Home » Мақалалар » Online Mektep платформасындағы сабақ әзірлемелері

Online Mektep платформасындағы сабақ әзірлемелері

Тугумова Гаухар Сейітқазықызы
«Павлодар қаласының
№ 24 жалпы орта білім
беру мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» — деп ұлы Абай айтып кеткендей білімді де білгір шәкірт тәрбиелеу ұстаздан басталары сөзсіз. Бәріміз қазіргі уақытты, пандемия кезін, ел болып бастан өткеріп жатырмыз. Бұл жағдай білім жүйесіне де әсерін тигізбей қоймады. Көптеген өзгерістер болып жатыр. Білім жүйесі жаңашылдықты талап етеді. Соның бірі цифрландыру, күнделікті АКТ-ны тиімді пайдалану. Қашықтан оқыту кезінде балалардың оқуға деген ынталары төмендеп, белсенділіктері азайды. Бұл бізді алаңдатқан актуалды, әрі маңызды мәселеге айналды.

Осыны ескере отырып, №24 жалпы орта білім беру мектебінде шығармашылық топ ұйымдастырылып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Online Mektep платформасында 5-сыныпқа арналған сабақ әзірлемелері дайындалды. Шығармашылық топта мектебіміздің белсенді ұстаздары жұмыс жасады. Олар: Смагулова Кулнаш Сериковна, Казыбаева Умыт Жамбуловна, Рахимжанова Айнур Кабыкешовна, Кушербаева Ризаш Жасулановна. Біздің аймақтағы мектептер «Көкжиек-Горизонт» баспасы шығарылған оқулық бойынша  жұмыс жасайды. Бірақ Online Mektep-тегі бекітілген сабақ әзірлемелері мен оқулық мазмұны сай келмейтін тұстары бар. Сондықтан да оқулық мазмұны мен Online Mektep платформаларының сабақтарын сәйкестендіру мақсатымен сабақ әзірлемелері енгізілді. Оқулықтағы бар тапсырмаларды түрлендіре отырып, сынып деңгейлеріне байланысты өзгерістер енгізіп, аты аталған ұстаздар Online Mektep-те ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл оқушыларға сабақты интерактивті түрде меңгеруге мүмкіндік берді.

Жұмыстың мақсаты: онлайн желісі бойынша тапсырмаларды қызықты, әрі тіл бойынша білімін жетілдіру тапсырмаларын құру.

Жұмыстың міндеті: Онлайн  мектеп тапсырмаларын тақырыпқа сай біріңғайландыру, оқушылардың білім сапасын арттыру, білім-біліктерін жетілдіру.

Өзектілігі: оқушылардың танымдық белсенділіктері мен қызығушылықтарын арттыруға арналады, әрі тіл үйрену жеңілдіктері қарастырылған.

Жаңашылдығы: Қазіргі заманға сай ақпараттық  технологияларды тиімді  пайдалануға үйрету.

Оқулық мазмұныOnline Mektep

Қазіргі таңда оқулық мазмұны бойынша сабақ әзірлемелері енгізілген және қолдану үстінде. Кез келген ұстаз бұл сабақ әзірлемелерін өзіне жүктеп, қолдана алады. Бұл сабақ әзірлемелері тек пандемия уақытында ғана емес, күнделікті оқу процесінде актуалды. Мысалы, оқушы денсаулығына, басқа жағдайларға байланысты үйде білім алуға мәжбүр болған кездерде, оқушы мұғалімнің көмегінсіз бекітілген сабақ кестесі бойынша тақырыпты еркін меңгере алады. Мұғалім сабақ әзірлемелерін білімді бекіту мақсатымен де қолдана алады. Сабақ әзірлемелерін https://onlinemektep.net/schedule сілтемесі бойынша өтіп, танысуға болады. Сабақ әзірлемелерінің бірі «Маған қазақ әндері ұнайды» тақырыбына назар аударып, талдау жүргізейік.

Сабақтың бірінші бетінде сабақтың мақсаты мен міндеттері көрсетіледі.

Келесі тақырыпты меңгеру беті. Платформа тақырыпты әртүрлі сілтемелер, бейнероликтер, кесте-диаграммалар бекіту арқылы меңгеруге мүмкіндік береді. Осы бетте оқушыға барынша жеткілікті ақпарат беру маңызды. «Атамекен» өлеңінің қысқаша тарихы мен бейнеролик ұсынылып отыр.

Online Mektep-тің тапсырмалар түрі төртеу. Шектеулі жаттығулар аясында ғана сіздер тапсырмаларды беру әдісін таңдай аласыздар. Бір дұрыс жауабымен, бірнеше дұрыс жауабымен, сәйкестендіру және ашылмалы тізіммен берілген жаттығулар түрлері бар.

Интерактивті сабаққа деген қызығушылықты ояту үшін, тақырыпты ашуға арналған, сәйкестендіру әдісімен берілген тапсырма. Бұл бетте әншінің аты-жөнімен суретті жұптауы тиіс.

Бір дұрыс жауабымен тапсырмасында бейнероликті тамашалап, тақырыбын анықтаулары тиіс.

Бұл тапсырманың дұрыс жауаптар саны бірнеше. Мәтінді бекіту арқылы мәтін мазмұнымен жұмыс жасалады.

Ашылмалы жауаптары мен жаттығуында суретті бекітіп, жауаптар нұсқаларын көруге болады. Өлеңнің сөзін жазған ақынның аты-жөнін көрсету мәтінмен жұмысқа жатады.

Сабақ әзірлемелерінің тапсырмалар саны — 9. Әр тақырыпқа түрлі жаттығулар арқылы мәтінмен жұмысты, шығармашылық жұмысты енгізуге болады.

Қорытындылай келе,  Online Mektep платформасындағы сабақ әзірлемелері қашықтан білім алуға, мұғалімнің көмегінсіз, қызықты әрі белсенді оқуға, оқулық мазмұны бойынша интерактивті түрде тақырыпты меңгеруге, өзін-өзі бағалауға, қатемен жұмыс жасауға, сабаққа деген ынтаны көтеруге мүмкіндік береді.

Онлайн мектеп платформасындағы сабақ әзірлемелері Павлодар облысы білім беру басқармасының Павлодар қаласының білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Үздік әдістемелік-дидактикалық материал-2021» сайысының қорытындысы бойынша І орынға ие болды. Қазіргі уақытта Онлайн мектеп платформасын толықтай меңгеру арқылы сабақ әзірлемелерін енгізу үстіндеміз, оқулық авторларымен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.