Home » Білім және тұлға » Тілдің тірегі- өзіміз

Тілдің тірегі- өзіміз

Қазақ тілінің мәртебесі мен қолданылуы — қазіргі таңдағы өзекті  мәселелердің бірі. Иә, айта берсек, қазақ тілі туралы мәселе көп. Жаза берсең, таусылмайды. Қай кезде болмасын тіл мәселесі — сол тілде сөйлейтін, сол тілде сусындаған  халықтың мәселесі. Жалпы өз басым осы мәселенің көтерілгенін қолдаймын, себебі  қоғамда тілге деген құрметтің жоқтығы байқалады. Екі адам бір-бірімен сөйлескенде де таза қазақша сөйлемей жатады. Сөздерінің арасында міндетті түрде орыс тіліндегі  сөздер кездеседі. Таза өз ана тілдерінде  сөйлесе алмайды.Тіпті, өз ана тілінде сөйлеуге ұялатындары да бар. Себебін сұрасаң, «ойымды қазақ тілінде толық жеткізе алмаймын», «мен орыс мектебін оқығанмын»деген сынды көптеген сылтаулар  табылады. Сол себепті де   қазіргі таңда жастардың өз ана тілін жетік меңгеруіне өте қатты мән беруіміз керек. Себебі  олар -тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген тәуелсіз жастар. Олар – еліміздің болашағы. Жастардың қазақша сөйлеуге деген құлшынысын оятатын , заманға сай, заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану керек.

Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы. Ақпарат алмасу, қарым — қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс –әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды.   Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды. Айта кетсем, жастардың қазіргі таңда уақытын көп бөлетін әлеуметтік желілердің бірі —  инстаграм. Инстаграм желісінде  қазақша контент түсіретін қазақ блогерлері көбейіп жатыр. Блогерлердің басты мақсаты — оқырмандарды өз парақшаларына тарту, қызықты контент түсіру, қандай да бір игі істерге қоғамды үгіттеу, міне, осылардың барлығы қазақ тілінде болатын болса, жастардың туған тіліне деген қызығушылығы артар еді.  Біз шет тілін меңгергенде де бізге ұстаздарымыз сол тілдегі видео материалдарды түсінбесек те көруге кеңес береді. Адамның миы қандай да бір ақпаратты белгілі  бір тілде жиі көрген сайын, уақыт өте келе түсінбеген сөздерін түсініп, сол тілге деген қызығушылығы арта түседі.

Қазіргі таңда өзекті  мәселелердің біріне айналған бір мысалды айтайын. Отбасы мүшелерінің барлығы таза қазақша сөйлейді, бірақ баланың тілі орыс тілінде шыққан. Әрине, бұның бірден-бір себебі – баланың тілі шыға бастағаннан орыс тілді мультфильмдер мен орысша бағдарламаларды көруінен және ата- ананың баланың не көретіндігін қадағаламауы. Баланың тілінің шығуына телеарналардың да ықпалы зор. Осы орайда қазақстандық бірінші балалар арнасы «Балапан» телеарнасын атар едім. Телеарнаның басты ерекшелігі ол таза қазақ тілінде эфир   таратады. Қазақ тіліндегі бағдарламаларды көріп,тыңдап өскен баланың бойында туған еліне , жеріне деген сүйіспеншілік қалыптасары сөзсіз.

Сондай – ақ қазіргі таңда менің  құрбыларымның арасында сленг сөздерді қолданып сөйлейтіндер көбеюде. Бұл қазақ тілінің қоғам арасындағы  деңгейінің төмендеуі деп айтсақ қателеспейміз. Сондықтан тілімізді жаргон, сленг сөздермен шұбарламай, ата- бабамыз қалдырған асыл сөздерді қолдануымыз қажет. Осы орайда ата-аналар балаларының сөз әдебіне, тіл мәдениетіне мән беруін қадағалап отырса. Жастарымыз   бар уақытын әлеуметтік желіге арнап, сауаттылық деңгейін төмендеткеннен   гөрі, қолына кітап ұстап, қазақ тілінің көркем сөздерін санасына сіңіргені әлдеқайда тиімді дегім келеді.

Маликрамова Ақмарал
Семей қаласы
№23 мектептің 11-сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.