Муртазаева Баян Абжапбаровна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша
ПҚ БАИ зертхана меңгерушісі, Тараз қаласы
Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) маңызды рөл атқарып отырғаны ақиқат шындық. Қазақстан – тарихи тағдыры ортақ этностардан құралған унитарлы мемлекет. Сондықтан еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ құрылымның аясына біріктірудің сара жолы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру болды. Елбасы ҚХА құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тəуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халқы форумында айтты. 1995 жылы 16 ақпанда еліміздегі ұлттық мəдени орталықтардың жетекшілерімен кездесу барысында Елбасы республикадағы ұлтаралық келісімді сақтау жəне оны одан əрі нығайту үшін республикада жаңа қоғамдық институт – Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқын ортақ мүддеге біріктіретін Ассамблея құру қажеттілігі туындап отырғанын айтты.
Осы идея 1995 жылғы 1 наурыз күні іске асып, ҚХА құрылып, оның мəртебесі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде бекітілдіы. Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлық шықты. Осындай тарихы бар Елбасы идеясының жемісі болған ынтымақ пен бірліктің ұйытқысы – ҚХА бүгінде елімізде орны ерекше ұйымға айналды. Оның басты міндеті мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізуде. Сонымен қатар, ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ Ассамблея халық егемендігін шоғырландырушы саяси органға айналды. Ассамблеяның негізгі бағыты барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылады. Ассамблея өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі – ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйым ғана емес, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналып отыр. Ассамблеяның басты мақсаты: Қазақстандағы барлық этностардың рухани тұрғыда қайта жанғыруы мен дамуын қамтамасыз ету, өркениеттік жəне демократиялық ұстанымдарға, мемлекеттік ұлттық саясатта барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлтаралық қатынас мəдениетін қалыптастыру болып табылады.
Еліміздегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» дейді дана бабаларымыз. Осы жерде айта кететін жайт, елдік мәселелер «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ ұжымы назарынан тыс қалып отырған жоқ. Ұжым орыс, өзбек, украин, кәріс, марий халықтарының басын біріктіріп отыр. «Бірлігі бекем елдің еңсесі биік» дейді дана халқымыз, филиалда атқарылып жатқан игі істер мен жетістіктер ұжымдағы түрлі этнос өкілдерінің үйлесімді қызметінің арқасында жеткен жетістіктеріміз. Филиалдың 2 жыл қатарынан биік жетістіктерге жетіп, «Өрлеу» БАҰО» филиалдарының арасындағы рейтинг бойынша бірінші орында болуы да осындай бірлік, келісім мен достықтың нәтижесінде қол жеткен табысымыз деу керек. Жамбыл – «Өрлеу» филиалы жұмысының тағы бір саласы — түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған Жуалы, Байзақ, Меркі, Шу, Қордай аудандарындағы этносаралық татулықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысы. Облыстың барлық аудандарында қоғамдағы келісім мен этносаралық татулыққа байланысты ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жиындар және дөңгелек үстелдер, әдістемелік десанттар ұйымдастырылады. Барлық нәтижелерге тек қарқынды жұмыс арқылы ғана жетуге болады. Ел бірлігі мен тыныштығы, қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісім мәселелерінің өзектілігі күн санап артып, өзінің өміршеңдігін айқындап отыр. Сондықтан барлық атқарылып жатқан игілікті істеріміз халқымыздың болашағын, бірлігіміз бен татулығымызды берік етсін.