Оразақынова Майгүл Батырханқызы,
Жақсыкелдинова Әсел Мәлікқызы
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары
Килибаева Анар Сакенқызы,
Кикымбаева Меруерт Кенжебекқызы
№104 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары
Алматы қаласы Әуезов ауданы №104 жалпы білім беретін мектепте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Елім деп соққан жүрегім» атты мерекелік кездесу кеші өтті.
Кештің мақсаты: Оқушылардың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыра отырып, туған елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге үйрету. Тәуелсіздік жайлы түсініктерін арттыру және сахналық мәдениеттілік пен ұжымшылдыққа тәрбиелеу.
Кешке құрметті қонақтар, желтоқсаншы ардагерлер Қалмақбаев Ғани, Шанигбаева Гүлмира Белқожақызы және Ақтанова Алма қатысты.
Кештің шымылдығы Қазақстан Республикасының Гимнімен ашылды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бейнематериал көрсетілді.
Тәуелсіздік тәңірдің сыйы, бабалардың арманы, аналардың тілегі болған бақыт тәуелсіздік ХХ ғасырдың аяқталар тұсында маңдайымызға дарып, алақанымызға қонды. Экраннан «Сандар сыр шертеді» айдарында мәліметтер көрсетілді.
1991 жылы — Қазақстан егеменді ел болды.
1993 жылдың- 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды. Осы жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз — теңге айналымға енді.
1997 жылы- 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады
2001 жылы — 16 желтоқсанда Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтті.
2006 жылдың — қаңтарында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды.
2017 жылы — Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ұйымдастырылды.
2019 жыл — 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.
2020 жыл — еріктілер жылы
2021 — Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толды.
Көп ұлтты және ортақ салты мен тарихы бар біздің арамыздағы өзара келісім — біздің жеріміздегі бейбітшілік пен берекенің дәлелі болып табылады. 2021 жыл еліміз үшін айрықша, мерейлі де, мерекелі жыл. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толды! Қанымен қара тасқа қашалып, ғасырлар бойғы арман- тілекті бойына сіңіріп, сағым жылдардың елесін арқалап, асыға жеткен арманымыз ғой бұл. Дала төсінде тербеліп тұрар Тәуелсіздік бесігі шартараптағы сағыныштарды біріктірері сөзсіз. Осы орайда, тәуелсіздік жолында шейіт болған боздақтарымызды бүгінгі ұрпақ тарапынан тағзым ретінде бір минут үнсіздік жарияланды.
Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны анық.
«Мұрагер» домбыра ансамблі орындауында «Ерке сылқым» күйі орындалды.
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма,
Туған тілім шұбарланба жарқыра.
Тарихымда таланттылар көбейсін,
Бас иемін ата баба рухына – дей келе мектебіміздің «ЖасSTAR» театрын «Желтоқсан ызғары» атты көрініс қойып, қонақтарды әсерге бөледі. Қонақтар Желтоқсан оқиғасының тарихына тоқталып, бүгінгі жастардың бойына рухани тәлім- тәрбие беретін мағынасы терең ойлармен бөлісті. Оқушылардың өнерлеріне өз алғыстарын білдірді. Қонақтардың құрметіне «Ғұмырдария» байқауының жүлдегерлері Болатбек Жұлдызайдың орындауында «Құтты ұям» әні және Мағауина Ақнұрдың орындауында «Самға» әндері тарту етілді.
«Орнында бар оңалар» демекші, ел орнында, жер орнында, жерге жетер байлық жоқ. Жер болса, ел болады, ел болса ер болады. Ерлеріміздің арқасында «Қазақстан» егеменді ел болып, дүние жүзіне танылды. 130 — дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтан тұтады.
Бәйгеге ат жіберсек те, кең далада көсіліп ойнасақ та, билесек те, ән айтсақ та осының бәрі бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз, аманат болған азаттықтың арқасы. Ендеше, татулық пен тұрақтылық аясында өмір сүріп, бейбітшілік, туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жарқын жаңалықтарына ұмтыла бермек.
Оразақынова Майгүл Батырханқызы, Жақсыкелдинова Әсел Мәлікқызы
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары
Килибаева Анар Сакенқызы, Кикымбаева Меруерт Кенжебекқызы
№104 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары