Жулдасова Алмагуль Кушкеновна
«Павлодар қаласының
№ 24 жалпы орта білім
беру мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Тіл табиғаты, сөз мағынасы күрделі құбылыс болып саналады. Тілде сөз метафорамен түрленіп ажарланады, бейнелі құралға айналады. Метафора ауыстыру немесе ұқсату, яғни мәтіннің экспрессивтік бояуын жасайтын құрал ғана емес, ол әсемдікті беруге, сөзге жаңа мағына, мәтінге соны мазмұн беруге қызмет етеді. Метафораның негізгі қызметі хабар жеткізумен шектелмейді, басты күшті ұғым қалыптастыруды көздейді. Яғни метафораның қызметі – ұғым тудыру. Метафора әлемі – бейнелі ойлау әлемі. Ал оны түсінудің негізгі шарты – сол метафораны қабылдаушы субьектінің ойлау қабілетінің дәрежесі. Метафора бойына өзінің бейнелік ассоциациясын орнықтыратын теңеу жинақталады.
Метафораның мағына дамытудағы маңызы туралы А.Байтұрсынұлы, Ә.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлы, М.Балақаев құнды пікірлер қалдырған. Оның қызметіне, қолданыстық ерекшеліктеріне Б.Хасанов зерттеу еңбегін арнаған. Әлем тіл білімінде метафораның адамның ойлау үрдісін қалыптастырушылық қасиетін ескеріп, оны басқа қырынан қарастыруды алға тартады.
Қазақ тiлi бiлiмiнде метафора туралы алғаш теориялық тұжырым жасаған — Ахмет Байтұрсынов. «Сөздің көбiн өз мағынасында жұмсамай, өзге мағынада жұмсаймыз. Арасында тек ұқсастық жоқ, eкi нәpceнiң өтeтiн әcepi бiрдей болса, бiрiне қас ғамалды екiншiсiне ауыстырып айтамыз. Мәселен, «күн құтырып кеттi», «аяз қарыған», «қырау соққан» деймiз. «құтырып кеттi», «қарыған», «соққан» деген сөздер нақ өз мағынасында емес, өзге мағынада айтылып тұр. «Құтыру» жанды, eстi нәpceнiң күйiн көpceтeтiн сөз. Мұнда күннің желдетуi адамның құтыpгaн күйiне ұқсас әсер ететiндiктен жанды нәрсенің күйiн көpceтeтiн сөз күннің күйiн көрсетуге ауыстырылып алынып тұр. Осындай ұқсастығымен ауыстырылып, өз мағынасынан сөздi өзгелеп айту — ауыстыру деп аталады» [1], — дейдi ғалым А.Байтұрсынов.
«Метафора сыртқы не iшкi бiр ұқсастығына қарап, бiр нәpceнi екiншi нәрсеге балау. Eкi нәpceнiң арасына тепе-теңдiк белгiciн қою», — деп ғалым Қ.Жұмалиев анықтама берсе [2, 117], З. Қабдолов: «Метафора сөз мәнiн түрлендiре өзгертiп айту, суреттелiп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшiн, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау, сөйтiп, зерттелiп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетiп, әcepiн күшейту» [3, 214], — деп тұжырымдайды.
Метафора құбылысы — ең алдымен адам ойлауының нәтижесi десек, «метафора тек ауыспалы мағына ғана емес, ол өз бойына көптеген қасиеттер мен қызметтердi сыйғыза бiлген күрделi процесс. Метафора – сөздердiң ауысуы мен өзгеруi ғана емес, ойдың бiр-бiрiмен қарым — қатынасының нәтижесi. Метафоралық мағынаны қолданғанда сөйлеушi әр түрлi заттар туралы екі ойға сүйенедi. Жаңадан алынатын психологиялық объект пайда болғанда тiлде оларды атайтын дайын сөз болмағандықтан, адам метафораны, яғни тiлдегi бар сөздердi (белгiлi бiр ұқсастыққа негiзделген) қолдануға мәжбүр болады. Алайда, метафораның табиғи болмысы бiр уақытта eкi мағынаның бiр сөзде қатар өмip cүpyiнe икемделген» [4, 9].
