Бисенбаева Меруерт Кенжеғұлқызы
«Өрлеу» БАҰО АҚ Алматы облысы бойынша
ПҚБАИ-нің Әдіснама және педагогикалық
инновация кафедрасының меңгерушісі,
PhD доктор
Қай халықтың болмасын болмысы мен дүниетанымы, этникалық мәдениеті мен рухани өмірі қай кезде, қандай жағдайда болсын, белгілі бір географиялық кеңістікте көрініс табады, нақтылы тарихи дәуірлердің жемісі болып саналады. Ал халықтың барлық өмір-тіршілігі, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени, рухани байлығы болса, ең алдымен сол халықтың ана тілінен өз өрнегін табады да, асыл қазына болып қалыптасып, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады. Бұл — тіл атаулының бәріне тән объективті заңдылық, ортақ қасиет, сондықтан географиялық көне атаулар тарихи ескерткіштер іспетті, себебі өткен замандардың мұралары ретінде мемлекеттер мен халықтардың тарихының, жер жағдайларының, материалдық және рухани географиялық мәдениеттерінің белгілі бір тарихи кезеңдердегі келбетін, қалпын көрсетеді.
Тілдің өмірі тіл иесінің әлеуметтік өмірімен астарлас, өзектес, бірінсіз-бірі бола алмайтын құбылыс. Тілдің де сол халықпен бірге жасап келген тұрақ-мекені, өзен-көлі, тау-тасы, сай-саласы — адам өміріне қатысты оны қоршаған кеңістіктегі барлық нысан сол халықтың этникалық және азаматтық тарихымен бірге туып, біте қайнасқан дәуірлері болатыны шындық және осы табиғи тұтастық тарихи деректерден гөрі тіл байлығынан көбірек көрінеді деп есептеледі. Өйткені тарихи деректер әртүрлі себептермен сақталмауы да, сақталған күнде де анық жетпеуі мүмкін, ал тіл, оның деректері қанша дәуірді басынан өткізсе де, толассыз толығып, ғасырлар бойы жаңарып, жаңғырып отырса да, өткен өмірдің куәгері болуы сөзсіз деп есептеледі.
Атамекен, жер-су атауларының этнос санасында бекіп қалыптасу жолы тым әріден басталады. Ол белгілі адамдар қауымының жетілумен тікелей байланысты. Ә.Т.Қайдардың пайымдауынша, «этнос — ғылым жүзінде: «өткен дәуірлерде дүниеге келіп, белгілі географиялық ортада қалыптасқан, шұғылданған тіршілік-тірлігі бірыңғай, мінез-құлқы ұқсас, діні де, тілі де бір, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ортақ, өзінің ортақ тегін, туыстығын, тұтастығын сезіне білетін, сатылап даму барысында аналық, аталық, рулық, тайпалық, ұлыстық және халықтық дәуірлерді басынан кешіріп, бүгінде дербес ел болып отырған адамдар қауымы» болып танылады .
Кең-байтақ қазақ даласында әрбір тарихи кезеңде тілдері мен діни наным-сенімдері әртүрлі тайпалар мен рулар өмір сүріп, мекен етті, сонымен қатар көрші елдермен қарым-қатынас та ежелгі дәуірлерде-ақ болған. Соның бәрі тілдің лексикасында көрініс табады. Зерттеушілердің пікірінше, қазақ тілінің сөздік құрамындағы кірме сөздер, негізінен, араб, парсы, монғол, орыс тілдерінен енген болса, қазақ тілі лексикасындағы жалқы есімдер де құрамы мен құрылымы шығу тегі жағынан алуан түрлі. Т.Жанұзақов: «Қазақ халық географиялық терминдерінің бір сарасы басқа тілден енген болып табылады. Сол терминдердің қосылуы арқылы жасалған топонимдер де әр облыста кездесіп отырады. Сондай-ақ, жергілікті тілдерде қолданылатын аясы тар терминдер мен апеллятивтер де ұшырасады»,-деп, олардың араб, иран, монғол, орыс тілдерінен енген деп топтайды, иран тілдерінде тән: абат, сеңгір, дара, кент, шаһар, дарат, қала, дар, мар, шуй, дария т.б.; араб тілінен: сайр, рабат, хасар; монғол тілінен: аймақ, арасан, арал, бақан; орыс тілінен: балка, село, станица, заимка, усть т.б. сөздердің апеллятив ретінде жер-су атауларын жасауға қатысатынын көрсетеді .
