«БАЛДӘУРЕН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-САУЫҚТЫРУ
ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ
ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Білім кешені
2021 жылдың 3 ауысымында өткізілген «Жыр алыбы Жамбыл» атты тәрбие сағатының сценарийі.
Өткізілу орны: «Балдәурен» РОСО филиалы, химия кабинеті.
Уақыты: 27.02.2021 ж. Сағат 12.00.
Сынып: 8 «Г»
Сынып жетекшісі: Айтбай Б. Х.
Мақсаты: Жыр алыбы Жамбылдың өмірі мен шығармашылығына шолу. Жамбыл Жабаевтың өлеңдері мен әндері арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Жамбыл Жабаевтың суреті, видеосюжеттер, ақынның шығармашылығына арналған көрме.
Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының екей руынан шыққан. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі. Отбасылық тарих бойынша, Жамбылдың анасы Ұлдан, Жамбылдың атасы Ыстыбайдың ауылы шапқыншылардан қашып жүрген кезде босанған.
«Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей — көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан», — дейді Жамбыл ақын.
Заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған еді. Жамбыл Жабаевтың туғанына 2021 жылдың 28 ақпанында 175 жыл толады. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ғабит Мүсірепов еркелеген, Бауыржан Момышұлы бас иген, Мәлік Ғабдуллин құшағына алған. Ромен Роллан, Михаил Шолохов, Павло Тычина, Николай Тихонов, Константин Симонов сияқты әлемдік әдебиеттің өкілдері де ерекше құрметтеген.
Жамбыл хат танымаған. Ақынның 1930 жылдарға дейінгі өлеңдері ел аузынан және есінде қалғандарын айтуымен жазылып алынған, барлығы – елудей.
Жамбылдың төңкеріске дейінгі өлең-жырларының көбі дер кезінде жазылып қалмағандықтан ұмыт болған. Кейін, кеңестік дәуірде, ақынның есіне түсіргендері әр кезде түрлі жағдайға байланысты шығарылған өлеңдерінің жұрнағы ғана.
Халықтың өміріндегі қуанышқа да, күйінішке де ортақ бола білген ақын әрдайым көптің қамын алдыңғы кезекке қойып сөйлеген. Патшаның 1916 жылы қазақтан соғыстың қара жұмысына адам алу жарлығына батыл қарсылық білдіріп, «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» сияқты өлеңдерін шығарған.
Ақын жүзге қараған шағында дүние салды. Ұлы ақынның денесі өзі өмір сүрген Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында жерленген. Басына үлкен кесене тұрғызылып, ауыл ортасында ақынға арналған мұражай ашылған. Жамбылдың қазақ халқы үшін, қазақ поэзиясы үшін аса қымбат. Ақын шығармаларының толық жинақтары бірнеше рет басылып шыққан, ол туралы зерттеу кітаптары жазылған, кинофильмдер түсірілген. Жамбыл атымен облыс, елді мекендер, көшелер аталады.
Жамбыл Жабаев 1945 жылы 22 маусымда сағат 7:55-те қайтыс болған екен. Өзінің өтініші бойынша үйінің артындағы алма бағында жерленген.