Home » Мақалалар » Қазақтың ұлы тұлғаларынан қалған қасиетті домбыралары біздің асыл мұрамыз

Қазақтың ұлы тұлғаларынан қалған қасиетті домбыралары біздің асыл мұрамыз

Сарина Гульвира Айхановна
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақ ұлттық өнер университетінің
оқытушысы

Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышында да, қайғысында да бірдей қолданып өмірлік серігі еткен. Ұлы ақын-әншілер, жырау-жыршылар, кұйшілер домбыраның күмбірлеген үнімен халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Ал домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отырған. Осы мақалада Кенен ақынның, Сүгір жыраудың, Жамбылдың, Амангелді батырдың, Қазанғап, Дина күйшінің, Абайдың, Махамбеттің, Біржан сал мен Ақан серінің өз қолдарынан біздің заманға дейін сақталған асыл пернелі де алтын тиекті домбыралары туралы ақпараттар келтірілген.

Аты аңызға айналған күйші Дина Нұрпейісованың домбырасы «Назарбаев орталығының» материалдық мәдени-тұрмыстық заттар қорында сақтаулы. Күй анасының ақ батасымен бірге келген домбыраның тарихы мынадай: Болат Сарыбаев — 1927 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының негізін салушылардың бірі, белгілі ұстаз Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың баласы. Дина Ұлы Отан соғысы кезінде біраз уақыт Сарыбаевтар үйінде тұрады. Болаттың музыкалық қабілетін байқаған Дина Нұрпейісова «Болатжан балам, мына домбыраны сақтап, ойнап үйрен» деп өзінің домбырасын сыйға тартады. Күйшінің «Өмірімдегі ең асылым осы — домбыра, көзімдей көріп жүр» деген сөзі Болат Сарыбаевтың көңілінде жатталып, бар ғұмырын қазақтың музыкалық аспаптарын жинап, ән-күй мұрасын зерттеуге түрткі болады. Қазақтың маңдайына біткен дәулескер күйшіден мирас қоңыр домбыраны 1939 жылы шебер Арыстан Ермеков жасаған екен.

Әйгілі Кенен Әзірбаев ақындық, әншілік өнеріне бастау болған көне домбыра Қордай ауданы, Кенен ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайда сақтаулы тұр. Ақын бұл домбыраны он бір жасында қолына алған екен. Бала Кененнің өнерге ынтықтығын байқаған ақынның туыс ағасы Еркебай Базарұлы мұны өз қолымен жасап беріпті. Талай ән мен жырдың дүниеге келуіне себепші болған, Кенен кеңістігінің көркем деңгейге көтерілуіне жол ашқан бұл домбыра ауылдың, ауданның ғана емес, тұтас өнерсүйер қауымның құнды жәдігері. Ғасырдан астам тарихы бар қара домбыраны ақынның қызы Төрткен Кененқызы музейге сыйлаған екен. Қазақ тарихындағы қилы кезеңдердің куәсі болған Кенен ақынның тағдыр жолы оңай болмаған. Қос бірдей перзентінен айырылып, арманда қалған ол «Базар-Назар» деген қасіретті әнін шығарады. Базар мен Назарды жоқтап салған әні әлі күнге дейін тыңдарман құлағында.

Он алты жасында қолына домбыра алып, алқалы топқа танылған Сүгір жыраудың қара домбырасы ұрпақтарының үйінде сақтаулы. Қасиетті аспап, сол қалпында, әлі күнге дейін өңдеуден өтпеген күйінде тұр. Ұрпақтары домбыраны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету парызымыз деп сақтап келеді. Немересі Жәнібек Өтелгенұлының айтуынша, домбыра 1916 жылдары жасалған. Домбыраның қасиеті Сүгір атамыз жыр айтып жатқанда дауысы алдына түсіп отыратын ерекшелігі бар екен. Құрылысы да қазіргі аспаптардан бөлекше пішінде. Қақпағында сегіз тесігі бар. Құлақ жанындағы кішкене тиегі алып-салынатын болған. «Мұны Өтетілеу деген Сүгір атамыздың ағайыны сол жасап беріп, екі домбыра жасап берген. Сосын Сүгіржан сен біреуін ал деген кезде, екеуін тартып қарап, біреуін алған. Маңғыстау да енді ағаш жоқ. Шанағын бәрін осы шай келет дейді осы шетеннен жасалған дейді. Осы домбыра Сүгір атамыздың өзінен тартқан кезде озып отырады дейді», — депті сұхбаттарының бірінде жыраудың немересі. Ал, Сүгірдің ұлы Өтелгеннің көзі тірісінде айтқан әңгімесінде домбыраны жасаған Сарман деген шебер екендігін мәлімдеген. Ол кісі қырықмылтық Қарасай, Тәжік жырауларға да домбыра жасап берген. 2004 жылы Сүгір жыраудың 110 жылдығына орай Қызылсай ауылындағы орта мектепке есімі беріліп, алдына алып ескерткіші қойылды. 120 жылдығында аталған білім ордасынан мұражайы ашылған. Жыраудан қалған құнды жәдігерлер сонда орналастырылған.

Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың бүгінге дейін үш домбырасы сақталған. Екеуі өмірінің соңғы жылдары тұрған, ал қазірде мәдени ескерткіш мұражай болған үйінде сақталған. Ал бір домбырасы Алматыдағы Ықылас атындағы Республикалық музыка аспаптар мұражайында сақтаулы тұр. Бұл домбыраны Әлімқұл Жамбылов, ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында ұйымдастырылған республикалық айтыста сыйға тартқан. Домбыра аудандық музейге 2006 жылы қабылданған. Домбыраны музей қорына жерлесіміз Мардан Байділдаевтің қызы Жанат Байділдаева өткізген. Аталған домбыраны кезінде ақын-жырау Жамбыл Жабаевтың өзі ұстаған. Бұл домбыраның шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған. Атасы тартқан домбыра шанағынан басқа бөліктерінің барлығын Әлімқұл қайта қалпына келтіріп, жаңғыртқан.

Жыр алыбы аспабының шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған сияқты. Музыкалық аспап жетісулық үлгіде жасалған. Шанағы ұзын, бесбұрышты, мойынтұғыр жағы сүйірлеу, түйметұғыр жағы төртбұрышты, екі бүйірі түйметұғыр тұсынан бастап жоғарыға қарай сәл кеңейіп, мойынтұғырына қарай қайта тарыла түскен. Мойны жіңішке әрі ұзын. Арқасы үшкірлі әрі дөңес. Шанағының беті қарағаймен, ал қапсырма беті жұқа тақтайшамен жабылыпты. Дыбыс ойығы адам шынашағының ұшы сиярлықтай ғана. Құлақ тесіктері қос шектің ара қашықтығына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау орналасыпты. Құлақтары мен түйметұғырығы ағаштан жасалған. Домбыраның өлшемі: тұрқы — 97 см.; шанақтың ұзындығы — 40 см.; шанақ бетінің жалпақтығының ең кең тұсы — 16,7 см.; шанақтың түйметұғыр жалпақтығы — 12,7 см.; шанақ беттелген қарағайдың қалыңдығы — 0,2 см; домбыра мойыны шанақ ұшынан домбыра басының (алақаны) ұшына дейінгі ұзындығы — 57 см.; шанақ ұшының мойынмен ұштасатын тұсының жалпақтығы — 3,7 см.; 1-ші перне мойнының алтын асық түйісер тұсының жалпақтығы — 1,9 см.; мойнының орташа қалыңдығы — 2 см.; шайтан тиегінің жалпақтығы — 2 см.; биіктігі — 0,5 см.; екі құлақтың арасы — 3,9 см.; домбыра басының (алақаны) ұзындығы — 9,1 см.; домбыра басының қалыңдығы — 0,9 см.; домбыра басының жалпақтығы — 3,9 см.; дыбыс ойығының диаметрі -1,6 см.; 19 пернелі [1].

Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың тапсырысы бойынша арнайы жасалған ұлттық аспап қазіргі таңда Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов мырзаның ізденпаз еңбегінің арқасында Академияның мұражайында сақтаулы тұр. Бұл мұражайдағы ең құнды, әрі тарихи көне жәдігер ретінде сақтаулы. Бүгінгі күні домбыраның қыр-сыры зерттеліп, М.Әуезовтің өз қолымен тартқан домбырасы екені дәлелденіп жатыр. 1916 жылы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Амангелді Имановтың домбырасы Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Домбыраның қордағы реттік нөмірі — 1619. Ұзындығы шамамен алты қарыс. Шанағының көлемі сопақша һәм қапталы, беті, сыртқы сауыр дүмі бөлек-бөлек шабылып, асқан шеберлікпен жымдастыра құрастырылыпты. Перне тағылған қу мойнының шанақпен құйысқан тұсынан бастап қос ішектің бітеу тұйығы бекітілген шегесіне дейін домбыраның сырты сүйекпен көм­керілген. ҚР мәдениет қайраткері, күйші әрі зерттеуші Мұрат Әбуғазының мәліметінше, қазақтың ұлы күйші-композиторы Қазанғап Тілепбергенұлының домбырасы Қазанғап күйлерінің республика жұртшылығына танытуға, насихаттауға ұланғайыр еңбек сіңірген майталман домбырашы Сәдуақас Балмағамбетовтың үйінде сақтаулы тұр.

Ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының домбырасын Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің қызы Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейіне 2017 жылдың қыркүйегінде тапсырған еді. Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының екі ішекті домбырасы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музейінде сақтаулы. Инвентарлық нөмірі — 000051. Ұзындығы 96 сантиметр, дека — 17,5х39 сантиметр. Қазақтың әйгілі ақыны, сазгер Біржан Қожағұлұлының домбырасы 000053 деген инвентарлық нөмірмен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музейінде сақталған. Ұзындығы 93 сантиметр, ал дека — 18х39,5 сантиметр.

Жоғарыда келтірілген ақпараттардың маңызы материалдық түрде сақталған ұлттық өнердің символы домбыраның әйгілі үлгілері туралы хабардар болуымызда. Қазақ халқының мың жылдар аясын қамтитын рухани мәдениетінің тарихында аспапты музыка салалары бойынша қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар екені белгілі. Ол өнер қазынасының қомақты бөлігінің бірі болып саналады. «Ертеден көшпелі халық өмір салтымен біте қайнасып өзектелген өнердің бай қоры – қобыз, домбыра, сыбызғы, шертер және т.б. аспаптарға арналған музыкамен сипатталады. Осылардың ішінен өткен және қазіргі заманда кең таралып, әрі мол сақталғаны – домбыра күйлері.

Қазақ заманның қандай белесінен өтсе де, дала тарихын күй арқылы дүлдүл орындаушылар кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырды. Әсіресе ХІХ ғасырдағы күй өнерінің әйгілі тұлғаларына жан-жақтылық шығармашылық пен орындаушылық дауы, ақындық, әншілік, жыраулық өнер сонау Қорқыт, Асан қайғы, Қазтуған, беріден Сырым, Махамбеттерден бастау алса, Құрманғазы, Тәттімбет, Абыл, Дәулеткерей, Түркеш, Соқыр Есжан, Боғда, Тоқа, Есір, Еспай Өскенбай, Құлшар, Дина, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Әлшекей, Мырза, Қыздарбек т.б. күйшілер есімдерімен жалғасады» [2, 218 б.]. Әрине осы аталған майталмандардың барлығының қолдарынан қалған, қасиет қонған аспаптарын іздеп бағзы мұра ретінде сақтап жүрген абзал. Біздің заманымызға жеткен бұл өнердің барлық жетістігі жоғарыда аталған біртуар халық таланттарының еңбектерінің арқасы. Олар тек қана күй шығарушы ғана емес, сонымен қатар, асқан шебер орындаушылар болды. Қасиетті сол есімдердің өнерлерінен бастау алған үрдіс қалыптасып, дамып біздің заманымызда жаңа бағыт – күй орындаушылық мектебіне ұласты.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Ақмырзаұлы М. Жамбылдың домбырасы

(https://syr-media.kz/tarikh/4455-zhambyldy-dombyrasy.html)

  1. Сахарбаева К. Қазіргі заман домбыра өнерінің дамуындағы екі бағыты: шығармашылық және орындаушылық //Орталық Азия халықтарының дәстүрлі музыкалық мәдениеті: халықаралық ғылыми-практикалық конф.материалдар жинағы — Алматы, 2009. – 467 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.