Home » Ашық сабақтар » Абай біздің данамыз

Абай біздің данамыз

Рахимжанова Роза Алдабергеновна
 Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің
«№ 49 жалпы білім беретін мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі

1-жүргізуші: Абай жаны құбылыс мәңгі жұмбақ,

Біздер үшін ұлы Абай биік тұрмақ.

Сөздеріңді ұран қып алты алашқа,

Ұрпақтарың жалғасады, мәңгі жырлап.

2-жүргізуші:Сүйсінемін жазғанда, оқығанда

Абай сөзі бағдаршам оқырманға.

Адасатын адамдар болмас еді,

Абай ойын кеудеге тоқығанда.

1-жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар! «Абай біздің данамыз» атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.

Абдулазиз: Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ.

Інжу:Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу» едім дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңга шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті.

Асқар: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысында (Шығыс Қазақстан облысында) дүниеге келген.

Аружан: Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы уезінде аға сұлтан болған.

Расул:  Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы  19 ғасырдың екінші жартысында қазақ сөз өнерін жаңа биікке көтерген ұлы тұлға.

Нұрали С: Абай әуелі Ғабитхан деген татар молдасынан мұсылманша хат таниды. Әкесі Абайды 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесіне оқуға береді.

Кәусар:Абай медреседе небәрі үш-ақ жыл оқиды, соңғы жылдары «приходская школаға» түсіп, орысша да оқиды.

1-жүргізуші: Абайдың ақындық жолға бет бұрған кездегі алғашқы сөзі білім болған.1886 жылы Абай  «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін жазды.

Ғылым таппай мақтанба

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол.

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда

Оған қайғы жесеңіз.

2-жүргізуші:Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана деп түсінген ұлы ақын. Ел-жұрт болу үшін қала салып, егіншілікті кәсіп етіп, мектеп салып бала оқытып білім алу керек деген. «Түбінде баянды еңбек  егін салған» өлеңінде.

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

1-жүргізуші:Абайдың жыл мезгілдері өлеңдерінен кейінгі елеулі орын алатын жаңа кезең – табиғат көріністерін  суреттеуге арналған өлеңдері. «Желсіз түнде жарық ай» әнін қабыл алыңыздар.

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың маңы  терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

2-жүргізуші:Бұл өлеңді ақын өзі аңға шыққан кезіндегі әсері бойынша жазған көрінеді. Өлеңнің тексті 1909 жылы жинақ және Мүрсейіт қолжазбалары негізінде басылған. Қан сонарда бүркітші шығады аңға.

Қан сонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда.

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдағанда

1-жүргізуші: Баламның білімі де мол, терең екенін сезем.  Бірақ сол мол білімге сүйенген ақыл. Ой тапқырлығын байқарлық бір кезі келмей жүр-ау деген оймен бір күні шай үстінде мынадай бір сұрақ қойдым.

«Абай мен Әбіш»

Абай: -Қалқам Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?-деп сұрапты.

Әбіш:-Ақ зат асыл ғой әке,- деді.

Абай: -Неге қара зат асыл емес пе?

Әбіш Абайдың бетіне қарап отырып күліп.

Әбіш: -Қараңғыны қалай асыл дейсіз?-депті.

Абай:-Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді емес пе?  Бірақ көздің ағы көрмейді ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді емес пе. Екіншіден, Қағаз ақ одан адам оқып біле алмайды, үстіне қара сиямен жазғаннан өнер білім алады. Үшіншіден, жас кезінде адамның сақал-шашы қара болады. Осыған байланысты да жас кезінде адамда, білім, ақыл, қайрат көп болады. Қартайғанда адамның шаш сақалы ағарады. Ал адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды, сондықтан қараны асыл ма деп ойлаймын -депті.

Әбіш: Оның бәрін қалай білдіңіз?

Абай: Ақылмен білдім.

Әбіш: Олай болса әке, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе? Екіншіден, ақыл-нұр, жарық зат. Ал жарық ол да аққа ұқсамай ма?-депті

Ұлының тауып айтқан сөзіне риза болған әкесі маңдайынан сипапты.