Ғалым Б.Хасановтың «эмоциялы элемент» [5, 24], — деп анықтауы тегін емес. Метафоралы байымдау мағыналы контекске қарағанда анағұрлым әсерлi келедi.
Соңғы уақыттарда бұл тақырып когнитивистикамен айналысушы ғалымдардың терең қызығушылығын тудырады. Тілдік бірліктердің жасалуындағы адам танымы, дүниені қабылдауы, оны тілде бейнелеуінде метафора маңызды қызмет атқарады. Метафора ұғымдарды қалыптастырады және дайын таңбалар арқылы оларды атайды.
Когнитивтік аспектіде метафора бірнеше жас ғалымдар еңбегіне өзек болады. Мысалы, Г.Н. Зайсанбаева «Метафоралы аталымдардың когнитивтік аспектісі (біріккен зат атаулары негізінде)» зерттеу еңбегінде метафоралар талдауға түседі [6].
«Метафоралардың тілдегі маңызына тоқталғанда дәстүрлі метафоралық тәсіл бойынша ұқсату заңына сүйеніп, қазақ тілінде көп мағыналы сөздер шыққан», – дейді Ә.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» еңбегінде [7, 90].
Метафоралардың тілдегі қызметі, оның когнитивтік үлгілерді түзеудегі маңызы, ғылым тілінің қалыптастыруындағы рөлі соңғы уақытта қазақ тіл білімінің назарына іліге бастады. Ғылыми метафоралардың жасалуын, оның қызметін айқындауға бағышталған А.С.Сыбанбаеваның зерттеу жұмысында концептуалдық метафоралардың тілдегі сипатына назар аударылады. Зерттеу еңбегінде метафораның осы түрін тілші былай көрсетеді: «Метафоралар ғылым тілінде де қолданылады. Ғалымдар да ақын-жазушылар сияқты тілде жаңа метафоралар жасайды. Таным процесі негізінде жаңа болжаммен бірге тілде метафоралар пайда болады. Ғылым тілінде метафора бейнелілігінен толық, не жартылай ажырап, деректі, дерексіз ұғымдарға атау береді. Ғылым тілінде қолданылатын метафораларды жаңа ұғымды танытып, осы тілдік белгіге айналдыру қызметіне байланысты концептуалдық метафора деп атадық» [4, 66]. Зерттеу жұмысында концептуалдық немесе ғылыми метафоралардың ғылымның барлық салаларында кең қолданылатынын көрсетіліп, олардың мағыналық топтарына, жиі кездесетін түрлеріне талдау жасалынады [4].
«Влюбленная весна принесла нам тепло» метафоралы қолданысы қазақ тіліне сөзбе сөз аударылғандағы мағынасына сәйкес қолданылмайды.
Шуақты көктем нұрын септі
Шуақты көктем жер дүниені өбіп, нұрын төкті (өбу — аймалау, сүю деген мағынаны білдіреді)
Шуақты көктем жер ананы айналып, толғанып нұрына бөледі.
Күн жайраңдап күліп, жерді құшты
Құлпырған көктем жер жүзін жайнатты.
Көктем құбылмалы (өзгермелі) (екі жүзді адам сияқты деген мағынада жұмсалады)
Күн бүгін ұясынан ерте көтерілді (солнце сегодня проснулось рано). Күн бүгін нұрын ерте шашты (Солнце встало пораньше) немесе күн ерте көтерілді. Қазақ тілінде күн бүгін ерте оянды деп айтылмайды.
Күн ұясына ерте қонды. Әдетте құстар ғана ұясына қонады. Бұл жерде күнді жанды құспен ауыстырған. Орыс тілінде «солнце устало» деп қолданылса, қазақ тілінде «күн шаршады» деген ауыстыру кездеспейді. Күн ұясына енді. Күн қызарып батты. Күн ұялып, ұясына жасырынды.
