Home » Мақалалар » Домбыра сыныбында білім берудің кейбір әдістемелік ұсынымдары

Домбыра сыныбында білім берудің кейбір әдістемелік ұсынымдары

 

Сарина Гульвира Айхановна
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақ ұлттық өнер университетінің
оқытушысы

Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан жүйесін оятуда, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі домбырасының атқаратын рөлі ерекше. Домбыра үні өзіне тән дыбыстық бояумен, алуан түрлі қағыстарымен  қатар, өте бай көркем бейнелік әлемімен де айқындалып, қазақ халқының тарихы дүние танымы және психологиялық ерекшеліктерімен тығыз байланысып жатады. «Қолына домбыра ұстаған балаға – имандылық пен дарындылықты жылуы дарып, қатыгездіктен аулақ болады» — деген нақыл сөзде үлкен шындық жатыр. Өйткені домбыра – үлкен рухани адамгершілік мектебі, баға жетпес эстетикалық өмір оқулығы. Домбыра талай ғасырлар тарихы мен хикаяларын шанағына сақтап, Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды сияқты батырлардың ерлігін жырлаған. Қос ішектен кең көсілген қазақ даласының желі есіп, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлегеннің пәк сезімдері, Қаратаудан ауа көшкен елдің «Елім-ай» деген зарлы үні естіледі.

Міне, кешегі көшпенділердің осы қайталанбас мұрасы қолына домбыра ұстаған дала баласының көркемдік рухының көкжиегін кеңейтіп, шығармашылық қабілетін ұштап, оны жыраулық, термешілік, әншілік және күйшілік өнерге жетелейді. Күні бүгінгіге дейін домбыра тартуды үйрету мен оқытуда Л.Хамиди мен Б.Ғизатовтың «Домбыра үйрену мектебі», Х.Тастановтың «Алғашқы домбыра үйрену мектебі» және «Домбырадан сабақ беру методикасы» атты кітаптары музыкалық оқу орындарының студенттері мен оқушылары және өздігінен үйренуші талапкерлер үшін негізгі оқу құралдары болып келді. Бұл еңбектер әр кезеңде домбыра шертуді нотамен меңгеріп, музыкалық сауат ашуда алғашқы оқу құралдары ретінде үлкен рөл атқарады.

Әдетте әр кезең өз жаңалық — өзгерістерін ала келуімен бірге өзіне лайық соны талап-тілегін тудыратыны да анық. Осы орайда дәл қазіргі кезеңдегі домбыра өнерінің, домбырашылардың орындаушылық шеберлік деңгейлерінің қаншалықты өзгеріп, қаншалықты биікке көтерілгенін байқау қиын емес. Сондай-ақ бүгінде бүкіл ұлттық өнерімізде туындап отырған оң өзгерістер мен бетбұрыстар домбыра еншісіне де өз тиесілі жүгін артып отыр.

Енді біз домбырамен ән айтып, күй шертуді байырғы ата – бабаларымыз салып кеткен ізбен, шынайы ұлттық өнеріміз дәстүрінде жалғастыруға бет түзедік. Ал бұл, өз кезегінде, болашақ заман иесі – келер ұрпаққа да жүктелер қасиетті де қастерлі міндет. Көрнекті совет педагогы А.В. Сухомлинский өзінің еңбегінде терең мағынаға толы ой келтірді: «Адам – дүниедегі барлық бағалының ішіндегі ең жоғары бағалысы» [1, 16 б.].

Домбыра – ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жаткан, оның рухани жан серігіне айналған музыкалық аспаптардың бірі. Домбыра – музыка аспаптары ішіндегі халқымызға ең көп тараған аспап болғандықтан, оны тартып, үйренемін деушілер де өте көп. Оқушыға домбыра үйренудің негізгі принциптері оқытушының мақсаты мен міндеті, сабақты жоспарлау, оқушыны тәрбиелеу, жаңа шығарманы үйрету, сабақ беру әдістері сияқты тағы басқа мәселелері сөз болады. Домбыра аспабын  үйренудегі ең алғашқы қойылатын талаптардың бірі, оқушының орнықты әрі ыңғайлы отыруы, қолдарын еркін қимылдатып,  домбыраны дұрыс тартуына басты назар аудару қажет. Адамның көңіл-күйі мен домбыраның құлақ күйі бір тектес. Себебі, домбыраның құлақ күйі келмесе, онымен ән-күй тарту мүмкін емес. Адамның да көңіл-күйі болмаса, қолы іске бармай, ой-санасы құлазиды. Сол себепті домбыра үйренудің алғашқы қадамын аспаптың құлақ күйін оң бұрауға келтіре білуге, ерекше назар аударудан бастаған абзал.

Қазіргі мұғалім оқушыны тек аспапта ғана ойнауды үйретпейді. Осы заман талаптарына сай келетін, жоғарғы саналы азамат етіп, жан-жақты дамыған білікті орындаушы немесе мұғалім етіп шығарады. Сондай деңгейде оқушыны дайындап, тәрбиелеу үшін, мұғалімнің өзі жоғарғы деңгейде, жан-жақты дамыған, білімді, саналы ұстаз болуы абзал.

Күйшілікті домбыра тарту өнерінің шыңы дейміз. Ендеше, бұл өнерді мұрат тұтқан жас өнерпаздың дәстүрлі орындаушылық ерекшеліктерді мұқият үйренді – болашақ шеберлікке апарар жолдың алғашқы сүрлеуі болмақ. Осыған орай, мұғалім сабақ барысында шәкірттерінің ой-өрісі мен қабілеттеріне қарай күй өнерін жан-жақты талдап, тереңдете түсіндіріп отыруы тиіс. Болашақ күйші үшін өз бойындағы импровизаторлық қабілетін оятып, оны әрі қарай дамытудың өзіндік мәні бар. Бұл – күйшілік өнерге тән дәстүрлі қасиеттердің бірі. Музыка мектебіне домбыра мамандығы бойынша қабылдағанда музыкалық қабілеті бар, ынталы, аспапта ойнауға икемді, денсаулығы жақсы балаларды алған жөн. Қабылдау емтиханның талабы төмендегідей негізгі талап, қосымша талап болып екіге бөлінеді. Негізгі талапқа есту, ырғақ және есте сақтау жатады. Ал қосымша талапқа ән салғызу, білетін аспабын тартқызып көру, эмоциялық сезімін байқау т.б. жатады. Оқушы міндетті түрде ата – анамен келуге тиісті. Себебі, баланың тағдыры әрі қарай мұғалім мен ата – ананың  қолында.

  • Баланың ырғағын тексеру үшін, жеңіл ырғақта немесе баяу ырғақта музыка ойнап, фортепианомен сол музыканың ырғағына аяқпен билеу, немесе алақан қағып музыкаға қосылу және жекелеп жеңіл ырғақтан бастап, әрі қарай шапалақтау.
  • Есіту қабілеті. Ол да жеңіл ойын түрде өтуі керек. Фортепианоның төменгі октавасының дыбысы мен жоғарғы октаваның көлемінде балаға лайық пьеса ойналып, соны хайуанаттар дауысына теңестіру. Жуан дауысқа; аю, жолбарыс, арыстан. Жіңішке дауысқа; түлкі, қоян, лақ, ешкі деген сияқты теңеулермен бөлуге болады. Немесе өзіне өлең айтқызып, тональдіктен шықпауын тыңдау арқылы. Болмаса фортепианомен белгілі бір биіктіктегі басқыштарды басып, соны дауысына салып қайталату арқылы.
  • Есте сақтау қабілетін тексергенде, бұл енді міндетті түрде мұғалім оқушының жас ерекшелігіне лайық кішкене, 2 немесе 3 тактіден тұратын мелодия ойнайды, және оны ойнамас бұрын оқушыға жақсылап түсіндіріп беруі керек, мұқият тыңдап тұрып сол мелодияны қайталап беруі тиіс. Сонымен қатар оны бір емес, екі немесе үш рет қайталап ойнауға болады. Оны айта алмаса, одан жеңілірек, қысқарақ мелодия беру арқылы.

