17 қарашада Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Елорданың білім белестері — тәуелсіз Қазақстан келешегі» атты форумға «Өрлеу» — Нұр-Сұлтан филиалының директоры Гүлшат Онланбекқызы арнайы шақырылды.
Ауқымды шараға ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары, әкімдік өкілдері мен білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты. Форум аясында білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттары, сала бойынша 30 жылда жеткен жетістіктер, білім беру саласы көшбасшыларының ел дамуына қосқан орасан зор еңбектері туралы сөз қозғалды.
Форумда алғашқы болып сөз алған ардагер-ұстаз, “Құрмет” ордені мен Ы. Алтынсарин медалінің иегері, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері, ҚР Мәжілісі V шақырылымының депутаты, көп жылдар бойы елордалық Білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Әсима Темкенқызы өз сөзінде Нұр-Cұлтан қаласының елорда дәрежесінде өркендеуіне педагогтер қауымының қосқан үлесі мол болғанын, оларға деген ризашылықтың зор екендігіне, елордалық білім беру саласында тәуелсіздік жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен жетістіктеріне тоқталып өтті. Сонымен қатар осы форум өтіп жатқан Әл Фараби атындағы Оқушылар сарайы тәуелсіздік жылдарында ТМД бойынша қолға алынған ең маңызды жобаның бірі екендігін, бұл ғимаратты 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзі келіп ашқанын айтып өтті.
Келесі сөз кезегін ҚР Мәжіліс депутаты, “Құрмет” орденінің иегері, білім беру саласының құрметті қызметкері, саясаттану ғылымының докторы Рахымжанов Әмірхан Мұратбекұлы алып, жиынның өзіндік символдық мәні — қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бас қосып, ел дамуының қиын да науқанды кезеңінде тынбай қызмет атқарып, еңбектің қайнаған ортасында шыңдалған еңбек иелерінің бір ортаға жиналып, бас қосып, өткенді екшеп, ел болашағын болжау туралы келелі кеңес өткізуі жақсылық белгісі екенін жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел дамуына үлкен серпін беріп, алға адымдап басып, әлемге танымал болуына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегіне тоқталып өтті. Әмірхан Мұратбекұлы елорда төрінде алғаш бой көтерген білім ордаларын басқарған ардагер-ұстаздар, өз ісіне берілген мықты да білікті басшылардың бүгін де өздерінің мол тәжірибелерін кейінгі жастарға үйретіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып отырғандарына ризашылық білдірді.
Форумның енді бір құрметті қонағы – ардагер-ұстаз, “Құрмет” ордені мен Ы. Алтынсарин медалінің иегері, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Жамал Базарқұлқызы сөз алып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елорда төрінде ашылған, өзі басшылық еткен қазақ мектебінің қалыптасу жолына тоқталып, мектептің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, ақ батасын берген сәті — ұмытылмас тарихи сәттердің бірі болғанын атап өтті. Осы мектеп ұжымында қажырлы еңбек еткен ұстаздар еңбектеріне тоқталып, жылы лебіз білдірді. Бүгінгі таңда қайнаған еңбек, тәжірибелі ортада шыңдалған ұжым ұстаздары арасынан 20 директор, 86 оқу ісінің меңгерушілері шыққандығын айтып өтті. Мақтаныш етер, қуанарлық жаңалық!
Осындай серпінді жаңалықтарға толы мазмұнды баяндамалар жалғасы қаланың білім беру саласын дамытуға үлес қосқан тәжірибелі ұстаздар мен білікті менеджерлерге беріліп, олар өз кезегінде инновациялық білім беру жобалары мен технологияларды, үздік білім беру ұйымдары мен педагогикалық ұжымдарды таныстырды.
Бегалина Орынбасар Абусағитқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Нұр-Сұлтан
қаласы бойынша ПҚ БАИ бас маманы