Бисенғалиева Арай Ізбасарқызы
Ақтау қаласы, «№20 М.Әуезов атындағы
ЖББМ» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі
Аннотация: Мақалада халық әдебиетінің ғажайып құбылысы Жамбыл Жабаев шығармашылығының негізгі тақырыптары талданады. Жыр алыбының руһани қайнар көзі, ақындық шабыты халық әдебиетінің мол қазынасынан бастау алатындығы көрсетіледі. Ғасыр жырлаған жыр алыбы – өз кезеңінің дауылпаз жаршысына айналып, халық ақыны деңгейіне көтерілген ақын. Жамбыл жырларынан біз таңғажайып ақындық қуат пен суреткерлік шеберлікті табамыз, сондай-ақ, қазақ халқының тарихи кезеңдеріне куә бола аламыз.
Түйін сөздер: Жамбыл Жабаев, жыр, халық ақыны, айтыс, эпик.
Ғасырлық ғұмырын өлеңмен өрнектеп, жырлары заманының шарайнасына айналған Жамбыл – нағыз халық ақыны. «Батаңды маған бер, əке» деп ақындық жолға түскен күннен бастап ақын бойындағы тума талантын елінің мерейін асырып, мұң-мұқтажын айқындауға жұмсады. Он жастан өлеңге көңіл бөлген бала Жамбыл жыр сүлейі Сүйінбайдан бата алып, ел арасында айтысқа түсіп, айтыстың ақтаңгеріне айналады. Жамбыл өзінің ақындық шеберлігін «Жамбыл мен Құлманбеттің айтысы», «Жамбыл мен Досмағанбет», «Жамбыл мен Бөлтірік», «Жамбыл мен Айкүміс», «Жамбыл мен Шашубай» атты айтыстар үстінде көрсете білген[1]. Жамбылдың айтыстағы жырларының басты ерекшелігі өлеңінің суреткерлік қуатымен қатар, ақынның «берекелі ел мен ел қорғаған ерді» ардақтап, халық атынан сөйлеп, халық ақыны дəрежесіне дейін көтерілуінде жатыр.
Жамбылдың әлемді таңқалдырған ақындық қуатының қайнар көзі – халық ауыз әдебиетінің сарқылмас мол қазынасы. Халық әдебиетінің тұнығына қанған жырау ауызша тараған жыр-дастандарды жатқа білген. Мұхтар Әуезовтің айтуы бойынша, миллион жол өлеңді мүдірместен жатқа айтатын болған[2]. Жыр алыбы жыраулар поэзиясының үлгісінде өткен мен бүгінді сабақтастыра жырлайтын үрдісті қалыптастырды. Қазақ халқының фольклорлық, эпикалық өнерін өрістетуде жыраулар ізбасары қомақты үлес қосты. Жамбыл атамыздың «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Көрұғлы», «Бақ, дәулет, ақыл» атты дастандары эпикалық жанрдың майын ішкен жыр сүлейі екенін дәлелдейді[3].
Жамбыл өлеңі ел өмірімен біте қайнасады. Ел басына күн туған 1916 жылы дауылпаз ақын көтерілістің басты ұраншысына айналады. Қайраткер абыздың «Патша әмірі тарылды», «Өстепкеде», «Шағым», «Шәбденге», «Зілді бұйрық», «Сәт сайланарда», «Жылқышы» сияқты өлеңдері елдің әлеуметтік-саяси өмірін бедерлейді [3]. Жамбыл –азаматтық ұстанымына берік айтыс ақыны, абыз жырау, жауынгер жыршы, ғажайып эпик ақын.
Кеңестік кезең жыр дүлдүлінің шығармашылығында жаңа тыныс ашты. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Жыр алыбы ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлады. «Ленинградтық өнерім» деп сарбаздарға руһ берген ақынның соғыс жылдары Отан қорғау такырыбына арнап шығарған өлеңдері 3000 жолдан асады [4].
Даңқты жазушы Сəбит Мұқанов: «Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол əлеуметтік жəне жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі» дегені шындық, тіпті көпшілік біле бермейтін бір жайт, жыр алыбы – 1938 жылы 92 жасында Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты болып сайланып, депутаттық сессиялық мандатын өлең жолдарымен ашқан алғашқы адам.
Сөз зергері Сәкен Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» [4] деген екен. Көзі тірісінде «ХХ ғасыр Гомеры» атанған Жамбыл атамыздың мол мұрасы – әдебиетіміздің баға жетпес қазынасы. Ғасырлық ғұмырында адамзатқа ортақ құндылықтарды жырлап өткен ақын жырларынан біз өмірімізге қажет өнегені бүгін де таба аламыз. Ұлтының қамын қара басынан жоғары қойған ақын жыры ұрпағымен бірге ғасырдан ғасырға жасай береді.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- Бекен Ыбырайым ЖамбылЖабаев. Шығармалары. – Алматы: «Нұрлы Press.kz», 2014. – 288 б.
- Қирабаев С. Жамбылды жаңаша табу // Егемен Қазақстан. — 2016. — 6 ақп. — 9-б.
- Жабаев Ж. Халық менің шын атым. Өлең-жырлары мен айтыс, дастандары. — Алматы: Атамұра, 2008. — 256 б.
- Жайлаубай Ж., Естай Қ. Əдебиетіміздің асыл кені // Егемен Қазақстан. — 2018. — 19 наур. — 5-б.