Алматы қаласы
Жетісу ауданы
№108 ЖББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі Жамали Айбын
Арасындамын сан мың салалы байламның,
Түйінін таппай тараулы тұман ойлардың.
Ұлыңмын сенің, құлынмын сенде тулаған,
Ұлтым деп бүгін, жұртым деп бүгін қайғы алдым.
Білуші едім жауының бәрін жеңді деп,
Жүрегі түкті бабасы болған ержүрек.
Бейбіт заманда шыңға шығады ұрпағың,
Көк туың мәңгі қалуы үшін желбіреп.
Кейде кеудемді қуаныш оты кернейді,
Өздерің жаққан жалыным бойда сөнбейді.
Алмас қылышпен жауладың кеше жер жүзін,
Ал енді ұрпағың намысын оңай бермейді.
Ұмыта алман кереге керген көк белді,
Басқа салмасын енді қайғы-азап шеккенді.
Азат күнімнің ғажап болсын деп ертеңі,
Басымды иіп есіме алам өткенді.
Бабамнан қалған бағасы өшпес мол мұра,
Халқым деп ұрандатамын даусым жаңғыра.
Қуаныштан тек шықсыншы көзден жасымыз,
Шаңырағыңда шертілсін мәңгі домбыра.