Бүгін теріскей төрінде ақ түйенің қарны жарылған күн. «М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ғұлама тарихшы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының халық депутаты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің «Бейбітшілік және рухани келісім» сыйлығының иегері Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай, «Білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағыттары және заманауи көзқарастары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Академик М.Қозыбаев тарих ғылымында алғаш рет Еуразия кеңістігіндегі дала өркениетінің дамуы туралы тұжырымының негізін қалыптастырды. Сонымен қатар академик М. Қозыбаев тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттейтін ғылыми мектептің негізін жасады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу және даму жылдарында еліміздің тарихшылары академик М. Қозыбаевтың басшылығымен тарихи зерттеулер әдіснамасының мәселесі, жинақталған тарихи білімдерді қайта пайымдау, қазақ халқының шығу тегі мен этникалық тарихы, ұлттық мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздік мәселелері, Қазақстанның саяси-әлеуметтік және экономикалық даму тарихының, Қазақстанның жалпы тарих тұрғысынан әлемдік қауымдастықтағы,оның ішінде ең алдымен Ресей және ТМД елдерімен, Қытаймен, алыс шетелдермен қарым-қатынасына байланысты өзекті мәселелер отандық тарих ғылымының басым бағыттарына айналды.
Академик М. Қозыбасв 800-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің, оның ішінде 30 монографияның (оның 18-і бірлескен авторлықта), 50-ден астам ұжымдық еңбектің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ғалымның еңбектерінің жартысынан көбі Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңінде жарияланған. Академик М. Қозыбаев еңбектерінде қазақ халқының ұлттық санасын дамытуға, мемлекеттілік идеологиясын нығайтуға, Қазақстан Республикасының этно-аумақтық тұтастығына баса назар аударады.
Артында өшпестей мұра қалдырған ғалымның 90 жылдығына арналған конференция жұмысы екі кезеңде өтті.
Алғашқы кезең таңмен таласа конференцияның жұмыс барысы төмендегідей 10 бағытта өрбіді:
- Академик М. Қозыбаевтың ғылыми мұрасы және оның маңызы;
- Дүниежүзілік және отандық тарихтың өзекті мәселелері;
- Қазіргі кезеңдегі тіл және әдебиет;
- Педагогика ғылымдары саласындағы ғылым және білім;
- Математика және жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылым және білім;
- Агроөнеркәсіп саласындағы ғылым мен білім;
- Журналистика және құқық саласындағы ғылыми және біліми үдерістер;
- Экономика, басқару және қаржы саласындағы ғылым мен білім;
- Техникалық ғылымдар саласындағы ғылым және білім;
- Медицина және денсаулық сақтау саласындағы ғылым және білім.
Түстен кейін конференцияның негізгі бөлімі пленарлық отырыс болды.
Конференцияның шымылдығы құттықтаулармен ашылды. Алғашқы құттықтау сөз Манаш Қабашұлының шәкірті заң ғылымдарының докторы ҚР сенат депутаты Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы алды. «М.Қабашұлының ғалымдығына ерекше тоқталып, біздің тәуелсіздігіміздің іргетасын қалауға ат салысқан қоғам қайраткерінің бірі екендігін тілге тиек етті. Ең үлкен жаһандық соғыстың тарихын зерттеп-зерделеуге үлес қосқандығын ескеретін болсақ, ол кісі ең алдымен әскери тарихшы ғалым. Қазақстанда жасалған он оқтың жауға атылған тоғызы Қазақстан топырағында жасалғандығын сол жылдары Қазақстанның бүкіл майданға ІІ дүниежүзілік соғыстың шығыс фронтына қатысты шикізатты шығарып отырған ең үлкен арсенасы болғандығын тұңғыш дәлелдеген Манаш Қабашұлы. Ол кісінің екінші үлкен қыры Қазақ Совет энциклопедиясының негізін салуға аса үлес қосуы»-дейді, ғалымның шәкірті.
Келесі құттықтау Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Құмар Ақсақалұлының атынан әкіннің орынбасары Ғани Сақтағанұлына берілді. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығы ғалымның есімімен тікелей байланысты. Сондықтан да конференцияға қатысушыларды Манаш Қабашұлының 90 жылдығымен қоса, егемен еліміздің 30 жылдығымен құттықтап, ғалымның тарих сахнасындағы өшпес ізі жас ұрпақтың тарих құндылығының тереңіне бойлап, ашылмаған ғасыр шежіресін дәріптеудегі мәңгілік мұрасына айналары қақ», деп қорытындылады.
«М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Ректоры Шуланов Ерлан Нұрлыбекұлы да жүрек жарды құттықтауын айттып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Конференция жұмысы онлайн форматта өткендіктен Франция мемлекетіндегі қазақ мәдени орталығының өкілі дін және қоғам қайраткері, ғалым Халифа Алтайдың ұрпағы Әбдулсамет Алтай Парижден құттықтады. Сонымен қатар ғалымның шәкірттері мен қоғам қайраткерлері ақжарма тілектерімен бөлісті.
Пленарлық отырыстың екінші кезеңіде «Тарихшы және оның заманы». Құжаттар мен материалдар жинағы және «Академик Манаш Қозыбаев және Тәуелсіздік белестері». Ғылыми мақалалар мен естеліктер жинағының тұсауы кесілді. Кейіннен баяндамашылар М.Қозыбаевтың Қазақстан тарихындағы атқарған ғылыми еңбектеріне баға беріп, тарихтың ақтаңдақ бетіндегі әлі де болса ашылатын тұстарын бағамдады.
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
СҚО