Қазақ тіліне монғол тілдерінен сөз ауысу үдерісін монғол шапқыншылығымен ғана байланыстырмай, түркі және монғол тілдеріндегі ортақтықтан іздеу ХҮІІІ ғасырдағы түркітанушы ғалымдардың пікірлерінен бастау алады. Ш.Сарыбаев швед ғалымы И.Страленбергтің, шығыстанушы, этнограф, әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде түркі және монғол тілдерінің туыстығы жайында сөз қозғап, «түркі-монғолға ортақ сөздер» тіркестік атауын қолданғанын келтіреді және де қазақ тілі мен монғол тілдерін салыстыра зерттеу арқылы екі тілге ортақ лексиканың: адамның дене мүшелері, азық-түлік, туыстық атаулар, киім-кешек, үй жануарлары, жабайы аң-құс жануарлар, құрал-жабдық,өсімдік, табиғат т.б. тақырыптық топтарын анықтайды, бұлардың ішінде жер-су атауларын жасауға негіз болатын апеллятивтер мол. «…ортақ тілдік материалдардың бәрін түркі тілдерінен монғол тілдеріне немесе керісінше, моңғол тілдерінен түркі тілдеріне енген, демек бір тілден екінші тілге ауысқан элементтер деп кесіп айту қиын. Олай дейтін себебіміз, әдетте,сөздік қор өзгергіш келетіні рас, ал тілдің грамматикалық құрылысы әлдеқайда тұрақты. Өзара туыс емес тілдер бір-бірінен жұрнақ, жалғау, есімдік, етістік, сын есім, еліктеуіш сөздерді мол көлемде қабылдай алмайды. Бұлар бір тілден екінші тілге ауыса бермейтін сөздер. Ауыса қалғанның өзінде бірен-саран сөздердің төңірегінен аспайды. Оның үстіне, әдетте, өз бойында көне тілдің ерекшеліктерін молырақ сақтап қалған жер-су атауларының құрамында моңғол тіліне ұқсас көптеген сөздердің сақталып қалуы, моңғол мен түркі тілдерінің туыстығына тағы бір дәлел бола алады»,- деп түйін жасайды.Тілдердің туыстығын тек лексикалық элементтерді ортақтығымен дәлелдеу мүмкін емес, осыған орай, Ш.Сарыбаев: «Тілдердің туыстығын дәлелдейтін ең үлкен факт — тілдердің грамматикалық құрылысындағы ортақтық»,-деп, -шы/ші,-лық/лік, -ла/ле жұрнақтарымен қатар, көптік жалғауының монғол тілінде —нар (ахнар-ағалар т.б.) қолданылатынын айта келе, «Бірақ дәстүрлі, атам заманнан келе жатқан байырғы ортақ лексиканың көпшілігін ауысып келген сөздер дегеннен гөрі түркі-моңғол тілдерінің ежелгі бірлігінен туған сөздер деп есептеген дұрысырақ болар деп ойлаймыз»,- деген пайым жасайды.
Қазақ тіліне монғол тілінен кірген сөздер, негізінен, әкімшілік, ел билеуге байланысты,сонымен қатар, жер-су аттары да мол кездеседі. Жер-су атауларының тақырыптары әр алуан, олардың арасында жердің бедеріне, байлығына т.б. ерекшелігіне және тарихи оқиғаларға қатысты атаулар бар. А. Әбдірахмановтың еңбегінен көпшілікке белгілі: Тарбағатай (суырлы), Қандағатай (бұғылы), Толағай (бас), Катонқарағай (катон-қайың), Баянауыл (Баин ола-Бай тау), Долаңқара (жеті тау), Зайсан (жақсы), Нұра (жыра), Мұқыр (шолақ, қысқа), Қорғалжын (қорғасын), Қордай (қарлы), Алтай (алтын тау), Нұра (көл, өзен), Нарынқол (жіңішке өзен) т. б. [6].
Түркі және монғол тілдерінің байланысын салыстырмалы тұрғыда зерттеуші Г.Сағидолданың пайымдауынша: «Қазіргі қазақ тіліндегі сан ондаған сөздердің түп-төркіні түркі монғол ортақтығына барып саятындығы, қайсы біреулері қазақ халқымен аралас-құраласта, қарым-қатынаста (саяси, әлеуметтік, жаугершілік т.б.) болған әрқилы халықтар тілінен енген кірме сөздер болып келетіндігі белгілі. Бұл құбылыс қазақ тілінің лексикалық жүйесінде сөздердің нақты категориясы ретінде орын алатын географиялық атауларға да қатысты болып келеді. Топонимдер (географиялық атаулар) тілдегі бар сөздер негізінде жасалатынын ескерсек, жер-су аттарының қыр-сыры, мән- мағынасы, қойылу себептері сияқты мәселелер, яғни топонимдер тарихы тіл тарихымен астасып жатары сөзсіз» .
