Home » Мақалалар » ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІҢ ТИІМДІЛІГІ

ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІҢ ТИІМДІЛІГІ

Молданбаева Альфия Даулетқызы,
Түймекент орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
Байзақ ауданы

Білім беру саласының дербестігін нақтылау, білім беру ісін басқаруды демократияландыру еліміздің мектептерінде оқытудың белсенді және инновациялық әдістері мен технологияларын тиімді пайдалануды қажет етеді. Оқытуда жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану оқушы үшін де, мұғалімге де шығармашылықпен жұмыс жасауға ықпал етеді. Қазіргі кезде әлемде қалыптасқан пандемия жағдайында қашықтан оқыту форматына өтуге байланысты, білім беру жүйесіндегі өзгерістер: «педагогикалық технологиялар», «тәсіл», «әдіс» сияқты ұғымдармен тығыз байланысты дамып, оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді терең меңгеруге жетелейді. Ал ол, өз кезегінде, әсіресе бастауыш сынып мұғалімінің инновациялық даярлығын қалыптастыруды қажет етеді.

Инновациялық іс-әрекеттер төрт бөлікке жіктеледі; әдіснамалық, пәндік-теориялық, әдістемелік, технологиялық. Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастырудың бірінші әдіснамалық бөлігіне мыналар кіреді: ізгілікті филасофия, философия ғылымы, ғылым әдіснамасы, педагогика әдіснамасы, әдіснамадағы жаңа білімдер жиынтығы. Екінші пәндік-теориялық бөлікке жататындар; мұғалімнің беретін пәні бойынша теориялық білімі, педагогика, психология, дидактика, педагогикалық инноватика бойынша жаңа білімдері. Үшінші әдістемелік бөлікте мұғалімнің өзі беретін оқу пәнінің тарихы мен әдістемесін білуі және тәрбие жұмыстарын, сыныптан, мектептен тыс жұмыстарды өткізу әдістемесін білуі жатады. Төртінші технологиялық бөлігі мұғалімнің өз пәні бойынша нақты педагогикалық технологияларды білуі, меңгеруі және оны өз тәжірибесінде қолдануы жатады. Сондай-ақ мұғалімнің тәрбиелік технологияларды білуі, меңгеруі, оны пайдалануын да осы бөлікке жатқызуға болады.

Осы ретте мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастырудың теориялық мазмұны біртұтас педагогикалық үрдісті ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізу, педагогикалық рефлексия мен өзіндік рефлексияны жүзеге асыра алуы сияқты жұмыстардың негізін ашуды, үйренуді мақсат етеді.

А.Саранов «Инновациялық білім беру жүйесін дамытудың теориялық негіздері» атты еңбегінде: «инновациялық процесс – жаңаны құру, тарату және қолдануға бағытталған процесс, оның құрылымы жаңаны пайдалану идеяларынан туындайды», — деп атап көрсетеді де инновацияны жаңаны ендірудің соңғы нәтижесі немесе практикалық іс-әрекетте пайдаланылатын технологиялық процесті жетілдіру ретінде қарастырылады.

Жаңашыл жүйеге, үрдіске, құбылысқа ілгері бір жаңалық енгізуші адам, көптеген іс-шараларды ұйымдастыруда адамдардың өзіндік жаңашылдық іс-әрекетін көрсете алушылығы. Бүгінгі таңдағы, бастауыш сыныптағы пәндер дүниетану, ана тілі, әдебиет сабақтарына; топқа бөліп оқыту, рөлдік ойын элементтерін, пікірсайыс және басқа дәстүрлі емес түрлері, оқытудың жаңа технологиясы тәжірибеге кеңінен ене бастады. Ондағы дәстүрлі емес сабақ түрлеріне шолу жасар болсақ, «саяхат», «мұражайға экскурсия», «концерт», «қойылым»; «дөңгелек үстел», «брифинг», «презентация», «аукцион»;  кино, теледидар, бейнетаспа сабақтар; пікірсайыс сабағы, проблемалық іздену сабақтары, интеллектуалды ойлау сабағы т.б.

Сөзіміз құрғақ болмау үшін, дәстүрлі емес сабақтарда оқытудың жаңашыл әдістерін пайдалану жолдарын нақты сабақ жоспары арқылы қарастырсақ, 4 сыныпта «Дүниетану» пәні бойынша «Азаматтық қоғам. Құқықтық қоғам» тақырыбын өтуде балаларға  әдептілік, тәрбиелік сияқты түсініктерді ашып көрсету арқылы құқықты cыйлаушы азамат тәрбиелеуге басты назар аударылады. Осы тақырыпты кең көлемде түсіндіруде Қазақ хандары, оның ішіндеТәуке хан, «Жеті жарғы» туралы оқушыларға әсерлі де, көркем тілмен жеткізе баяндай отырып, сабақты «дөңгелек үстел» пікірсайыс түрінде өткізген тиімді.