Қылышын сүйретіп қыс келді. Шұнақ құлақ қыс сақылдаған сары аязын ерте келді. Қыс қаһарына ерте мінді.
Абай өлеңінде:
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды
Үсті- басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы — үскірік аяз бен қар
Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе қар жауып мазаңды алды.
Борандатып, бұрқ-сарқ етіп долданғанда
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Ұлы ақын өлеңіндегі метафоралар күнделікті тілімізде жиі қолданылады.
Қыс қатыгездік танытты. Қыс бас көтертпеуге айналды. Биыл қыстың қаһары еліміздің көптеген аудандарында ерекше байқалды
Табиғат кешеден бері қатулы, қабағынан қар жауа түнеріп тұр.
Кешеден бері күн райы бұзылды (өзгерді).
Ауа райының қолайсыздығы мына метафоралар арқылы көрініс табады.
Күннің көзі тұнжырады. Наурыз күнгі ауа-райы қала халқына қолайсыздық танытты. Ауа-райы қапаланды. Ауа-райы райынан қайтпады. Ауа-райының ашуы тынар емес. Қыс қаһарынан қайтпай тұр. Биыл қыс қыспағы әлі созылып тұр. Қолайсыз ауа-райы босады.
Ауа-райы қаһарына мінді, соңы неге апаратыны белгісіз. Ауа-райының қолайсыздығы кешке қарай Батыс Қазақстанда байқалды. Екі күннен бері ауа-райы құбылып тұр. Құбылмалы ауа-райы әлі райынан қайтпады. Арктикалық циклон түрлі жағдайларға душар етті. Ауа-райы бізді таң қалдырды. Ауа-райы күрт өзгеріп сала берді. Табиғат бізді таң қалдырды. Ауа-райы бізге қолайсыздық әкелді. Батыс Қазақстанда ауа-райы күтпеген жайсыздық (қолайсыздық тудырды) әкелді. Ауа-райы бұзылып тұр. Күн қатулы, қабағын ашпайды.
Табиғат түледі (әдетте жан-жануар ғана түлейді), құлпырып шыға келді. Ауа-райы түрлі түске боянып шыға келді. Табиғат жасыл желегін жамылды.
Күннің көзі құлпырып, жайнады
Ауа-райы шайдай ашық. Жер бетін ақ маық қар жапты. Жер жүзі ақ желегін жамылды. Жер жүзін қарға бөледі. Жер жүзі ақ көрпесін жамылды.
Ағаштар ақ мамыққа оранды. Суық және жылы ауа жуық арада тоғысады. Бізге қонаққа арктикалық циклон келмекші. Ауа-райы бізді маужыратады. Күн көзі бізді оятады. Күн бізді жылытады. Көктем түрлі түсті кілемін төседі. Жер жүзіне жасыл кілем төселді.
Қазақ тілінде «қыс келді», «көктем келді», «жаз шықты», «күз түсті», «қыс түсті» немесе «қыс келді» деген тіркестер қолданылады. Оның себебі, көктем келді, жылы жақтан құс келді, жаз шықты, жасыл шөп шықты. күз түсті, жапырақтар түсті деген ұғымдарға сәйкес болып келеді.
Күз түсіп, жер жүзін алтын түске бояды. Күз келіп, ауа-райы құбылып, ағаштарды жалаңаштады.
Табиғат құбылыстарына атау бергенде халық өзіндік дүниетанымға, әлемді өз тәжірибесіне сай бағдарлау, бағалау ерекшеліктеріне жүгінеді. Этнограф-ғалым Тоқтасын Өмірзақов «Мифологиялық таным» мақаласында табиғат құбылысы атауы өлара туралы мынандай деректерді ұсынады: «Ежелгі наным бойынша, Жақсылық пен Жамандықтың жан алысып, жан беріскен шайқасы жыл санатына қосылмай қалған. Дәл осы уақыт қазіргі 15-21 наурыз аралығының жігіне дөпе-дөп келген. Осынау, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер», «өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар», “қара қатқақ, аш өзек” жыл мезгілін халқымыз «өліара» деп атаған» [9].