Home » Мақалалар » Ұстаз бақыты – сан мың шәкірті

Ұстаз бақыты – сан мың шәкірті

Ертеде бір данышпан адам «дүниеде көп адамды бақытқа бөлей білген адам бақытты» деген екен. Мұндай бақытты жандардың қатарына өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, бойына тәрбиенің ізгі дәнегін себетін ұлағатты ұстаздарды қосуға әбден болады.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты М.Қаналиев атындағы Алғабас жалпы орта білім беретін мектеп-балабақша кешенінің ардақты ұстазы, 40 жылдан астам уақыт көптеген шәкірттердің қолына бақыт кілтін ұстатқан орыс тілі пәнінің оқытушысы Саламат Қаналиев. Осы ауылдың өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан асқар тау әкесі, соғыс және еңбек ардагері Молдаш Қаналиевтің есімін иеленген білім ұясында еңбек етіп жүрген Саламат ағамыз бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, еселі еңбегі мен төккен терінің зейнетін көрер шаққа жетіп отыр.

Алдымен Саламат Молдашұлының еңбек жолына көз жүгіртсек, он бір жыл мектеп басқарып, әріптестерінің құрметіне ие болған білікті маман иесі 1958 жылы 17 қарашада қазіргі қасиетті Сырым өңірінде дүниеге келген. 1975 жылы Алғабас орта мектебін бітіріп, ал 1980 жылы сол кездегі А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман сол жылы еңбек жолын бұрынғы Жымпиты ауданында мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып бастаған. Ал 1985-1996 жылдары он бір жыл қатарынан Алғабас орта мектебінің директоры қызметін атқарып, білім ордасының қанатының қатаюына септігін тигізген. Аға буын әріптестерінің де еңбегін елеусіз қалдырмауға өз үлесін қосты. 1996 жылдан бері осы мектепте ұстаздық қызмет атқарып келеді.

Жалпы педагогикалық еңбек өтілімі 41 жылды құрайтын Саламат Молдашұлы ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі. Ұлағатты ұстаз жайлы көптеген шәкірттерінің ізгі лебіздерін оқыдық. Алайда оның барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Тек бір-екеуін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Саламат Молдашұлы – біздің ортаңғы сыныптағы алғашқы сынып жетекшіміз. Ұстазымыз бізді достыққа адал, көпшіл болуға тәрбиелеп, тура жолға бағыттады. Өз пәнін жетік меңгертіп, сауатты сөйлеу мен жазуға үйретті. Бүгінде арада ұзақ жылдар өтсе де, аяулы ұстазымыздың еңбегін әр кез құрметпен есімізге алып жүреміз. Саламат Молдашұлына ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілейміз» деген жылы құттықтауын жеткізді оқушысы Дамира Сатымова .

«Мен Саламат Молдашұлынан көп уақыт дәріс алмасам да, оқушылық жылдарымда ол кісінің алар орны ерекше. Бүгінде өзім де сабақ беремін, осы сара жолда ұстазымның жақсы қасиеттерін есімнен шығарған емеспін. Саламат ағайымыздың берген білімі біздің оқуға деген талабымызды ұштап, жан-дүниемізді құштарлыққа толтырды. Сол себепті осындай ұстазымыздың болғанын мақтан тұтамыз» дейді тағы бір шәкірті Мұрат Бисенғалиев.

Қазіргі уақытта кейіпкеріміздің шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет атқаруда. Жолын қуған ізбасарлары да бар. Өткен жылы оқушысы Раушан Сайлан мемлекеттік грант есебінен Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсті. Бүгінде үздік студент, болашақ орыс тілі пәнінің  мұғалімі.

Саламат Молдашұлының жары Гүлсім Сәуірқызы да – ұстаз, жоғары санатты орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ол да Алғабас ЖОББ мектеп-балабақша кешенінде ұзақ жылдар елеулі еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Бір шаңырақтағы ерлі-зайыпты қос ұстаз екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан балдай тәтті екі немере мен бір жиен сүйіп отыр.

Мінекей, дүниеде көп адамды бақытқа бөлеген жан Саламат Молдашұлы ұлағатты ұстаз ғана емес, асыл жар, ардақты әке, мейірімді ата. Өмірде бұдан асқан бақыт болуы мүмкін бе?! Енді зейнеткерлікке шығып, өз бақытын еселей түсері де сөзсіз.

Ләззат ҚАЖЫМОВА
«BILIM AINASY»
Батыс Қазақстан облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.