Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№ 108 ЖББМ
Қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі
Сванкулова А.
Дархан даланың төсінде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай еркін өмір сүруіміз, алпауыт елдермен иық тіресіп дамуымыз , келер күннің көгіне көлеңке түсірмей, үздіксіз білім алып отыруымыз – Тәуелсіздіктің арқасы .
Сіз ойлаңызшы, 300 жылдай қазақ халқына кісең тақты, бостандығымыздан айырды, аштықпен халқымызды қырды, еркін сөйлеп, еркін жүру ата-әжелеріміздің арманы болып қалды. Ал, біз болса, бүгін Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығын тойлап отырмыз. Үш ғасыр ішіндегі толықтай, ешкімге тәуелсіз емес бірінші ұрпақпыз десем қателеспеймін. Сол үшін әрқайсымыздың мойынымызға үлкен жауапкершілік бар, біздің артымыздан келе жатқан жас ұрпаққа дұрыс жол көрсетіп, еліміздің рухани, мәдени және экономикалық дамуына үлес қосып, әлемге қазақтың кім екенін көрсетуіміз керек. Бізде бұл үшін қолымызда бәрі бар, әрбір қазақтың жадында жүру керек ұран; «Әлемді өзгерткің келсе, бірінші өзіңнен баста!»
Қаншама астарлы ойды кейде өлеңмен жеткізгім келеді:
Мен қазақтың қызымын, мақтанамын,
Байтақ жатқан даламнан бақ табамын.
Керек болса, қиындыққа төтеп беріп,
Отан үшін от кезуге аттанамын.
Тәуелсіздікке жету оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге аян. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы. «Бек ұлдары құл, пәк қыздары күң болмасын» деп жаудың басын еңкейткен, тізесін бүктірген сонау VIII ғасырдағы Күлтегін мен жаужүрек жауынгерлері, одан берідегі қаншама қыршын кеткендер тарихтың қанмен жазылған беттерінде тұр. Ақ найзаның ұшындағы туды төмен түсірмеген тәуелсіздік тарландарын, жоңғарлармен ғасырлар бойы күресіп өткен жаугершілік жылдарын былай қойғанда, XX ғасырдағы ұлт-азаттық күрестің, соғыстың салқыны әлі сезіледі.
Бүгін — күллі қазақ, күллі Алаш қастерлеген қасиетті һәм қасіретті күн. Биыл ел тәуелсіздігіне тура 30 жыл толып отыр.
Тақырыпта былай қоюымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені еліміздің тәуелсіздік алуына, шекарасын бекітіп, еңсесін тіктеуіне ересен еңбек еткен бір күш болса, ол осы Алаштықтар еді. Бүтін бір зиятты, сауатты топтың, интеллигенцияның қазіргі Қазақстан үшін сіңірген маңдай терін өлшеп-сызу мүмкін де емес шығар. Бұл туралы әлеуметтанушы, ғалым Қанағат Жүкешев «Қазақстан 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін алмас еді, егер 1936 жылы КСРО құрамынан шығу құқығы бар Одақтас республика мәртебесіне көтерілмесе. Қазақстан Одақтас республика мәртебесіне қол жеткізе алмас еді, егер 1920 жылы автономиялық республика болып құрылмағанда. Қазақстан автономиялық республика бола алмас еді, егер Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылар ерен ерлік көрсетіп, жанкешті әрекеттерге бармаса…» дейді.
Осы пікірді негізге ала отырып айтар болсам, Алашордалықтар тек қана елдің егемендігін, бостандығын, еркіндігін қалады. Сол алаштықтардың әрқайсысына атылған мылтықтың дауысы құлағымыздан кете қойды ма? Желтоқсанның ызғарында азаттықтың ақ таңы үшін алаңға шығып, білекті біріктірген жүректі жастарымыз ше? Сүйегі сақталмай, арулап жерленбей, жер жастанған жауынгер ұлттық сол ұрпағын ойға алғанда сүйек сыздамай ма?
Иә, қаншама ғасырлар бойы бабалардың аңсаған арманының орындалуына біз, біздің буын куә болдық! Бұл-зор бақыт. Ендігі біздің миссиямыз — бақытты бағалау, басқа қонған бақты аялау, ел егемендігі жолында шейіт болған жаужүрек жауынгерлеріміздің ерлігін ұмытпау, осы күннің тууын тілеп, ешқашан үмітін үзбей өткен ата-бабамыздың арманын аласартпау, ұлан-ғайыр даланы ұрпағы үшін қорғаған намысшыл ұлттың рухын өлтірмеу.
Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет.Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы. Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Егемендігімізді баянды ету-баршаға ортақ асыл іс. Әр ата-ана өзінің ұрпағын Тәуелсіздікті қастерлеуге үйретсе, мектеп мұғалімі оқушыны отаншыл болуға баулыса, болашағымыз баянды болмақ. Жастардың санасына «Мен елімнің ертеңі үшін қандай үлес қоса аламын?» деген ойларды сіңіріп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін барынша сезіндіру керек.
Біз көпғасырлық тарихымызда тәуелсіздігіміздің қандай қиындықпен берілгенін білеміз, сондықтан бүгін біз бұл мерекені зор жылулықпен және патриотизммен атап өтудеміз. 30 жыл ішінде біз әлемде лайықты орынға ие болып, мемлекет ретінде орнықтық.
Бүгін – ақ түйенің қарны жарылған ұлы Тәуелсіздік мейрамы! Тәуелсіздік жолында қыршыннан қиылған боздақтарға қатпар тарих куә емес пе?! Батырдың қанымен, арудың арымен келген еңселі егемендік кейінгі ұрпақ-бізге аманат!