Белгілі халықтың топонимиясының қалыптасуында географиялық орта, территориядағы этникалық құрам, халықтың дүниетанымы, тарихи оқиғалар, нақты территорияда өмір сүруші этностың діні, салты, дәстүрі әдет-ғұрпы, шаруашылығы, тұрмыстық тіршілік-тынысы т.б. факторлар негізгі роль атқаратыны белгілі. Осыған орай, Г.Сағидолда «… өткен өмір жолында алуан қилы тарихи оқиғаларды басынан кешірген, әрқилы халықтардың араласуы тым жиі болған қазіргі Қазақстан және Монғолия территориялары үшін топожүйелердің біртекті мүмкін емес. Қазақстан топонимиясы үшін «субстраттық, жалпытүркілік, қазақ тіліндегі, сондай-ақ әртүрлі тілдерден енген кірме атаулар негізіндегі топонимдік қат-қабаттылық тән болса, Монғолия топонимиясы — таза монғол тіліндегі атаулардан, тұңғыс-маньчжур және түркі тілдерінен енген кірме атаулардан тұрады» ,- деп тұжырымдайды.
Бұдан географиялық атаулардың қалыптасуында кірме элементтердің өзінің аралас келетіні тек араб, парсы тілдерінен ауысқан элементтерге ғана қатысты емес, өзге тілдермен қарым-қатынас нәтижесінің көрінісі де осындай екені аңғарылады. Бұл мәселеге қатысты Г.Сағидолда: «Қазақ топонимиясындағы жалпытүркілік және таза қазақ тілінде жасалған атаулар қабатына, сондай-ақ монғол топонимиясындағы таза монғол тілінен жасалған атаулар қабатына зер салсақ, оларды салыстыра барласақ, бұл атаулық қабаттарды құраушы топонимдердің көбісінің түп негізінде түркі-монғол ортақтығына алып баратын апеллятив лексика жатқандығын аңғарамыз»,-дейді. Осыған орай, қазақ және монғол топонимиясында кездесетін, екі басқа нысанға берілген, екі түрлі тілдік ортада пайда болған, атаулық тұрғыдан алғанда, әрқайсысы жеке-дара топоним қызметін атқарып жүрген, ішкі мазмұны мен сыртқы тұрпаты бірдей, бірімен-бірі апеллятив лексика тұрғысынан да сәйкес келіп жататын атауларды гомогенді, тектес топонимдар деп атайды. «Мұндай топонимдерге тереңдей үңілсек, оны жасауға қатысушы апеллятив лексиканың пайда болу, даму тарихы түркі-монғол ортақтығына барып саятындығын, ал топогенезі мен атаулық мән-мағынасының табиғаты түркі, монғол халықтарының мәдени тарихи байланысына алып баратындығын аңғарамыз. Гомогенді топонимдер арқылы біз бұл екі халықтың өмір салтындағы, дүниетанымындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі, діни наным-сенім, салт-дәстүр, ырым-рәсімдеріндегі ұқсас жақтарды барлай аламыз»,- дей келе, Г.Сағидолда қазақ-монғол топонимиясындағы ортақ гомогенді географиялық атаулар қатарына: Алтынбұлақ/Алтанбұлаг; Харгол/Қарақол; Зост/Жосаты/Жезді/Зэст; Айғыржон/Азрагын нуруу; Өлеңті/Өлеңті; Алтынтау/Алтан уул; Көкоба/Хөховоо; Босаға тау/Босго уул; Шідерті/Чөөдөроөт; Қабырға тау/Хавирга уул; Қатынсу/Хатангол; Хантауы/ Хаануул; Қарағанды/Харганат; Қарауылтөбе/Харуулыновоо; Алтай/ Алтай; Тамырсу/Тамиргол; Хантәңрі/Хантәңгэр; Мойылты/Мойлт; Қияқты/Хиягт тәрізділерді жатқызуға болады деп есептейді
Хан тәңірі — Тянь-Шанның орталық бөлігіндегі оқтай шаншылған, биіктігі 6995 метр биік шың, Қазақстан Республикасы мен Қырғызстанның шекарасында. Атаудың шығуы туралы Е.Қойшыбаев: «Көне түркі тайпаларының бірі тува түркілері де қазіргі Саян тауын Хантәңірі -«аспан тау» деп атаған. Бұл жайғдайлардан Біз Хантәңірін көне түркілердің «аспантау» мағынасындағы атауы деп айта аламыз»,-деп тұжырымдайды. Т.Жанұзақов атаудың көне түркі тілінде тангар/тәңрі тұлғасында «көк», «аспан», «құдай» мағыналарын білдіргенін, осы мағынада монғол тілінде де тэнэр аталған мағынада қолданылатынын айтады. Ерте замандарда Тенгір көне түркілердің «еңбасты құдайы» саналғаны белгілі. Олардың әулие, құдайларын Тенгри (тәңірі), Умай (Умай), Иер-Суб (жер-су) атағаны жайында ҮІІІ-ҮІІІ ғасырлардағы Орхон ескерткіштерінде де жазылған. Т.Жанұзақов атау жөніндегі Клоссонның тенгір сөзін Хун, Үйсін дәуіріне жатқызып, оның «аспан», «әулиеге балаған көк» деген тұжырымын келтіре отырып, Хан тәңірі атауы «аспанмен таласқан, көкке тірелген биік тау», «аспан тәңірісі, құдайы» деген мағынада қойылған сияқты деп есептейді. Аталған тұжырымдарды қолдауға себеп болған -тектес атаулардың өзге түркі халықтарының жерінде кездесетіні. Атап айтқанда, Хакас жерінде хан-тигр, Кузнецк Алатауының оңтүстігінде, Минусин мен Кузнец ойпатының аралығында Тигр Тізі атты таулар, Алтайда Тенери — «көкаспан», Тенери-айры — «аспан айрығы» атты көлдер бары келтіріледі. Тау, көл атауларының «аспан», «көк», «құдай» мағынасы сол кездегі адамдардың отқа, аспанға, табиғатқа табынудан пайда болған наным-сеніміне байланысты қалыптасқан.
Алатау — тау, басы Хантәңірінен баталып, аяғы Шымкентке дейін созылып жатқан асқар биік, заңғар тау. Түркілер ежелгі замандардың өзінде-ақ биік шыңды, басында мәңгілік мұз бен аппақ қар жатқан тауларды Алатау атаған. Оны: Кузбас Алатауы, Жоңғар Алатауы, Іле Алатауы, Қырғыз Алатауы, Тянь-Шань Алатауы атаулары көрсетеді. Е. Қойшыбаев осы атаулардағы ала сөзінің мағынасы қазақ тіліндегі «ақ пен көктің аралас түсіне» қатысты емес, ұлу немесе одан да көнелеу оло тұлғасынан шығады деп есептейді. Демек, Алатау — «ұлы, аса зор, биік тау» деген мағынаға ие екені байқалады .
Шарын — Ұйғыр ауданындағы өзен, көне түркі тілінде — чаран -«арынды, тасқынды, екпінді, қарқынды өзен» Қырғыз тілінде шар — «жылдам, тез, арынды ағыс», монғол тілінде царга -«арынды, асау, тентек». Демек, өзен аты түркі, монғол тілдеріне ортақ келіп,»арынды, қарқынды, екпінді, тасқынды» деген мағынаны білдірген. Атау қойылған есте жоқ ескі заманда бұл өзеннің өткел бермес асау болғаны анық.
Сөйтіп, монғол тілдік қатарға: Хантәңірі, Кербұлақ, Қастек, Егінді, Нарын, Нарынқол, Қарқара, Шарын, Қошқар т. б. атаулар қазақ және монғол тілдеріне ортақ ұғымдарға қатысты жасалғаны байқалады, кей жағдайда көне түркілік элементтер де араласады, олардың нақты шекарасын ашу әзірге қиындау. Бұның себебін Г.Сағидолдақызы түркі, монғол халықтарының ұзақ уақытқа созылған трихи қарым-қатынасы, мал шаруашылығына негізделген көшпелі өмір салтындағы ортақтық, территориялық аралас-құраластық т.б. арқылы түсіндіреді, өйткені бұл халықтардың тілдерінде де өз бейнесін, өз таңбасын қалдырғаны даусыз. Мұндай экстралигвистикалық факторлар монғол тілдерінен түркі тілдеріне, түркі тілдерінен монғол тілдеріне тілдік элементтердің енуін, өзара алмасуын, ауысуын қамтамасыз еткен.
Әдебиеттер
- Қайдар Ә. Т.Қазақ тілінің өзекті мәселелері.-Алматы:Ана тілі,1998.-304 б.
- Жанұзақ Т. Жер-су атаулары (этимологиялық анықтамалық).- Алматы: Арыс, 2005.-256 б.
- Әбдірахманов А. Топонимика және этимология. — Алматы: Ғылым,1975.-206 б.
- Қойшыбаев Е. Основные типы топонимов Семиречья. Автореф. дисс. канд. филол. наук. Алматы, 1967.-24 с.
- Щербак А.М. Введение в сравнительное изучение тюркских языков.- Санкт-Петербург: Наука,1994.-191 с.
- Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.- Алматы:Санат,1997.- 256 б.
- Сарыбаев Ш.Ш. Қазақ тіл білімінің мәселелері.-Алматы:Арыс,2000.- 624 б.
- Сағидолда Г. Түркі (қазақ) және монғол халықтарының тарихи-мәдени байланыстарының топонимияда бейнеленуі. — Алматы: ЖШС Полиграфист, 2000.-254 б.