Алматы қаласы Жетісу ауданы
№108 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Бертілеуова Гүлзира Ерғалиқызы
Тәуелсіздік жайлы сөз қозғалғанда бостандық, еркіндік деп табаны тозған батыр ата — бабамыздың ерлігін айтпау қазақтығыма жат болар. Теңсіздік заманында теңдік үшін, иық тіресіп қарсы тұра білген тарландардың жемісі, бүгінгі — тәуелсіздік. Осы тәуелсіздік үшін өз өмірін тәу еткен аға — әпкелердің есімін ұмыту елдігіме сын болары Һақ. Тәуелсіздік үшін күрес көтерілісінде жүректерді сыздатып, көзден жас пен бірге қан аққан сол бір кездің басы қасында болған Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхаметжанова, Кенжегүл Молданазарова, Мырзақұл Әбдіқұлов, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сынды желтоқсанның ызғар желін міз бақпай, кеудесімен оқ тосқан қаһармандардың есімі бүгінде ел есінде. «Заманына қарай адамы», — демекші сол дәуірде ауадай қажет болған осы тұлғалардың еңбек — ерлігі болмаса, бүгінгі күніміздің жайын ойлаудың өзі қорқынышты. Жер шарынан жоғалған ұлт болуымыз немесе өз туымызды тіккен ел болуымыз өткен өмір өреңдерінің қолында тұрған іс еді. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», — дегендей күш пен ақылды тиімді пайдаланып жасалынған, әрекеттердің оң болуының нәтижесінде бүгінде еліміз еркіндіктің дәмін сезінді. Әлем алпауыттарымен иық тіресіп, ғылым мен білімнің шарықтап өрлеуінің барысында біздің отандастарымыздың ілгері оқшауланбай, үзеңгелестерімен қатарласып әр деңгейде өз үлестерін қосып, «Қазақ» деген атты әлемдік деңгейде жандандырып жүр.
Тәуелсіздік — еліме үлкен, саналы күштің арқасында келгенін ширек ғасыр өтсе де, миллиондаған жылдар өтсе де, еш жадымыздан шығармай, қазаққа тән мәдениетіміз бен салт — дәстүрімізді ескінің етегіне жібермей, бойымыздағы жүректей қадірлеп, сақтағанымыз абзал.