Бүгін Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарындағы кәсіптік бағдар беру жұмыстары туралы баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс» екендігін айтқан болатын.
«Білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар беруге назар аудару қажет. Қазіргі уақытта Кәсіптік бағдар беру және диагностика жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді, еліміздегі мектептердің 77,3 %-ында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» курсы енгізілді, кәсіптік бағдар беру бойынша 3753 кабинет және 6 мыңнан астам кәсіптік бағдар беру бұрышы жұмыс істейді және т.б. жұмыстар жүзеге асырылуда», – деді Ғани Бейсембаев.
Айтуынша, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мынадай жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр:
- жобаны ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді және ұсынымдар әзірлеуді қамтамасыз ету;
- кәсіптік бағдарлау мен диагностиканың ғылыми негізделген құралдарын әзірлеуге қатысу;
- білім беру ұйымдарында педагогтерге арналған курстардың мазмұнын әзірлеу;
- орта білім беру ұйымдарында жобаны енгізу тиімділігі бойынша жүйелі мониторингін жүргізу.
Баяндама қорытындысы бойынша Ғани Бейсембаев мектептерде кәсіптік бағдардаумен айналысатын мамандарды, кәсіптік бағдарлаушы психолог, кәсіптік бағдарлаушы педагог мамандарының штаттық бірліктерін енгізуді, жоғары оқу орындарында «психолог-кәсіптік бағдар беруші» жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігін, педагогикалық бағыттағы барлық білім беру бағдарламаларына кәсіптік бағдар беру бойынша модуль енгізуді, стейкхолдерлерді үйлестіруді, процестің қатысушылары арасында міндеттерді бөлуді қамтамасыз ететін кәсіптік бағдарлау бойынша бірыңғай орган құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар «Назарбаев зияткерлік мектептерінің», «Білім-Инновация» мектептерінің осы бағыттағы тәжірибелеріне назар аудару қажет екенін айтты.
Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясының
баспасөз қызметі