Токсеитова Нурсая Маргулановна
Қарағанды облысы
Жаңаарқа ауданы
Б.Амалбеков атындағы жалпы орта
білім беретін тірек мектебінің
ағылшын тілі пәні мұғалімі
Жаңашылдық – жаңаша ойлау мен
жарқын істерді үлкен бастамасы
ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры. Өскелең елдің айбынды болашағы үшін – ең әуелі сапалы білім қажет. Ол үшін еліміздің білім саясатындағы ғылыми-техникалық әлеуетін жұмылдыру, ғылымның басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске енгізу инновациялық дамудың негізгі көзі. Білім мен ақпарат дамыған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі бөлігі болып табылады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауында: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін, заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін – білім. Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда» -деп атап көрсеткен. Міне, қазіргі заман талабы – білім беру жүйесіндегі оқыту үрдісінің технологиялануы, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесіне, мектеп өміріне қашықтан оқытудың енуі.
Қазіргі таңда әлемде болып жатқан Covid-19-дың таралу қаупіне байланысты қашықтан оқыту түрінің маңызы арта түсті. Еліміздегі мектептер өз жұмыстарын қашықтан оқыту технологиясына бейімдеді. Ал қашықтан оқыту босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі заманауи технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 38) тармақшасында: «Қашықтан оқыту – педагог пен білім алушылардың қашықтан, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып өзара іс-қимыл жасауы кезінде жүзеге асырылатын оқыту;» және 37-2-баптың 1) тармақшасында: «Қашықтан оқыту білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады» деп атап көрсетілен.
Жалпы қашықтан оқыту әлемдегі коронавирустық инфекциясының таралуы, яғни санитарлық-эпидемиялық жағдайға ғана байланысты туындап отырған дүние емес. Ерте ме, кеш пе, еліміздегі мектептер дәстүрлі оқытумен қоса қашықтан оқытуға көшері анық еді. Мысалы, дамыған елдерде араластырып отырып оқу «Blended Learning» әдісі жақсы дамыған екен. АҚШ-та 95%-дан астам мектептер осындай жүйемен оқытады. Ал ешқандай мектепсіз толығымен виртуалды оқыту дамыған елдерде 3 пайызға дейін жетеді екен. Мінеки, бізге де жеткен жұқпалы індеттің оң әсері осы қашықтан оқыту процесін тездетті.
Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың 3 түрлі формасы бар: онлайн (синхрондық), оффлайн (асинхрондық) және кең таралған үшінші түрі вебинар.
Онлайн режимдегі оқыту – интернет-ресурстардың көмегімен ағымдағы уақытта белгілі бір қашықтан мұғалім экранын көру арқылы оқытуды ұйымдастыру формасы.
Оффлайн режимдегі оқыту – интернет-ресурстардың көмегімен (электрондық пошта) мұғалім мен оқушы арасындағы ақпарат алмасуды қамтасыз етуге мүмкіндік беретін оқытудың формасы.
Вебинар дегеніміз – интернет желілерінің көмегімен семинарлар мен тренингтер өткізу формасы.
Қашықтан білім беруде әр педагог өз жұмысын реттеп, төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алып, жұмыс жасауы тиіс.
- Дайындалу кезеңі. Мұғалім және оқушылар қашықтан оқытудың сыныптағыдай маңызды екендігіне көз жеткізуі керек. Оқушыларға материалды игеруге және тапсырмаларды орындауға арналған уақытты нақты анықталуы тиіс. Сыныпта бірнеше пән мұғалімдерінің жұмыс жүргізетінін ескеріңіз.
- Оқу платформасын таңдау. Өте маңызды кезең. Сабақты тиімді өтуі таңдаған платформаға (ұсынылатын оқу платформалары BilimLand; Kyndelik. Kz; Darin online) байланысты. Балалар үшін Интернет-жаттығулар мен оқуға арналған әртүрлі интернет-ресурстарға сілтемелер жасауға болады. Сабаққа қажетті оқу тапсырмалары мен мәтіндерді, тест формаларын қалауынша таңдауға болады.
- Кері байланыс. Қашықтан оқыту кезінде оқушылармен байланыс ең маңызды болып табылады. Электрондық күнделікте топтық хабарлама-ларды, оқушылар арасында танымал болған мессенджерді (Whatsapp және т.б.), тіпті әлеуметтік желілердің ресурстарын пайдалануға құқығы бар.
- Сабақ. Қашықтан ұйымдастырылатын сабақ өзінің құрылымындағы (дидактикалық бөлім) күндізгі сабақпен бірдей болатындығын есте сақтау қажет, атап айтқанда:
а) Ұйымдастыру сәті және міндеттер мен мақсаттардың құрылымы – оқушыларға материалды игеру уақыты, сабақ кестесі және т.б. көрсетілген нақты тапсырмалармен анықталады.
ә) Үй тапсырмасын тексеру – оқушылардың жетістіктері мен сәтсіздіктеріне жалпы шолу, қиын сәттерді түсіндіру және т.б.
б) Білімнің өзектілігі – жаңа материалды — бейнероликтерді, оқу тапсырмасын оқуға деген ынтасын арттыру үшін түрлі әдістерді қолдану.
в) Жаңа білімді игеру — бұл жалпыға қолжетімді ресурстарға орналастырылған білім беру порталдарының немесе мұғалімнің әзірлемелерінің ресурстарын пайдалану.
г) Сабақты түсіну мен қорытындылаудың алғашқы сынағы – бұл жаңа материалды зерделеу, білім мазмұнын тапсырмалармен, интерактивті модельдермен және өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтармен тікелей байланыстыру кезінде осы кезеңді жүзеге асырудың тамаша мүмкіндігі.
ғ) Сабақты меңгеру, жіберген қателерді талдау және түзету – тест тапсырмалары, интернет-ресурстары мен таңдаған платформа материалдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
д) Үй тапсырмасы және оны орындауға нұсқаулық беріледі.
е) Сабаққа рефлексия.
- Интербелсенділік. Таңдалған платформаға сәйкес жеке оқушымен, жұппен, топпен жұмыс жүргізу мүмкіндігін жетілдіріңіз. Олар оқушыларды белсенді жұмысқа тартады.
- Техникалық ақаулар, олардан шығу жолдарын қарастыру. Техникалық ақаулар туындаған және тікелей эфирге шығу мүмкін болмаған жағдайда мұғалім сабақты асинхронды форматқа ауыстырады. Техникалық ақаулар болған жағдайда тікелей телефон арқылы байланысқа шығып, оқу материалдарын жеңіл түрде ұсынуды ойластыру керек.
Қашықтан оқыту: сабақты жоспарлау үлгілері. Интербелсенді оқу материалдары арқылы қашықтан оқытуды жоспарлауда мұғалім өзіне үш негізгі сұрақ бойынша ойланады.
- 1. Мен оқушыларыма не үйреткім келеді (олар қандай білім нәтижелеріне қол жеткізеді)?
- 2. Оқушылар қалай үйренеді (олар оқу нәтижелеріне қалай қол жеткізеді)?
- 3. Мен бұған қалай қолдау көрсете аламын (оларға академиялық нәтижелерге қол жеткізуге қалай көмектесе аламын және оларға қол жеткізгенімді қалай білемін)?
Бұл сұрақтардың жауаптарына сүйене отырып, мұғалім өзінің сабақ жоспарын жасауда: қандай оқу материалдарын қарастыру, оқушылардың жұмыстарын бақылау, оларға қалай және қашан кері байланысты ұйымдастыру керек екені туралы ойланып, алдын ала жоспарлайды.
Пәнді қашықтан оқытуда да көрнекіліктердің маңызы зор. Алайда, сабаққа пайдаланылатын көрнекіліктер, қосымша материалдар саны жағынан көп болып, оқушы назарын мұғалім түсінігіне емес, сол көп материалдарға ауып кетпеуін ескерген жөн. Оқушылардың ойларын шашыратып, жан-жаққа алаңдатып жіберуі әбден мүмкін. Көрнекіліктің өзін берілетін білім мазмұнына сай, оқушылардың қызығушылығын оятып, ынтасын арттыратындай деңгейде жасау және алдына қойған оқу мақсатына жетуіне ықпал етуі тиіс.
Қашықтан білім алу жүйесі әр оқушының өзіндік қажеттілігін ұғынуына, өзіне қажетті білімді іздене отырып үйренуіне мүмкіндік береді, оқушылардың заманауи білім негізі қаланады. Олардың жан-жақты білімділігі, әлемде болып жатқан өзгерістерден сырт қалмауы, ауқымды желіге қосылу, қажетті ақпараттарды іздеп табуға дағдылануы, ақпараттарды қажеттілігіне қарай қолдана алуы қалыптасады. Мәселен, мектебіміздің барлық сыныптарында қашықтан оқыту жүйесі оқу процесін тиімді етуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жұмыс түрі өте ыңғайлы және пайдалы.
Мұнда оқу жылдамдығын жеке жағдайлары мен қажеттіліктеріне байланысты оқушы өзі белгілейді. Қашықтан оқытудың артықшылықтарын атап айтар болсам:
Еркіндік пен икемділік – өз қалауыңыз бойынша білім алу мүмкіндігі, яғни, оқушы сабақтың уақытын, орнын және ұзақтығын дербес жоспарлай алады. Ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде жұмыс істеу, уақытты үнемдеу мүмкіндігі;
Ұтқырлық – мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс арқылы оқу процесінің табысты болуы;
Қол жетімділік – оқушының мектепте отырмай-ақ, білім қажеттіліктерімен шектелмеуге мүмкіндік береді;
Технологиялық тиімділік – оқу үрдісінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың соңғы жетістіктерін қолдану, желілік компьютерлік дағдыларды жетілдіру.
Қашықтан оқыту – заман талабы. Оқытудың бұл жүйесі сын сағатта халқымыздың ертеңгі сенімін арттырып, дүрбелең кезеңдегі қабылданған дұрыс шешім деп білеміз. Оқушыларымыз бен ата-аналарымызға дұрыс насихатталуына, заманауи білім алуға жауапкершілікпен, бастысы біртұтастыққа, түсіністікпен қабылдауына күш салудамыз. Ұрпағымыз үшін жасалып жатқан ұлағатты жұмыс өз жемісін береді деп сенеміз.
Қолданған әдебиеттер тізімі:
- «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Астана, 2007.
- Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы, 2012.
- Байкенова Б.А., Ислямова С.А. Оқыту үшін бағалауды жүзеге асыру (Оқыту үшін бағалау жолын жүзеге асыруды оқыту платформасы қалай жеңілдете алады?), «НЗМ»ДББҰ ПШО, Астана қ. 2015.
- Ғаламтор ресурстары ttp://school.ozin-ozi-tanu.kz/ сілтемесінде орналас-тырылған «Бөбек» ҰҒПББСО ұсынымдамасы.
- https://www.inform.kz/kz/ustazdarga-arnalgan-nuskaulyk-kashyktan-okytudy-kalay-uyymdastyruga-bolady_
- Білім беру ұйымдарына электрондық оқыту жүйесін енгізу жағдайында педагогтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру әдістемесі/ Ахметова Г.К., Караев Ж.А., Мухамбетжанова С.Т.//Алматы: «ҰБАО» АҚ «Өрлеу», 2013.