Осы ретте оқушылар оқулықпен топ құра жұмыс жасайды. Тақырыптағы мәтінді соңына дейін оқып-танысады. Осы мәтін төңірегінде мәлімет даярланады. Тақырып туралы мәліметті бір топтың балалары бастап, содан кейін мұғалім қай топты көрсетсе, сол топтың оқушылары осы мәліметті жалғастырады. Оқушылардың зеректілігін дамыту үшін мұғалім оқиға туралы айтып тұрған оқушының сөзін кез- келген жерінен үзіп, басқа топқа одан әрі жалғастыруды тапсыру керек. Осындай әдіс-тәсілдер оқушылар жауабының сапасы бағалауға, нақтылап айтқанда: мазмұндылығын, жүйелілігін, ғылыми нақты фактілерді пайдалануын, қосымша материал қолдануын, ойдың жалғасын табуын, өмірмен байланысы анықтауға септігін тигізеді. Ал қорытынды кезеңде әрбір оқушы берілген тапсырманы дауыстап оқиды, тапсырма бойынша жауап дайындайды, ондағы негізгі ойды тауып, талдау жасайды. Осындай әдіс-тәсілдер арқылыы оқушылардың оқуға белсенділігі артады. Оқушылардың ішкі мақсаттарының алғашқы міндеттері жүзеге асырылады. Екінші туындаған мақсатты орнықтыру үшін дербес іс-әрекеттің нақты өрісі ұсынылады. Үшіншісі —  жалпы талқылау. Ол бірлескен педагогикалық қызметтің келесі кезеңі ретінде қажет, оның процесінде педагог өзінің оқу проблемасын шешудің ақиқатын дәлелдеуге топтарды жұмылдырады. Біздің талдағанымыз бір ғана әдіс-тәсілдің маңыздылығы, ал сабақ кезінде оларды түрлендіріп, бір-бірімен ұштастыра отырып пайдалану – мұғалім шеберлігінің еншісінде. Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің басты қайшылығы – тез өзгеріп бара жатқан білім беру тәсілдерінің түрлілігімен ерекшеленеді.

Ал, еліміздің жаңа білім беру сипатына көшу арқылы шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа ұлттық үлгіні жасау, жалпыға арналған білімнен әркімге өмір бойы үлгісіне көшу және әлемдік білім беру кеңістігіне енуді мақсат етеді.

Артур Кларк «Білу аз, оны қолдану қажет. Білемін деу аз, оны жасау қажет.» деген сөздері оқушының білімді алып қана қоймай , оны қолдана алу дағдысы болу қажеттілігін көрсетіп отыр. Олай болса қазіргі заман мұғалімінің тек теориялық жағынан ғана қаруланбай, оқушыға білімді өмірде қолдануын үйрете алатын қолдаушы, өз білімін жан-жақты жетілдіріп отыратын , үнемі ізденісте болатын, бастысы оқушыны ойлауға үйрететін тұлға болуы тиіс.Яғни, мұғалімнің теориялық және тәжірибелік білімдерінің өзара тығыз байланыста болуы – мұғалімнің кәсіби дамуының негізіне айналуы тиіс.

Жаңа әдіс-тәсілдер мұғалімдерге көптеген оқыту стратегияларын, түрлі педагогикалық тәсілдерді араластырып қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ нақты әдістер мен стратегияларды қалай және қай жағдайда қолдану қажеттігін көрсетеді. Бұл ретте басты назар оқытудың күтілетін нәтижесіне негізделеді.

Сабақ жоспарын құрғанда мұғалім жалпы мақсаттарды қойып, әрбір оқушының мүмкіндіктерін ескере бермейтін, ал енді кері байланыс арқылы келесі сабақтың негізі айқындалады. Онда күтілетін нәтижелерге басты назар аударылып, барлық оқушымен жұмыс жасауына мән беріледі. Оқыту нәтижелілігі мұғалім жұмысының жүйелі болуына байланысты. Жүйелі түрде жұмыс жасау үшін мұғалім үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Ол деген баланың күнделікті қызығушылығын негізге ала отырып, ілгері дамытуды қамтамасыз ету дегенді білдіреді..Бұл көрсеткіштердің барлығы мектеп мұғалімі: жүйелі жұмыс жасаса, өмірмен байланыстарды негізге алса, өз іс-әрекетін зерттеуі дұрыс деңгейде қалыптастырса, ізденісте болса, әр баланың алға жылжуына жағдайлар жасаса ғана өз нәтижесін береді.

Шәкірттеріміздің білімін шыңдау, қабілетті, дарынды тұлға дайындау – мұғалімдер алдындағы жауапкершілікті міндеттердің бірі болып табылады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.