Әтшібай Құндыз Ақылсерікқызы
Алматы қаласы,
Жетісу ауданы,
Сүйінбай атындағы
№143 мектеп-лицей директордың
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру екендігі заман талабынан туындап отырған және шешімін табуы тиіс маңызды міндет болып табылады. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында [1, 4б.] қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін білім беру жүйесі ең үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес толығымен жаңартылатын болады. «Цифрландыруға күш салу адами капитал белсенді түрде дамитын – болашақтың білімі мен дағдылары ерте жастан бастап тәрбиеленетін, автоматтандыру және басқа да жаңа технологиялар есебінен бизнес жұмысының тиімділігі мен жылдамдығы артатын, ал азаматтардың өз мемлекеттерімен диалогы қарапайым әрі ашық болатын жаңа қоғамды құруға әкеледі» [2, 9б.].
Еліміздің адами капиталын дамыту бағытында жас ұрпаққа жаңа талаптарды ескере отырып білім беру қажеттілігі туындап отырған жағдайда қазіргі заманауи сабақ қандай болуы керек деген өзекті мәселе әрқайсымызды толғандыратыны анық. Цифрлық технологияларды қолдану, ақпаратты үнемі жаңартып отыру, оның адам өмірі мен қызметінің барлық салаларына енуі қазіргі заманның шешуші ерекшелігі болып табылады.
Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында өзін-өзі тану сабақтарында цифрлық білім беру ресурстарын қолдану, іс-тәжірибеміз көрсеткендей, мұғалім мен оқушылардың шығармашылық белсенділігі мен білім алушылардың танымдық қызығушылығын арттыратын және пәнді оқыту сапасын көтеретін бірден-бір тиімді тәсіл болып саналады.
Өзін-өзі тану сабақтарында цифрлық білім ресурстары ретінде төмендегі оқу материалдары пайдаланылады:
1.Әртүрлі суреттер, фотолар.
2.Бейнематериалдар.
3.Мәтіндік құжаттар.
4.Аудиожазбалар.
5.Картографиялық материалдар.
6.Статикалық және динамикалық модельдер.
7.Виртуалды шындық және интерактивті модельдеу нысандары,
8.Символдық объектілер және іскерлік графика (диаграмма, кесте, сызбалар) немесе оқу процесін ұйымдастыруға қажетті басқа да оқу материалдары.
Сандық білім беру ресурстарын оқу материалын игерудің әртүрлі кезеңдерінде, атап айтқанда жаңа материалды түсіндіру; оқу материалын бекіту, материалды қорытындылап, жалпылау кезеңінде; әртүрлі шығармашылық тапсырмаларды орындату кезінде пайдаланып, оқушылардың үй тапсырмасын дайындауында, сондай-ақ жоба бойынша жұмыс барысында қолдануларына болады.
Сабақтардағы цифрлық білім беру ресурстары оқулық шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді, өйткені дайын электрондық тасымалдағыштарда бізді қоршаған әлемнің таңғажайып сұлулығын, туған өлкенің байлығын, біздің көпұлтты еліміз халықтарының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсетуге көмектесетін бай иллюстрациялық материал бар. Microsoft PowerPoint, Microsoft Office Word, Microsoft Publisher бағдарламалары мұғалімге мультимедиалық материалды сабаққа ең аз уақыт шығындарымен дайындауға; презентациялар, бейне- және аудиоматериалдарды ыңғайлы және көрнекі түрде ұсынуға, оқушының іс-әрекетінің өнімін, яғни нәтижесін алуға мүмкіндік береді. Мультимедиалық қолдаумен сабақ құру кезінде сабақтың дәстүрлі құрылымы түбегейлі өзгермейді. Мектепте өзін-өзі тану пәнін оқыту барысында цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану арқылы оң нәтижелерге қол жеткізілді деп айтуға болады. Атап айтқанда:
- сабақтар эмоционалды және толыққанды, көрнекі болып, музыка, анимацияны пайдалану арқылы жоғары эстетикалық деңгейде өткізіледі;
- оқушылардың білімін тексеруге кететін уақыт қысқарады;
- оқушыларды бақылау және олардың өзін-өзі бақылау дағдылары қалыптасып, одан әрі дамиды;
- шығармашылық тапсырмаларды орындату арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, оқушыға дифференциалды қарым-қатынас жасауға мүмкіндік болады.
Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында өзін-өзі тану сабақтарын дайындауда және оларды өткізуде «BilimLand» платформасының мүмкіндіктерін, оқушылардың тестілері мен сауалнамаларын құру кезінде «Crossword Forge», «iMindMap» бағдарламаларын, «Kahoot» қосымшасын, «iMektep.kz» анимациялық кешенін; қысқа бейнероликтер, презентациялар, әртүрлі дизайндар жасауда «Supa», «Canva» сервистерін, сондай ақ криптограммалар (http://kidzone.ws/puzzles/cryptogramdex.asp) және сөздер шоғырын жасау бойынша арнайы сайттарды пайдалану сабақтың тиімділігін арттыратыны сөзсіз (http://www.nachalka.com/wordle).
Мектеп тәжірибесінде жиі қолданылатын тиімді бағдарламалардың мүмкіндіктерін бейнелеп көрсету үшін бір сабақты мысал ретінде келтірейік.
9-сыныптың «Адамның еркіндігі» [4, 90б.] деп аталатын 16-сабағында оқушыларға «адамның еркіндігі» туралы түсінік бере отырып, дұрыс әрекет, сүйіспеншілік құндылығының мәнін тереңдету мақсаты көзделген. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін: оқушыларға адамның еркіндігі туралы түсінік беру; оқушыларды риясыз қызмет етуге үйрету; оқушыларды қамқорлыққа, мейірімділікке, ізеттілікке тәрбиелеу міндеттері шешімін табуы тиіс.
Сабақтың құрылымына сәйкес оның әрбір кезеңінде цифрлық ресурстарды қолдануға болады. Мысалы, жағымды көңіл күй орнату кезеңінде «Нұрға бөлену» жаттығуы әдемі әуенді тыңдату арқылы өткізіледі (https://www.youtube.com/watch?v=7bFlxlfHWZ4).
Алдыңғы үй тапсырмасын тексеру кезеңінде өз елінің еркін азаматы ретінде парызы мен борышын орындаған, әрбір әрекетіңде белсенді өмірлік ұстаным қағидасын басшылыққа алып, өз тағдырын, іс әрекетін өзі анықтай алған ғажайып тұлға – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров туралы фильмнен үзіндіні (https://www.youtube.com/watch?v=YVyLtNQoM18&t=274s) тамашалайды.
Арнайы сайттар арқылы (https://online-video-cutter.com/ru/ және https://clideo.com/ru/editor/merge-video) таңдалып алынған бейнематериалдардан қажет үзіндіні кесіп алымыз. Оқушылар бейнероликті тамашалап болған соң, алған әсерлерін ортаға салып, бөлісу үшін слайдтағы сұрақтар көрсетіледі.
- Фильм кейіпкерінің «Өмірін күреске, бос уақытын жаттығуға арнаса, әлбетте, нәтиже шығады. Шыңға шығудың оңай әдісі болмайды» деген тұжырымынан қандай ой түйдіңіздер?
- «Әркімнің несібесі, ырзығы бар, істеген ісін өлшеп, еңбегін бағалайды» деген пікірді қалай түсіндіңіздер?
- «Токио Олимпиадасында көк туымызды желбірететіндер көп болса екен» деген сөздерден кейіпкердің бойындағы қандай қасиеттерді байқауға болады?
- Белсенді өмірлік ұстанымы бар адамның әрекетінде жалпыадамзаттық қандай құндылықтар көрініс береді деп санайсыз?
Сабақтың тақырыбына сәйкес дәйексөз ретінде алынған Әл-Фарабидің «Ең тамаша әрекет – бақытқа қол жеткізетін еркіндік» деген қанатты сөзі слайд арқылы экранда көрсетіледі.
Тақырып бойынша оқушылардың түсініктерін кеңейту мақсатында орындалатын шығармашылық тапсырмаларды слайдтар арқылы таныстыруға болады.
