Нұр-Сұлтан қаласының № 89 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Тлебалдинова Наргиз ақылына көркі сай, бойында сұлулық пен зеректік өзара үйлесім тапқан, тұла бойы мінсіз нәзік қыз бала болса да, ауыр спорт түрімен құштарлықпен, аса сүйіспеншілікпен айналасқанына 4 жыл болған екен. Наргиз 4 сыныптан бастап Джиу-джитсу академиясында Рузахунов Арманжан есімді бапкерден дәріс алғандығын айтты. Осы аз ғана уақыт арасында Наргиздың жүлделері аз болмады. «Менің жетістіктерімнің барлығы, ең бірінші ата-анамның арқасы, содан соң бапкерімнің еңбегі» — деген сөзінен Наргиздың бойында қарапайымдылық қасиеті де басым екені байқалды. Өз әңгімесінде Наргиз жүрегінің қалауы спорт екенін айтып жеткізді. Болашаққа қадамы нық, қойған мақсаттары айқын жасөспірім тек Джиу-джитсу спорт түрімен айналасып қана қоймай, осы саланы дамытуға бар күш-жігерін салатындығын айтты.
2021 жылдың 4-11 қараша аралығында Наргиз Абу-Дабиде Джиу-джитсудан Әлем чемпионатына қатысып 52 кг салмақ дәрежесінде үш жекпе-жекке шығып 3 орынға шығып, қола медаліне ие болды. Тұғырға көтеріліп, еліміздің әнұраны шырқалғандағы мақтаныш сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екендігін айтты. Жасөспірімнің басты мақсаты — Қазақстанның Туын әлемнің ең ірі ареналарында көтеру, еліміздің атын шығару, өзгелерге үлгі болу, салауатты өмір салтын және бәсекелестік рухын сақтау.
Наргиздың болашағы зор, себебі болашақта жарқын жеңістері әлі алда екеніне сенімді.
№ 89 мектеп-лицейінің директоры
Мухамедиев Б.М.