Әрі қарай мақсат өте көп, оқушыны тек аспапта ғана үйретіп қоймай баланы жан-жақты саналы тәрбиеге үйрету керек. Музыка дегеніміз – синтетикалық процесс. Біріншіден, сол музыканы ойнау арқылы мұғалім мен оқушының арасында қаншама еңбек етіліп, тәрбиелік жұмыстар жүреді. Сол екі жақтың бір-бірімен араласқан, тығыз болса, мұғалім деген мақсатына жете алады. Екіншіден, музыка төңірегінде шектеме жоқ. Біз оқушыға идеялық, эстетикалық нәр беретін тәрбиешіміз. Осы мұғалімдік жан жақты іс-әрекет жұмылғанда ғана оқушыны музыкант етіп шығыра аламыз. Ең жауапты да қиын жұмыстардың бірі оқушының сол қол саусақтарының шеберлік жылдамдығын өсіру. Бұл үшін күнбе-күн сабақта этюд, әртүрлі жаттығуды пайдалану керек. Оқушының ойнау барысында дыбыс тазалығына және саусақтарының дұрыс көңіл аударғаны дұрыс. Музыка тілінде «Аппликатура» дейді. «Аппликатура» деген сөз  итальянша «appliсatura», қазақша ол басу, орналастыру деген ұғымды білдіреді. «Аппликатура» деп көркем шығарманы орындағанда кездесетін саусақ басудың алуан түрлі әдістерін белгілі бір тәртіпке келтіріп, жүйелі түрде ауысуды айтады. Дұрыс қойылған аппликатура саусақтардың шеберлігін тез өсіреді. Шығарманы жылдам үйренуге көмегі тиеді. Мысалы, жылдам екпінді шығармаларда саусақтардың тез алмасу әдісі жиі қолданса, ал жай екпінде ойналатын шығармаларда саусақтардың жылжу әдістері қолданылады.

Оқушының ойнау шеберлігін арттыруда жаттығулармен бірге этюдтерді дұрыс таңдап сабақ жоспарына кіргізу керек. Этюдтерді оқытушы берілген шығармаларды меңгерудегі техникалық әдістемелік құрал ретінде пайдаланады. Домбырада әсіресе күйге ұқсас этюдтерді кеңінен пайдалану керек. Жалпы этюдтердің позициялық қозғалысты меңгеруге, сол қол қозғалысының жеңіл әрі үнемді болуына тікелей әсері мол. Фортепианоның сүйемелдеуімен ойналатын музыкалық шығармалар да көптеп шығуда. Оқушы орындаушы – музыкант ретінде аспапта ойнау процесі арқылы қалыптасып жетіледі. Сондықтан оқытушының сабақты творчестволық шабытпен тартымды ұйымдастырып, әдістемелік тәсілдерді, музыкалық эстетикалық тәжірибенің озық үлгілерін ұтымды қолдана білуі қажет. Оқытудың негізгі — көркем шығармамен жұмыс жасау болып келеді. Көркем шығармамен жұмыс жасау төмендегідей кезеңдерге бөлінеді:

  • шығармамен танысу.
  • шығармада кездесетін әдіс-амалдарды меңгеру.
  • шығарманың көркемдік мәнін ашудағы атқарылатын жалпы жұмыстың жобасын белгілеу.

Шығармамен танысу барысында оның авторы, өмір сүрген дәуірі, музыкалық тілінің стилистикалық және орындалу ерекшеліктері жөнінде, туындының мазмұны, сюжеті, негізгі екпіндері, құрылысы мен позициясы туралы әңгімеленеді. Мысалы, Құрманғазы мен Тәттімбет шығармашылығынан туындыларды талдаған кезде Исатай Кенжалиев пен Хамит Дәрібаевтің кітабы «Қос ішек» құнды дереккөз ретінде қолданылуы мүмкін [2]. Екінші кезеңде автордың нұсқауларын ескере отырып, шығарманың екпініне, мазмұнына, динамикалық және педагогикалык иірімдеріне байланысты әдіс амалдар қолданылады. Мұнда шығарманы оның құрылысына сәйкес бөліп-бөліп алып жұмыс жасау тиімді. Күйде әуелі бас буын, ортаңғы буын, содан соң кіші, үлкен сағаларды, ал пьесада фразаларды, сөйлемдерді жеке-жеке ойнап жаттыққан жөн.

Үшінші кезең жоғарыда аталған процестің қорытындысы болып табылады. Мұнда шығарманың барлық бөлімдерін қосып  кульминациясын анықтап, толық ойнауға қажет. Бұл шығарманың негізгі желісін тауып, оның көркемдік мәнін ашуға көмектеседі. Музыкалық бейне шеңбері неғұрлым кең болса,  әр елдің, әр  композитордың шығармаларын орындауда жас музыканттардың жан-жақты өсуіне әсері мол. Бұл тұрғыда оқушыны өнердің басқа да әртүрлі салаларынан хабардар етіп отырудың маңызы зор. Оқушыға репертуар таңдай білу – сабақты ұйымдастыру кезеңінің басты талаптарының бірі. Репертуар оқушының жас ерекшелігімен аспапты меңгеру деңгейіне сәйкес берілуі керек. Сондықтан оқытушы репертуар сұрыптауға творчестволық тұрғыдан қарап, оның идеялық-эстетикалық мәніне, көркемдік ерекшелігіне баса назар аударуы қажет.

Қорыта айтқанда, есту, есте сақтау, шығарманы әр тональдікте ойнай білу, нотаны бірден оқып – ойнап кету қабілеттерін үнемі қадағалап, дамытып отыру, оқушының творчестволық мүмкіндігін аша түсетіні сөзсіз. Оқушыны көпшілік алдына шығарып, өнер көрсетуге баулу да өз алдына үлкен міндет. Жұртшылық алдында жеке өнер көрсету, біріншіден, оқушының орындау шеберлігіне сын болса, екіншіден оның жауапкершілігін де арттыра түседі. Баланың жеке дара қабілеті, өзіндік ерекшелігі де оның творчестволық өмірінің осы бір жауапты кезеңінде айқындалады. Оқушыны, тыңдаушы көпшілік алдында, сахнаға шығару, өз өнерін көрсетуге тәрбиелеу – маңызды жұмыс.  Дегенмен, мұның қуанышымен бірге, қиындығы да мол.

Оқытушы сабақ өткізу барысында шәкірттеріне ауызша ақыл кеңес айтумен бірге, оны өзі жоғарғы көркемдік дәрежеде орындап, күйлерді тағы басқа көркем  шығармаларды тыңдату керек. Сонымен қатар, ол өзінің әдістемелік тәсілдерін педагогика — психология ғылымдарының,  соның ішінде әсіресе, музыка педагогикасы мен әдістемелік озық жетістіктері негізінде үнемі толықтырылып, байытып отыруға міндетті. Белгілі ғалым-зерттеуші                   А. Сейдімбек өз монографиясында күйші туралы сөз қозғағанда былай деген: «Қысқасы, музыканың да ұлттық тілі, төлтума дыбыстан тұратын ерекшелігі бар. Музыкалық сауаты бар кез келген адамның ұлттық музыканы төлтума мағынасында, түпнұсқа семантикасында түсіне қоюы екі талай. Кез келген ұлттық музыкаға сол ұлттың дәстүрлі  талғам-танымымен қарай алғанда ғана оның құдірет сырлары жарқырай ашылады» [3, 81 б.]. Қазіргі кезде оқушылар ойнау шеберліктерін арттырып күйшілік өнермен, қазақ, орыс, шетел композиторларының шығармаларымен қазақтың екі ішекті қара домбырасын бүкіл әлемге танытуда.

Әдебиеттер тізімі:

  • Сухомлинский В.А. Ата-ана педагогикасы.-Алматы: Мектеп, 1983.-124 б.
  • Қос ішек / И. Кенжалиев. Құрманғазы. Х. Дәрібаев. Тәттімбет. – Алматы: Өнер, 1990.-216 б.
  • Сейдімбек А.С. Қазақтың күй өнері.-Астана:Күлтегін, 2002 .-831 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.