Алматы қаласы Жетісу ауданы
108 жалпы білім беретін мектебінің
10-сынып оқушысы
Тореханова Алтынай
Тәуелсіздік… Ата-бабаларымыз қаншама жылдар бойы аңсап өткен тәуелсіздік! Еліміздің тәуелсіздігі, егемендігі жолында қаншама қан мен тер , еңбек кетті десеңізші !
Еліміздің тәуелсіздігін алу үшін қазақ елінің жастары, атап айтатын болсақ: Қайрат, Ербол, Ляззат сынды батыр әрі өжет аға-әпкелеріміз алаңға шығып, соңғы демдері таянғанша «елім, жерім» деп еңіреп, күресіп кетті. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған аға-әпкелерміздің жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет қалыптастық. Желтоқсанда Отан үшін жанын қиған жастарды ешқашан ұмытпаймыз! Батыр аға-әпкелеріміздің ерлігін насихаттап, өскелең ұрпаққа айту – аға буындардың парызы.
Тәуелсіздік- таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз! Тәуелсіздік- әрбір елдің аңсап, егеменді мемлекет болып қалыптасуына ықпал еткен. Еліміз Тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алып, 16 желтоқсан «Тәуелсіздік күні» болып жарияланды. Биыл тәуелсіз мемлекет болғанымызға 29 жыл толып отыр. Жиырма тоғыз жыл ішінде Қазақстан мемлекеті әлемге танылып, етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес, зайырлы ел болды. Бұл дегеніміз атадан- балаға келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. Тәуелсіз мемлекет болғалы еліміздің өз президенті, өз рәміздері, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы қалыптасты. Қазірде Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Бір шаңырақ астында өзге елдің өкілдерін жатсынбай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруіміз- елбасының көрегенді саясатының арқасында. Тәуелсіздік күні- ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсідігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс»,-деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.
Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін өз заңдары мен талаптарын енгізе бастады. Осы негізде ата заңымыз қабылданып, ата заңға сүйене отырып, қоғамдық келеңсіздіктерді реттейтін, адам құқықтарын қорғайтын заң жобалары қабылдана бастады. Қабылданған заңды жүзеге асырушы сот өз билігі өз біліктерін көрсете білді.
Отан, Отан бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем!
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен!
-деп өткен ғасырда жүрегінен сыздай жырлаған ақын сөздері бүгінгі ұрпақтың санасында өшпестей жаңғырып тұрады: қасиетті Отан ұғымы – қандай кезде де, қандай қиындық пен қуанышта да, тіпті отаршылдықтың тар қақпасында тұншығып жатқанда да, ел басына күн туған аласапыран шақтарда да, және бүгінгідей тәуелсіздіктің бейбіт те шуақты күндерінде де – әрқашанда бәрінен биік тұрады.
Тәуелсіздік- мәңгілік елдің тұғыры! Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс! Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн!