Home » Мақалалар » ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ МАҢЫЗЫ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ МАҢЫЗЫ

Курманалиев Сабит Ясидинович,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
өндірістік оқыту шебері, Тараз қаласы

Химия өнеркәсібі саласы дүние жүзінде тұңғыш рет Германияда XIX ғасырдың аяғында дүниеге келді. XX ғасырдың 50-70-жылдарының басы химия өнеркәсібінің дәуірлеген «алтын ғасыры» болды. Кеңестік дәуірге дейінгі кезеңде Қазақстанда Шымкент дермене (сантонин) зауыты (1883), сабын, желім қайнататын ұсақ кәсіпорындар жұмыс істеді. 1930-1940 жьілы Ақтөбе химия комбинаты, «Аралсульфат» комбинаты, ірі фосфорит кені — «Қаратау» комбинаты, Қарағанды синтетикалық каучук, Қостанай синтетикалық талшық зауыттары салынды. 1950-1960 жылдары Қазақстанда осы заманғы химиялық индустрияның негізі қаланды. Жамбыл суперфосфат, Гурьев химия зауыттары, Шымкент гидролиз және фосфор тұздары зауыттары, Ақтөбе ферроқорытпа, Шымкент газ-бензин зауыттары іске қосылды.

Қазақстан анорганикалық және органикалық тектегі пайдалы қазынды кеніштеріне бай ел. Олар химия өнімінің алуан түрлерін алу үшін шикізат көзі болып табылады. Сондықтан елімізде химия өнеркәсібі қарқынды түрде тез дамып келе жатқан экономика саласы болып табылады. Қазіргі уақытта республикада тау-химия өнеркәсіптері мен химиялық шикізат қазбаларын өндірумен, минералдық тыңайтқыштар, бейорганикалық фосфор және күкірт қышқылдарын өндіруге байланысты негізгі химия дамыған.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жамбыл – фосфордың отаны» деп атап өткен болатын.

Осы ретте  тарихқа аз-кем шолу жасайтын болсақ, Жамбыл облысының химиялық әлеуеті Ұлы Отан соғысына дейін-ақ Кеңес Одағы геологтарының негізгі нысанына айналған. 1935 жылы геолог И.Машкара Қаратауда әлемдегі ең ірі фосфор кенінің бар екендігін анықтады. Орыс геологы П.Л.Безруков Қаратау жоталарының 45 жерінен қоры 1,5 миллиард тонна болатын фосфор кенін барлаған. Геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы Жамбыл облысы аумағындағы фосфор кені жөнінен одақтас елдер арасында екінші орынға ие болатындығын көрсетті. Әсіресе Шолақтау, Ақсай, Жаңатас, Көкжон, Көксу, Тесіктас аталатын кен орындарындағы фосфор кенінің құнарлығы өте жоғары бағаланған.

Сонымен қатар Кеңес одағы кезінде республика көлемінде химия өнеркәсібі министрлігінің құрылуында да Жамбыл облысындағы фосфордың мол кені мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Әрі бұл іске одақ басшылары химия өнеркәсібінің өңдеуші және ауыр өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытудағы рөліне де айрықша мән бере отырып кіріскен. Себебі химия өнеркәсібі — өндірістің барлық салалары, ауыл шаруашылығы, тұтыну саласы үшін химиялық өнімдердің әр түрін өндіруші халық шаруашылығының саласы ретінде құнды.

Бүгінгі күні Жамбыл облысындағы ірі «Қазфосфат» компаниясы фосфор өндіруден алдыңғы орында, ол негізінен фосфорит, фосфор минералдық тыңайтқыштарын және т.б. фосфор қосындыларын өндіреді, ал фосфордың өсімдіктер мен жануарлар дүниесі үшін маңызы зор. Осы тұста Тараз политехникалық жоғары колледжінің «Қазфосфат» ЖШС-мен тығыз байланыста жұмыс жасайтынын атап кеткен жөн.

Қазіргі заман талабына сәйкес жұмыс орындарының автоматтандырылуы жаңа жетілдірілген дағдыларды талап ететіні мәлім. Осыған байланысты, химиялық талдау зертханашысы мамандарының өнеркәсіптегі қызметі мамандағы бойынша білім алып жатқан студенттеріміздің бәсекеге қабілетті, білікті өндіріс мамандары болып шығуында өндірістік тәжірибелердің маңызы зор. Сондай-ақ колледж студенттерінің дуальді оқыту жүйесін іске асыруында оқу орнымен серіктес ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтуі көп көмегін тигізеді. Студенттеріміз оқу құралдарымен, компьютерлік техникамен, өндірістік жабдықтардың макеттерімен жабдықталған арнайы оқу базаларында және өндірісте мол тәжірибе жинақтайды.

Компания сонымен қатар білім беруді ұйымдастыруда және мамандар даярлауда, оқу бағдарламаларының мазмұнын анықтауда, қорытынды аттестациялау кезінде студенттердің біліктілігін, кәсіби даярлықтың деңгейін бағалауда, сондай-ақ, бітірушілерге біліктілік беруде толық құқықты серіктес ретінде танылған. Өндіріс базасында дуальді білім алу жүйесі бойынша колледж студенттері кәсіптік білім алады. Химия саласын кадрмен қамтамасыз етудегі негізгі база ретінде  колледжді бітірушілер білім деңгейін, дағдыларын дәлелдей отырып, колледжді бітіргеннен кейін кәсіпорында тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Білім алушылардың білімін, өндірістік дағдыларын нығайту мақсатында, компанияның білікті де тәжірибелі мамандарының ішінен оларға тәлімгер бекітіледі. Өндірістің қыр-сырын меңгерген, жан-жақты білімді және білікті мамандар әрқашан үлкен сұранысқа ие, осы тұрғыдан келгенде зауыт басшылары, тәжірибелі жұмысшылары  оларды даярлау ісіне қолынан келген көмегін аямайды. Оқудың сапалы өтуі үшін заманауи технологиялармен жабдықталған ғылыми зертханалар пайдалануға да беріледі. Сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарының өндірістік оқыту шеберлері де кәсіпорнң базасында тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Облыстың химия өнеркәсібі саласында кейінгі  жылдар ішінде 11 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылған екен. Міне, мұның барлығы да химия өндірісіне ерекше қолдау, көмек көрсетудің жемісі екені анық. Білікті де білімді, өз ісінің қыры мен сырын жетік білетін болашақ мамандарымыз көп болса, өңірдегі химия өнеркәсібі болашаққа қадамын қарыштай баса беретіні сөзсіз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.