Home » Мақалалар » Сапалы білім беру — болашақтың кепілі

Сапалы білім беру — болашақтың кепілі

Дуйсенгалиева Гулсара Амангалиевна
Алматы қаласы  Жетісу ауданы
№177 жбб мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі

Сапалы білім беру — болашақтың кепілі

Білім беру саласы қашан да асқан жауапкершілік, үлкен ынта мен өз саласының үздіктері арқылы көрініс табады. Кез-келген жан ең алдымен мұғалімнің алдынан өтетіні анық. “Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы” деген мақалды басшылыққа алатын болса, ұлт ұландарына сапалы білім, саналы тәрбие бару барысында мұғалімдерге артылатын жүктің салмағы ауыр. Ол өзінің іс-қимылы, білімі мен біліктілігі, тіпті киім кию әдебімен оқушыларға үлгі ретінде танылып, олардың дұрыс жолға бағыт алуына ықпал ете алады. Білім беру барысында тәрбиені қатар алып жүру шарт. “Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың хас жауы”, деп ғұлама ғалым әбу-Насыр Әл-Фараби атамыз айтып кеткендей, оқыта отыра тәрбиелеу, тәрбиелей отыра мәдениетті ұрпақ қалыптастыру бізге жүктелген үлкен міндет. Әрине, бұл ең алдымен отбасында көрініс табатыны анық. Олай болса, ұстаздардың ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, үнемі әлеуметтік жағдайды басшылыққа алып отыруы да үлкен маңызға ие. Кез-келген сабаққа деген ынта, ата-ананың қадағалауы, ұстаздың талабы арқылы көрініс табады. Сол себепті, әр шәкіртпен жекелей жұмыс жасау арқылы, қандай да бір туындаған мәселенің оң шешімін табуға болады.

Әр бала бөлек әлем. Олардың бойындағы білімге деген ынтаны маздатып жағу үшін, қызығушылықтарының қай бағытта өрбитіндігін де біліп алған жөн. Ұстаздардың қолданатын әдіс-тәсілі, сабақ барысын ұйымдастыру ең маңызды шарттардың бірі. Бүгінгі таңда олардың түрлері сан алуан. Заман ағымына орай, жаңашылдықтың жаршысы болып, үнемі мұғалім өзін жетілдіріп отыруы тиіс. Әрине, әр педагогтың өзіне тән икемі, ұстанатын қағидасы мен алға қойған мақсаты бар. Алайда, бәріне ортақ міндет, оқу сапасын оңтайландыру мен оқушылардың зейінін ашу. Сол себепті, “мектептің жүрегі”, мейірімді мамандық иелерінің мәртебесін көтеру де ең маңызды тетіктердің бірі. Осы орайда, Мемлекет басшысы “Педагог мәртебесі туралы” Заңға қол қойып, қоғамда ұстаздың рөлі қаншалықты зор екендігін тағы бір дәлеледеп өтті. Егер мұғалімге деген мейірбандылық, сыйласымдылық, құрмет көрініс таппайтын болса, білім сапасының да айтарлықтай жоғары болуы екіталай. Сол себепті, ұстаз шәкірттерді сыйлап, оған қоса, өзін де сыйлата білуі керек.

Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын бүгінгі ұлт ұландары. Ел ертеңі бүгінгі жас буынның қолында. Мектеп партасында отырған бүлдіршіндер болашақтың іргесін қалайды. Сондықтан, бүгін біздің берген білім, болашақта  олардың дамуына зор ықпалын тигізетіні анық.

Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесі бір жолға қойылған. Ұстаздардың болсын, оқушылардың болсын біліктілігін арттырып, шеберліктерін шыңдау үшін түрлі байқаулар ұйымдастырылып, бағдарламалар дайындалуда. Озық елдермен иық тіресіп, әлем бойынша білім сынында алғашқы орындардан көрініп жүрміз. Бұл әрине, көңіл қуантады. Тәуелсіздікке қол жеткізген соңғы 30 жылда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз жетіп артылады. Мұның бәрі Егемендіктің арқасы деп ойлаймын. Бүгінгі күннің ұрпақтары еркін ойға ерік бере алады, болашаққа деген жоспарлары айқын, кез-келген мамандықты таңдап, оны терең дамыту үшін қосымша білімін тереңдетуіне жағдай жасалған.

Жыл артқан сайын білім беру жүйесі де терең зерттеліп, ең ұтымды тәсілдер басшылыққа алынуда. Тіпті, қиын-қыстау кезеңде де, еш мойымастан, бір кісідей білімді жалғастырып кете алдық. Әлемді әбігерге салған короновирустық инфекциясы салдарынан “қашықтан білім беру” жүйесі енгізіліп, бастапқыда қорқыныш тудырған өзгеріс, уақыт өте келе өзінің тиімділігін де байқатып үлгерді. Мұның бәрі ұстаздардың кемелдігі мен заманауи технологияларды еркін меңгеріп, кез-келген жағдайдан жақсы жолын тауып шығуға иекмді екендіктерін байқатады.

Жалпы, мұғалім мәртебелі мамандық иесі. Оның атқаратын қызметі мен сіңіретін еңбегі орасан зор. Біз, көзі ашық, көкірегі ояу, саналы ұлт ұландарын тәрбиелеу үшін бар жанымызды салып жұмыс жасай бермекпіз! Сауатты оқушыларымыз көп болсын!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.