Home » Мақалалар »   Мектеп жасына дейінгі балалардың дамуында интеллектуалдық  дамытушы ойындарының қызметі

  Мектеп жасына дейінгі балалардың дамуында интеллектуалдық  дамытушы ойындарының қызметі

БҚО Орал қаласының
№ 30«Гүлдер» бөбекжайының
әдіскері Туресаева Венера Булатовна.

Мақсаты: Интеллектуалдық дамытушы ойындарды оқу қызметінде және тәрбие үрдісінде пайдалану арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың интелектуалдық қабілеттерін дамыту, іс-тәжірибе алмасу.

Мектеп жасына дейінгі балалардың интелектуалдық қабілеттерін дамыту – қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі. Интелектісі жақсы дамыған мектеп жасына дейінгі балалар мектепке жақсы дайындалады, жаңа материалды тез есте сақтайды, өз қабілеттеріне сенімді, жаңа ортаға оңай бейімделеді. Ойынның баланың интеллектуалдық дамуына ықпал ету мүмкіндігі педагогика ғылымы саласында жан-жақты қарастырылып, ойын әрекеті оқу әрекетінің жетекші формасына айналған. Халық даналығы: «Ойлы бала, ойыннан өседі»дейді. Сондықтан ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келген. Ойындардың педагогикалық мәні де осында. Соның ішінде осы интеллектуалдық дамыту ойындары  баланың миын жаттықтыратын, әрі тынықтыратын негізгі жаттығу. Интеллектуалдық дамытушы ойынының негізгі құрылымдық ерекшелігі – ойынның өзінен туатын және балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесінің қатаң сақталуы, педагогтың ойынды ұйымдастыруға даярлығы, баланың жас және жеке даму қабілеттерінің ескерілуі.

Интеллектуалдық дамытушы ойындар барысында:
– әлеуметтік топта оның рөлі мен тәртіп ережесі игеріледі;
– топтың, ұжымның, сондай-ақ баланың тұлғалық және жеке даму мүмкіндіктері қарастырылады. Интеллектуалдық дамытушы кешені дидактикалық ойындар негізінде құрылған. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады. Олар – оқыту мақсаттарын іске асыруға арналған арнаулы ойындар.
Әрқайсысының өзіндік мәні, ерекшеліктері, мазмұны, ережелері, тәртібі, білімдік, тәрбиелік, дамытушылық функциялары бар.
Интеллектуалдық дамытушы ойындарының ерекшелігі – оның әрекеттік сипатында. Мұнда балалар ойын шығарушылар, ойынды жасаушылар болып табылады. Олар ойында өздеріне мәлім өмір құбылыстары мен оқиғалары туралы білімдерін бейнелейді, оларға өзінің қатынасын білдіреді.

Интеллектуалдық дамыту ойынының нәтижесі – қандай жолмен болса да ұту емес, баланың білімді игеру, ақыл – қызметін дамытуда, өзара қарым – қатынас. Интеллектуалдық дамыту кешені сенсорлық тәрбие мен ақыл – ой қабілетін дамыту үшін қажет. Интеллектуалдық дамытушы ойындарының жүйесін құруда әлемдік тәжірибелер зерделеніп, озық деп танылғандары іріктелді.
Интеллектуалдық дамытушы ойындары баланың ынта-ықыласын күшейтетін, оқудың қиын процесін жеңілдететін, дамуды тездетуге көмектесетін, оқу барысында таным қызметін күшейту мен көтермелеудің қуаты қайнар көзі болатын білім беру әдісінің бір түрі.

Интеллектуалдық дамытушы ойындарын қолданғанда оның мынадай шарттарға сәйкес болуын қатаң ескеру қажет:
– ойынның балаларға беретін білімдік және тәрбиелік мәні болуы;
– баланың жан-жақты дамуына, танымдық қызметінің артуына әсер етеді;
– өтіліп отырған материалдарға қызығушылығын туғызуы;
– оқу-тәрбие үдерісінің мақсатын іске асыруда балаға қажетті білік пен дағдыны қалыптастыруға көмектесетіндей болуы тиіс;
– тілдік материалдарды салыстыра алуы және қорытынды жасай білуі
– балалардың қоршаған ортамен таныстырудағы рөлі.

Интеллектуалдық дамытушы ойындарына қойылатын талаптар:

  1. Ойынға берілген уақыт баланы жалықтырмайтындай болуы;
  2. Тақырып аясынан ауытқымай, оның ережесі қатаң сақталуы;
  3. Ойынға қажетті материалдар алдын ала даярлануы;
  4. Ойынның балаға беретін білімдік және тәрбиелік мәні;

Осы күтілетін нәтижелер баланың жас ерекшелігіне сәйкес және жеке даму кезеңдеріне қарай бөлінеді. Сәйкесінше интелектуалдық дамыту ойындары баланың осы жүйе бойынша қабілетіне, қабылдауына қарай топталады, жинақталады, қарапайымнан күрделіге қарай жүйеленеді.
Қорыта айтқанда, интеллектуалдық ойындар кешені баланың қиялын, бейнелі ойлауын, зейінін, есте сақтау қабілетін дамытады. Құрбыларымен бірлесіп ойнауға, өзара қарым-қатынас жасауға үйренеді.Интеллектуалдық дамыту ойыны – әлеуметтік қызмет, ол – баланың жасына қарай, өзін қоршаған ортаны танып білуге, оны өзгертуге құштарлығын арттыратын құрал. Ойын арқылы бала білім алады, тәрбиеленеді, қоршаған ортаны құрметтеуге үйренеді, ынтымақтасып жұмыс істеуге дағдыланып, ұтылуға емес, ұтуға тырысады. Ойын баланың психикасында сапалы өзгерістер туғызады, оқу әрекетінің негіздері қаланады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.