Исмагулова Светлана Кужаковна,
Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА Инклюзивті білім беруді дамыту орталығының директоры,
Тастанова Анар Каирбаевна,
Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА аға ғылыми қызметкері,
Жүсіп Айдана Қазықанқызы,
Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА аға ғылыми қызметкері.
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің бірі – инклюзивтілік. ҚР «Білім туралы» Заңының баптарында білім алушылардың тиісті білім беру бағдарламаларына тең қолжетімділігін, түзету-педагогикалық және әлеуметтік қолдауды, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалардың барлық деңгейлерде білім алуға қолжетімділігін көздейтін білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні мен қағидаттары айқын көрсетілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет» екендігіне ерекше көңіл аударды. Сонымен қатар «Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деп атап өтті [1].
Инклюзивті білім беруді дамытудың нормативтік құқықтық базасы Қазақстанда негізгі постулатқа – білім беру ортасын білім алушының жеке ерекшеліктері мен білім беру қажеттіліктеріне бейімдеуді қамтамасыз ететін педагогикалық тәсіл негізінде тұрғылықты жерлері бойынша барлық білім алушылар үшін тең білім беру мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге негізделген.
Халықаралық практикаға сәйкес алғаш рет Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «даму мүмкіндігі шектеулі тұлғалар (балалар)» ұғымының орнына «ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғалар (балалар)» жаңа ұғымы енгізілді.
Мұның іргелі маңыздылығы қоғамды ізгілендіруге бағытталған инклюзияның мәнін айқындаумен түсіндіріледі.
Дегенмен қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қоғамдағы инклюзивті мәдениеттің деңгейі жеткілікті деңгейде жоғары емес, әлеуметтік белсенділік пен кәсіби өзін-өзі жүзеге асыру, әлеуметтік және отбасылық сценарийлер қазіргі кедергілер мен шектеулермен өзгеруде. Бүгінгі өмір шындықтары психофизикалық мүмкіндіктері шектеулі кейбір әлеуметтік топтардың оқшауланғанын көрсетеді. Мұндай жағдай қоғамның олардан бас тартуымен, кейде мүмкіндіктері шектеулі адамдарды, оның ішінде ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларды қабылдамауымен қатар жүреді.
Орын алған жағдайдың себептерінің бірі ретінде қазіргі заманғы отандық зерттеулердің нәтижелері еліміздегі ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты мәселелер, білім берудегі инклюзивті процестер, қоғамның барлық мүшелерінің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін растайтын нормативтік құқықтық актілер жөнінде қоғамның әлсіз хабардар болуын көрсетеді. Бүгінгі күнге дейін ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек пен қолдауды оларды оқыту, емдеу және жұмысқа орналастыру үшін арналған арнайы мекемелер мен ұйымдармен қамтамасыз ететін мемлекет көрсетуі тиіс деген пікір кеңінен таралған. Бұл факт біздің елімізде кеңес дәуірі стереотиптерінің және мүмкіндіктері шектеулі адамдарды оқшаулау тәжірибесінің нәтижесі болып табылады. Балаларды психофизикалық даму деңгейлеріне байланысты бөлу өркениетті азаматтық қоғамның қазіргі құндылықтарына қайшы келетін әлеуметтік теңсіздікті одан әрі тереңдетудің қуатты факторы болып табылады [2].
Қазіргі қазақстандық қоғам ғасырлар бойы көптеген ұрпақтарды байланыстырып келе жатқан халық даналығының бастауларын қалай сақтап қала алады? Адамгершілік, ашықтық, тату көршілік қарым-қатынастарын қалай нығайта алады?
Тарихқа шолу негізінде биыл 180 жылдығы атап өтілетін өз халқының ұлы педагог-ағартушысы, қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Ыбырай Алтынсариннің өсиеттерін еске түсірейік. Сол уақыттың өзінде, екі ғасыр бұрын Ыбырай атамыз адамгершілік пен бейбітшілік идеяларының уағыздаушысы және жетекшісі болды. Оның педагогикалық дарындылығының ұлылығы – өз заманындағы адамдардың қажеттіліктерін терең білгенінде ғана емес, сонымен қатар өз халқының әлеуметтік-мәдени даму келешектерін алдын ала білуінде. Қазақ балалаларының жағдайын жақсарту, озық мәдениетке тарту үшін Ы. Алтынсарин бірқатар еңбектер жазды, олардың ішінде «Қазақ хрестоматиясын», «Қазақтарды орыс тіліне үйрету жөніндегі негізгі нұсқаулықты» ерекше атап өтуге болады.
Ы. Алтынсарин екі тілді білім берудің нақты негізін, бастапқыда жергілікті орыс мектептерінің, содан кейін орыс-қазақ мектептерінің негізін қалады. Дәл осы екі тілді мектептер екі халық арасындағы достық пен қазіргі көптілді, көп мәдениетті білім беру идеяларының бастапқы негізі және жетекшісі болды [3].
Ыбырай Алтынсарин білім алушыларды жынысқа, ұлтқа, әлеуметтік жағдайға қарамастан, барлығына бірдей құрметпен қарап тәрбиелеуге үлкен мән берді. Осылайша, 1887 жылы бүкіл күш-жігерін жұмсап, Ырғызда қазақ жеріндегі алғашқы қыздар мектебінің ашылуына қол жеткізді.
Бүгінгі күні көптеген елдердің азаматтық қоғамдары толеранттылықты әлемдегі бейбіт өмірдің негізгі қағидасы ретінде таниды.
Біздің еліміз үшін бұл ұғымның маңыздылығы толеранттылық қағидатының 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясында заңды түрде бекітілуімен және басқа да заңнамалық актілерде жазылуымен ғана емес, сондай-ақ аталмыш ұғымның қазақ халқы даналығының түп негізінде жатқандығымен де күшейе түседі. Қазақ жерінде әртүрлі ұлт өкілдерінің ғасырлар бойы бірге өмір сүруінің, басқа діннің, нәсілдің өкілдеріне, әлеуметтік мәртебеге және басқа белгілерге қарамастан құрметпен қараудың тарихы ғасырлар бойы тереңдей түседі.
Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді бірегей қоғамдық-саяси институт қызмет етеді. Ассамблея жұмысының негізінде біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты [4].
Егемендікке қол жеткізген сәттен бастап Қазақстанда адами қарым-қатынастардың барлық салаларында өзара құрмет атмосферасын орнату бойынша мақсатты саясат жүргізілуде. Барлық мемлекеттік органдардың қызметі тиісті құқықтық, саяси, идеологиялық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау негізінде осыған бағытталған [5]. Қазақ халқының осынау бай рухани мұрасы еліміздің қазіргі бағдарламалық құжаттарында лайықты жалғасын тапты.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында балалардың қауіпсіз және жайлы өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін маңызды міндеттер айқындалған, олардың ішінде: 2022 жылы Балалардың әл-ауқаты индексін енгізу, әлеуметтік зерттеулер жүргізу, білім беру ұйымдары психологиялық қызметтерінің және мектептердің татуластыру қызметтерінің іс-әрекетін күшейту [6].
Елімізде білім беру жүйесін жаңғырту процестері ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды үйлестіретін, кез келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылық пен бәсекеге қабілеттілікті көрсете алатын жеке тұлғаның үйлесімді қалыптасуы мен зияткерлік дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құруға бағытталған. Бұл процестер қоғамның барлық мүшелерін өзіне тартып, жоғары инклюзивті мәдениетті қалыптастыру мен дамыту үшін негіз болуға тиіс. Бұл барлық қоғамдық құрылымдардың тынымсыз жүйелі жұмысын және құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, рухани аспектілерді қамтитын көп қырлы және ұзақ жол екендігі сөзсіз.
Елімізде инклюзивті білім беруді дамыту инклюзивті қоғам құрудың алғашқы қадамы екендігі даусыз. Қазіргі уақытта адам қызметінің барлық салаларында инклюзияны енгізу және дамыту бойынша қоғамның күш-жігері байқалуда. Білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың ғана зерттеу нысаны болған инклюзивті білім беру проблемалары бүгінгі күні көптеген әлеуметтік институттардың да назарын аудара бастады.
Позитивті қоғамдық сананы қалыптастырудағы маңызды рөл педагогикалық қоғамдастықтың белсенді өмірлік ұстанымына байланысты екендігі де даусыз. Ұлы Абайдың сөзімен айтқанда: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі».
Демек, еліміздің педагогикалық қоғамдастығы мен білім беру жүйесі жас ұрпақ тығыз байланыста дамитын мәдени құнарлы қабат бола білуі тиіс. Сонымен қатар Қазақстандағы мультимәдени орта да даму әлеуетін білдіреді және инклюзияның табысты болуына жағдай жасай алады, өйткені әртүрлілік өмірдің барлық жақтарын күшейтеді. Инклюзивті кеңістікке неғұрлым көп субъектілер қосылса, табысты жағдайды жасау үшін көбірек мүмкіндіктер пайда болады.
Қоғамның ересек ұрпағы алдында тұрған ортақ үлкен міндет – рухани және адамгершілік жағынан дамыған, көршісіне мейірімділік пен сүйіспеншілік, қамқорлық секілді мәңгілік құндылықтарды сақтай алатын, айналасындағы барлық алуан түрлілікті құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу екендігін ұмытпауы тиіс.
Әдебиеттер тізімі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы. URL: https://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2020-zhylgy-1-kyrkuiek
- URL: http://www.zkoipk.kz/ru/ss1/921-conf.html
- Научно-педагогический материал Образование №3(78), 2016, стр
- URL: http://www.akorda.kz/ru/national_projects/assambleya-naroda-kazahstana
- URL: https://topnews.e-akmo.kz/news/e37a713
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысы. URL: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1900000988/compare