1-тапсырма. Күнделікті өмірде еркін адам ретінде не істей алатындарыңыз туралы ойланып, монолог даярлаңыздар. Өз монологтарыңызды мына сөздермен бастаңыздар: Еркін адам ретінде мен …
2-тапсырма. Сіз өзіңіздің ойыңыздағы еркін адамның эмблемасын салыңыз. Суретке тұлғаның еркіндігін білдіретін символдарды енгізіп, сәйкес ұран ойлап табыңыз. Шығармашылық жұмысыңыздың нәтижесі ретінде презентация даярлаңыз.
Сабақтың келесі бір кезеңі жобалық іс-әрекетке арналады. Жұмысты жалғастыру үшін тапсырмалар экранға шығарылып, орындалу реті түсіндіріледі. Оқушылар оқу жылының бірінші жартыжылдығында «Менің құрдастарым» жобасын орындаудың нәтижелерін шығарады. Ол үшін 1,2-кезеңдердегі іс-әрекетті сипаттайтын зерттеу материалдарын, атап айтқанда фотосуреттер, сызбалар, үлгілер, сауалнамалар, сұрақтамалар, пікірлерді жинақтау қажеттігі түсіндіріледі.
Үй тапсырмасын бергеннен кейін, сабақты қорытындылап, еліміздің өркендеп өсуі жолында аянбай, күш-жігерімізбен, бойымыздағы еркіндік қасиетімізді жоғары бағалап, патриот, ұлтжанды ұрпақ болуымызға септігін тигізер «Көк тудың желбірегені» әнін бәріміз бірге айтып, сабақты аяқтаймыз (https://www.youtube.com/watch?v=mn4JJP7pZbU).
Мектептегі іс-тәжірибе, бейнесабақтар түсіруде жинақтаған тәжірибемізде цифрлық білім беру ресурстарын өзін-өзі тану сабақтарында қолдану оқу процесіне мынадай өзгерістер енгізді деп сеніммен айтуға болады:
- цифрлық ресурстарды сабақтың әртүрлі кезеңдерінде енгізу арқылы оқу процесінің тиімділігі артты;
- мұғалім мен оқушыларға сабаққа дайындалу үшін қосымша материалдар әзірлеу мүмкіндігін берді;
- кейбір процестерді динамикада кейбір процестерді көрсетуге мүмкіндік берді (бейнеүзінділер, анимация);
- сабақтың көрнекілігі жоғары сатыға көтерілді;
- бұрын пайдаланып жүрген ескі үлгідегі кестелердің орнына жаңаша безендірілген заманауи материал — бейне — сурет келді;
- басқа жолмен көрсетуге болмайтын нысандарды, әрекеттерді көрсету мүмкіндігіне ие болдық;
- локальдық желіні пайдалану кезінде оқушылардың басым көпшілігінің дағдыларын бекітіп, пысықтау мүмкіндігі туды;
- оқушылардың пәнге деген ынтасын, сонымен қатар олардың танымдық қызығушылығын арттырды.
Қазіргі уақытта барлық білім беру мекемелерінде қажетті материалдық-техникалық база, бағдарламалық қамтамасыз ету, оқу құралдарымен қамтамасыз ету бар. Осындай мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білсек, сабақты оқыту технологиясы, оны өткізу сапасы мен нәтижелілігі ғана емес, білім беру процесінің субъектілері, олардың өзара әрекеттесу деңгейінің де өзгеретіні айқын.
Сонымен, цифрлық білім ресурстары балаларға да, мұғалімдерге де өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі тәрбиелеуге үлкен мүмкіндіктер береді, жеке, топтық және ұжымдық қарым-қатынас орнату мен оқытудың қуатты құралы болып табылады деп қорытындылауға болады.
Пайдаланған әдебиеттер
1.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1700000827.
- Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі. Қасым-Жомарт Қ-Ж. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
https://kaz.zakon.kz/5081129-asym-zhomart-to-aevty-aza-stan-hal-yna.html
- Жалпы орта білім беретін мектептерге арналған «Өзін-өзі тану» пәнінің оқу бағдарламалар жинағы. Алматы, «Бөбек» ҰҒПББСО, Адамның үйлесімді дамуы институты, 2010 ж. – 654 бет.
- Өзін-өзі тану: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық / Нұркеева С., Алиев Б.Ш., Бердібаева Р.Қ. – Алматы, 2018. – 176 б.