1-жүргізуші: Жастайынан ел билеуші болыс, билердің, орыс шенеуніктерінің еңбекші халыққа жасап отырған зорлық-зомбылығын, әділетсіздігін көріп өскен ақын Ұлы Абай олардың озбырлығын мінеп-сынап бірнеше өлеңдер шығарды. Мысалы: Қалың елім қазағым, қайран жұртым.

Қалың елім қазағым, қайран жұртым.

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан бірі май боп екі ұртың.

1-жүргізуші:Абай жылдың төрт мезгілін арнайы тақырып етіп, тамаша өлеңдер жазды. Қазақ әдебиетінде Абайға дейін табиғатқа бұлай жан бітіре, тірі бейне ретінде суреттеу болмаған. Абайдың өлеңдері:  «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы», «Жаздыкүні шілде болғанда…», «Күз»,. «Қыс»

1-жүргізуші:Абайдың толық жинағында 1890 жыл мен 1898 жыл арасында жазылған бір алуан шығармалары «қарасөз» деп аталады. Қарасөздер алғаш рет 1933 жылғы жинақта басылған.        

Он тоғызыншы сөзі.Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, дүниедегі жақсы жамандытанидыдағы, сондайдан білгені,көргені көп болған адам білімді болады. Ақылдылардың айтқан сөздерін естіп, тыңдап, іске асырып жүрген кісі өзі де ақылды болады. Әрбір ақыл жеке іске жарамайды.

Мұндай сөзді естігенде шайқақтап, естігендерін  қайталап сұрап ұғып алайын демесе, не сол жерде естіген сөзінің рас екеніне көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-естімей не керек?

Осындай сөз танымайтын елге сөз айтқанша,өзіңді танитын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен,сол секілді сөз болады.

      2-жүргізуші: Абайдың 1896 жылы жазылған «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңі.

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылын екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,

Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе,

Жұртпен бірге өзіңді өоса алдасып,

Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

1-жүргізуші: Абайдың 1892 жылы Лермонтовтың «Из Гете» атты өлеңінен аударған өлеңі. Абай әндерінен философиялық терең ой, жүрек сезімінің ішкі лүпілі еркін сезіліп тұрады.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел сал қып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жолдағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ.

2-жүргізуші: Көжекбай Көкбестіңді маған сыйлайсың. Әзберген Құлайғырұлы деген кедей ақын болыпты. Бала шағасын асырай алмай қиналыпты. Бір жылы көшерге көлік болмай жатақта қалыпты. Балаларының үнемі таусылған соң, амалсыздан ел торыса, бес сәйгүлік далада тұсаулы жүр екен. Бәрін ұстап алып келіп, сойғанын сойып, балаларын тамақтандырып, соймағанын өткізіп жіберіпті. Жылқы ішінде Абайдың досы, әрі құрдасы, Көжекбайдың көпке әйгілі көкбестісі де бар екен. Әзбергеннің ұрлығы анықталып, Абай мен Көжекбай бастаған билер алдына алып келіпті.

Билердің алдына келген Әзбергенге «Не айтарың бар?» дегенде, ол өлеңдетіп былай депті.

Әзберген: «Абай аға менде жоқ не кемшілік,

Істеткен мұны маған кедейшілік.

Бес сәйгүлік ішінде көкбесті бар

Болмаса бір өзіңнен демеушілік.

Биік қалай қарайды аласаға,

Үйім толған боқташақ, бала- шаға.

Бала- шаға аштығы жаман екен,

Өзіңіз жарамасаң арашаға» – дегенде, Байзақ деген кедей би Абаймен қатар отыр екен, кеңкілдеп жылап қоя беріпті. Орайсыз жылаған Байзаққа

Абай: «Сен неге жыладың?» – дейді.

Байзақ: Үйімде бала шағам көп еді, Әзбергенге ұрлық істеткен кедейшілік пен бала-шағаны ойлап көңілім босап кетті,-депті

Абай Көжекбайға қарап.

Абай: Өй,  Көжекбай, сенің Көкбестіңді мен міндім, маған сыйлайсың,- деп бадырая қарапты. Сонда Көжекбай ұшып түрегеліп.

