Home » Білім және тұлға »  САҒЫНДЫҚ СІЗДІ, ШОЛПАН ӘПКЕЙ!

 САҒЫНДЫҚ СІЗДІ, ШОЛПАН ӘПКЕЙ!

 САҒЫНДЫҚ СІЗДІ, ШОЛПАН ӘПКЕЙ!

(39 жылдан кейінгі кездесу)

«Анашым, сізді оқушыларыңыз кездесуге шақырып жатыр» деген күннен бастап, анамыз жүз толғанып, мың құбылып, «бұл қалай болар? Осыншама жылдан кейін менің шаршаған, қартайған жүзімді көріп, не ойлап, қандай күйде қалар екен?..» деген ойлардың жетегінді болды. 39 жылдан кейін өзінің алғашқы түлектерімен кездесу, бет көрісу кез келген ұстазға оңай тимесі анық. Әсіресе денсаулығы сыр берген, қартайған, әлсіреген жан үшін тіпті де. Бірақ тәуекелге бет бұрып, өзін қайрап, іштей дайындалып, әсем киімдерін реттеп, анамыз өзінің төл шәкірттерімен, баласындай тәрбиелеп өсірген алғашқы түлектерімен кездесуге бел байлады.

Иә, ұстаз шәкірт үшін күннің құдіретті сәулесі секілді зор тұлға. Қандай жағдайға түспесін, қай жасқа келмесін, ұстаздың шәкірттің алдындағы мәртебесі биік болып қалуы керек. Ұлағаттылық пен даналықтың үлгісін көрсетіп, озық өнегесін сақтап жүруі тиіс. Өйткені ұстазды – қоғамның айнасы дейміз. Ұстаздың беделі – қоғамның беделі деп жатамыз. Ал шәкірт болса, тоқсанды алқымдап, жүзге келсе де, ілім-білімге қанығып, даналықтың биік шыңына жетсе де, ұстаздың алдында мәңгі бақи шәкірт болып қала береді.

Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы Н.К.Крупская атындағы мектеп-интернатта анамыз Қырықбаева Шолпанкүл Қуатбекқызы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап тәрбиеші, бастауыш сынып мұғалімі, математик болып ұстаздық қызметін бастаған-тын. Бұл оқу орны негізінен сол өңірдегі орманшылар мен қойшылардың балалары оқитын, осында жатып білім, тәрбие алатын мекеме болып табылатын. 1974 жылы анамыз қырық шақты баланы қарамағына алып, өзі жетекшілік жасап, 1982 жылға дейін оқытып, үлкен өмірге қанаттандырып жіберген.  Міне, отыз тоғыз жылдан кейін осы шәкірттері қайта қауышып, «Шолпан әпкей, біз сізді сағындық» деп алғашқы ұстазы, тәрбиешісі, екінші анасындай болған әпкейін (Жамбыл облысында мұғалімдерін осылай атайды) шақырып, Тараз қаласында кездесу ұйымдастырды. Әрі бұл кездесудің жөні бөлек-тін. Өйткені ондаған жылдарды араға салып алғаш рет бас қосып отыр. Кездесу сәтіндегі толғаныс, сағыныш сезімдері, құшақ-құшақ гүлдер… әрине, бұл үлкен әңгіме. Бұндай қуанышты сәтті сөзбен айтып жеткізу де қиындау. Кездескеннен кейін көп ұзамай алдымен «Тектұрмас әулие» мешітіне барып, қой сойып, осы күнге жете алмай қалған сыныптастарының рухтарына құран бағыштап, абзал достарын еске алды. Одан кейін қаланың көрікті жерлерін аралап, кешірек «Қарлығаш» демалыс орталығында жалғасты.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демей ме халық даналығы?! Бұл сыныптастардың ұстанымы ғана емес, бауырмашылдығы да, сыйласа білуі де, үлкенді қадір тұтып, кішіге құрметпен қарау да ерекше десек болады. Интернатта оқып жүріп, ата-аналарын аптасына, кейде айына бір-ақ рет көретін бұл оқушылардың бір-біріне деген бауырмашылдығы, достық сезімі әу бастан қалыптасып қалған-тын. Әрі тәрбиеші-ұстаздарының мейірімділігі, қамқорлығы бұлардың бойында ізгі қасиеттердің қалануына түрткі болды. Әрбір баланың мінез-құлқына, өзін-өзі ұстауы мен ортаға алғаш бейімделуіне жіті назар аударып, баланың толқыған көңіл-күйіне демеу болып, алақанында аялап, мәпелеп, ыстығы мен суығына төзе білудің арқасында тәрбиеші адам бірте-бірте сырлас дос, сенімді адамына айналады. Оқушы мен ұстаздың арасында жылы қарым-қатынас, рухани байланыс осылайша қалыптасып үлгереді. Анамыз демалыс күндері оқушыларын үйге әкеліп, ауырып қалса, дәрігер шақырып, бас-көз болып, солардың қамында жүретін. Тіпті оқушылардың ата-аналарымен, туыстарымен достық қарым-қатынас құрып, отбасы отбасы болып, араласып та кетіп жүрдік. Бала кезімізде сол бір тәтті әдемі балдәурен шақ осы оқушылармен бірге өтіп, анамызбен еріп, интернатқа бара қалсақ, жапа тармағай әрқайсысы көтеріп, бізді мәпелеп, еркелете кететін. Енді міне, қазірде бұл оқушылар елудің бел ортасына жақындап, үлкен отбасының отанасы, отағасы атанып, бала-шаға, немерелерінің ортасында ардақты ата-ана, қамқор ата-әже болып отырған жайлары бар.

