ-нің
директорының тәрбие ісі орынбасары:
Жүнісов Бақытжан Алдабергенұлы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.