Көжекбай: Ана төрт атты Абай мен Байзаққа байламасқа не тұр, кешірдік, барлығы да кешіледі. Әзбергеннің бұдан былай ұрлық жасамайтынына кім кепіл бола алады?-дейді.

Әзберген де босап жылап: «Ұрлықты қойдым, әттең,

Кедейшілік қырсық»,-дегенде, Абай оған:

Абай: Сен ұрлығыңды шынымен қойсаң, мен шамам келгенше қырсығыңды қиып тұрайын,- деп, сол жерде ас-азық, балаларына киім-кешек бәрін аттандырыпты.

2-жүргізуші:Бұл шығармаларында Абай ақындық ауыр міндетін, ақын атанудың алғы шарттарын анық аңғартқан еді. Абайдың  «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты өлеңі  1889жылы жазылған.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді тілі үйірімді,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

1-жүргізуші:1909 жылғы жинақ және Мүрсеит қолжазбалары бойынша алынды. Крыловтың  «Стекоза и муравей» атты мысалының аудармасы.

«Шегіртке мен құмырсқа»

Шегіртке: Қарағым, жылыт, тамақ бер, жаз шыққанша асыра!

Құмырсқа: Жаз өтерің білмеп пе ең ? Жаз бойы еш шаруа қылмай ойнап, ән салып, гөллайттап жүрдің.

Шегіртке: Мен сен секілді шаруашыл емеспің. Өлең айтып қолым тимеді.

Құмырсқа: -Қайтейің қолын тимепті. Өлеңші, әнші, селкілдей де, билей бер.

1-жүргізуші:Абай кейбір жерде сөз қалдырып кетіп еркін аударғанмен, Пушкин текстінің жалпы мағынасын дүрыс береді.

Құп білемін, сізге жақпас,

Ескі жара білтелеу.

Ақ жүрегің енді ұнатпас,

Мезгілі жоқ қай медеу.

Ықтиярсыз мұңды сезім,

Кетті ыршып жолыңа.

Мазағыңа бердім өзім

Өз басымды қолыңа.

Өлі бойға жан жүгірді,

Қайратым құрыш, болды нан,

Мұз жүрегім май сықылды,

Еріп от боп күйді жан.

1-жүргізуші: Аудармада Пушкин оригиналындағы ерекшеліктері сақталып Татьяна бейнесі шебер суреттелген.

2-жүргізуші: Бұл Абайдың жастарға арналған достық, татулық, жар сүю мәселесін қозғайтын насихат өлеңі. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат…»

Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан жалған күлмейтін, шын күлерлік,

Ер табылса жарайды, өылса сұхбат.

1-жүргізуші: Ақын адам баласының шын мақтауға іңкәр көңіл-күйін, көптен алғыс алуды, елге жақсылық жасауды тіршілігінің мәні деп түсінетін гуманист жанның өз арымен сырласуын өлең өрнегіне түсірген. «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?…» өлеңі.

1-жүргізуші: Абайға арнау

Халықтың тілегінен жаралғандай,

Даналық уызынан нәр алған,

Өзі өлсе де, өлеңі өлмейтұғын,

Ақындардың ішінде Абай қандай!

Абай – дана, ғұламасы елімнің,

Абай – ақын, мақтанышы жерімнің,

Абай атты бір данышпан болмаса,

Ақ-қарасын кім айырмақ өмірдің?

2-жүргізуші: Ақын шығармаларының өзекті тақырыбы – махаббат мәселесі бұл өлеңінде ерекше ыстық сезіммен, Абайға тән шеберлікпен өрнектеледі. Өлеңде ақын аз сөзге мағына сыйғызу ниетін көздеген. «Көзімнің қарасы…» – Абайдың 1891ж. жазған өлеңі.

1-жүргізуші: Абай жаны – құбылыс, мәңгі жұмбақ,

Біздер үшін ұлы Абай биік тұрмақ.

Сөздеріңді ұран ғып алты Алашқа,

Ұрпақтар жалғасады мәңгі жырлап.

2- жүргізуші: Абайдың поэзиясы өзі айтқандай кең байтақ өмір базары.

Өлді  деуге бола ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп, төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырларымен де бізбен бірге жасасып келеді.

1-жүргізуші: Осымен құрметті ұстаздар ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.