Жасырақ кезінде анамыз өте белсенді, әрі мінезді кісі болатын. Балаларын да, оқушыларын да ширақ болуға үйрететін. «Жақсы іс істеуге тырысыңдар. Жақсы істі тез істеп қана қоймай, мүмкіндігінше шебер істеуге дағдыланыңдар!» деп жиі айтып отыратын. Кез-келген жұмысты қолға алдың ба, жеріне жеткізе орындау, тиянақты етіп жасау керек дейтін. Дүниеде қабілетсіз адам болмайды деп те қоятын кейде. Адамның өзі табиғаттың ғажайып сыйы. Бірақ сол сый мейлінше ашылып, жарқырауы үшін жұмыс істеу керек, еңбекқор болу керек. Жұмысқа деген ынта-жігерің, талпынысың сенің бұл өмірде бар екеніңді айқындайтын көрсеткіш деп жататын.

Нағыз педагог – психолог әрі адам жанының инженері болуы тиісті. Мұхтар Шаханов ағамыз дұрыс айтады, «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық» деп. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұруы тиіс дейді. Анамыз Шолпанкүл Қуатбекқызы оқушылардың қабілет-қарымын ашып, білімді, үздіктердің қатарынан болуға көп еңбек сіңірді. Мұсаева Шынар, Қырықбаева Назира сынды оқушылары Кеңес Одағындағы үздіктердің ішіндегі үздіктерінің ғана қолы жететін Артекке де барып қайтты. Көптеген оқушылары өнер, білім, спорт бағыттарында биік белестерден көрініп, оқу орнының мерейін асқақтатты. Өздерін талантты, дарынды жастар екендіктерін дәлелдей білді. Бүгінде әрқайсысы жеке-жеке тұлға, өз істерінің кәсіби мамандары атанып, еліне, туған жеріне қалтқысыз еңбек етіп келеді. Атап айтар болсақ, Сәрсенбаева Сәлима, Мұсаева Шынар, Қырықбаева Назира, Смағұлова Дариға, Үмбеталиева Перизат, Қырықбаева Ақбота, Шадырқұлова Балжан, Шоматаева Мәрия, Исабекова Гүлмира, Медеубаев Ерлан, Шымырбеков Сәкен, Шырынбеков Ғалым, Ажарбеков Қайрат, Мелдебеков Жұлдызбек, Жекебаев Қуат, Жолдыбеков Айтбек, Жолдыбекова Айткүл, Жолдыбекова Шолпан, Омарова Гүлжамал, Үкібаев Әнуар, Нұрсейітов Қабыл, Искаков Болысбай, Бөрікбаев Жапар, Абдраманов Бақытғали,  Құрманбеков Нұрлан, Ормаханова Шәрбану, Жарықбасова Кенже, Жидебаева Роза, Әбілдаев Жанбосын, Жиенбаева Қанткүл, Жәуішов Әмзебек, Үсенбаева Мираш… Бұл сыныптастардың жүзінде жылу, жүрегінде иманы бар, тәлім-тәрбие берген ұстаздарын қадір тұтып, биікке көтере алатын кешегі парасатты аға ұрпақтың мұрагерлері іспеттес. «Ұстаз келе жатыр» десе, иіліп сәлем беретін, алдын кесіп өтпейтін, туған анасы мен әкесіндей сыйлайтын көргенді ұрпақ. Ұстазын ардақтаған елдің келешегі әрдайым жарқын болады. Ел боламын десең, ұстазыңның халін біл демекші, жасы келген анамызды сыйлап, құрметтеп, ұстаздық қызметте де, отбасында да бірге жүрген ғұмырлық серігі, жан жары, аяулы әкемізді де шақырып, төрден орын беріп, барынша сый-құрмет көрсеткені үшін балалары мен немерелері атынан айтар алғысымыз әрине шексіз. Ұйымдастырушылық ісіне атсалысып, осындай кездесудің жоғары деңгейде өтуіне көп еңбек сіңірген анамыздың оқушыларына, әсіресе Гүлмира Мірәліқызы мен Ерлан Ахметбекұлына, сыныптастарды іздеп тауып, арнайы топ ашып басын қосқан Сәлима Әбілдашқызына деген ризашылық сезімдеріміз үлкен. Анамыз жасарып, кездесуден кейін көрші-қолаң, ағайын-туыстарды үйіне шақырып, қандай керемет өткенін баян етіп, қуанышымен бөлісіп жатқан жайы бар.

Иә, ұстаздың бүкіл мақтанышы, абырой-беделі – шәкірттерінде, өзі оқытып, тәрбие берген ұрпақтарының өсіп-өнуінде.  Шәкірттері үлкен азамат атанып, биіктен көрініп жатса, мұғалім еңбегінің жемісі емес пе?..  Бауыржан Момышұлының мына бір даналық сөздерінен артық түйіндей алмаспыз деп ойлаймыз: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз».

Қанат Едігетегі,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.