Камбалова Альбина Кузайровна
Атырау облысы
Индер ауданы
Көктоғай ауылы
Б.Нысанбаев атындағы орта
мектептің шағын орталық тәрбиешісі
Ақпараттық кеңістікті ұлғайту және әлемдік білім беру қауымдастығымен тең болу, білім беру жүйесінің жаңа талаптарына сәйкес еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің өлшемдері ретінде, адами ресурстарды қалыптастырудағы білім берудің рөлін күшейту қазіргі заман талабы.
«Қазақстан-2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Бала тәрбиелеу — болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» — деп атап көрсеткен. Бұл сөздің өзі «Бір жылын ойлаған ел бидай егеді, он жылын ойлаған ел тал егеді, мәңгілігін ойлаған ел бала тәрбиелейді» — деген халық даналығымен үндеседі.
Қай елдің болсын бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дəстүрлі ұлттық тəрбие мен рухани құндылықтарымен сабақтасып жүзеге асатындығы белгілі. Сол себептен де бүлдіршіндердің бойына қазақи құндылықтарды дарытып, рухани бай мұрамызды бойларына сіңіре тəрбиелеу — алда тұрған басты міндеттердің бірі. Елбасымыз жариялаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының көздегені де төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету, яғни тәрбие тұрғысынан келсек, балаларды патриоттық сезімге тәрбиелеу. Ал, патриоттық сезімнің түп қазығы — ұлттық педагогика. Ұлттық педагогика — баланың санасына отансүйгіштік, еліне, жеріне деген махаббатты арттыру арқылы ұлттық патриоттық сананы қалыптастыруға негізделеді. Жалпы мектепке дейінгі мекемелерде балалардың ой-өрісін, санасына туған тіліне, халқына деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін ұялатып, қиялдарын қанаттандыру, ұлттық рухты бойларына сіңіру, ана тілі мен Отанына, тарихы мен мәдениетіне деген сезімдерін қалыптастыруда қазақ халқының ойындарының орны ерекше.
Педагогика және психология ғылымында мектеп жасына дейінгі балалардың жетекші әрекеті ойын екендігі мойындалып, білім берудің нәтижелілігі ойынның алуан түрлілігіне, оқу-тәрбие мақсатында үйлесімді қолдануға тікелей байланыста екендігі дәлелденді. Соған сәйкес бүлдіршіндерді дамыту мақсатында қолданылатын технологиялар да жеткілікті. Десе де, ұлттық салтты білдіретін педагогикалық әдістемелер мен ойындарды көре бермейміз.
Бұл ретте асық технологиясы бүгінгі бүлдіршінді дамытуға қажетті бірегей методикалық құрал екенін айтуға болады. Асықты бар ынта-жігерімен ойнаған балалар жан-жақты дамиды. Әлбетте, арғы заманда асық қазақ балаларының күнделікті ойыны болатын. Халқымыз қыз бала туса еліктің асығын, ұл бала туса арқардың асығын сыйға тартуды жақсылыққа балағаны белгілі. Ертеде апаларымыз бесіктің басына бөрінің асығын ілген екен. Онысы – бәле-жаладан аулақ, шымыр, қайратты болып өссін дегені. Асықтың патшасы сақа дейді. Оның ең ірісі арқар не құлжада болады екен. Қазір балалар балпаң баса бастағаннан-ақ ата-анасы жүйкесі тыныш болуы үшін қолына планшет беріп қоятынын көріп жүрміз. Педагогтардың пайымына сүйенсек, бұдан баланың зейіні тұйықталады, көзінің көру қабілеті төмендейді, жүйкесі жұқарады, төмен қарап отырғандықтан омыртқалары қисаяды және адами қарым-қатынасты ұмытады. Виртуалды әлемге бой ұрған бала қоршаған ортамен сөйлеспейді. Асық ойнай бастаған баланың бойындағы өзгерістерді ата-аналар күн сайын байқай бастағанын айту керек. Яғни, бала еңкейеді, тұрады, үздіксіз қозғалыс дене сымбатына көмектеседі. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қабілеті дамиды, ұтып алған асығы көбейген сайын қуанады. Жанындағы өзі қатарлы балалармен бірге ұйымшылдығы мен тіл байлығын дамытады.
Сондықтан, тәрбие мен білімнің денсаулық, шығармашылық, коммуникация, әлеумет, экология сынды бес қатынасын толық қамтыған «Асық технологиясы» өмірге келген еді. Қазақ үшін асық қасиетті. Оның орны ерекше. Ерекшелігі сол, асықты ешкім тастамайды. Кез-келген қазақтың үйіне барсаңыз, дорба-дорба асық керегесінде ілулі тұрады. Ұлттың құндылығы болып отырған асықтың өзіндік қасиеттері де көп. Асық ойнаған баланың ойлау қабілеті тез дамып, айналасындағы адамдармен де тез тіл табыса алады. Ол бала шаршамайды, қан айналуы да жақсарып, денесі шынығады. Көзі қашықтан жақсы көреді, бойы жылдам өседі, өзі епті, әрі жеңіл қимылдайтын болады.
Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту стандарты мен үлгілік бағдарламасына сай барлық білім саласында асықты қолдануға болады. Асықтың бала өміріндегі маңызы орасан зор. Асық ойындарын ойнау кезінде баланың түрлі танымдық қабілеттері дамып денсаулығы нығаяды. Асық ешбір зиянсыз табиғи зат болып табылады. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған осынау асық ойындарының түрлері өте көп. Барлығы да денсаулықты жақсартып қана қоймай түрлі танымдық қабілеттерді дамытады. Сол себепті де асық – адамды жан-жақты дамыту құралы.
Асық жайлы батыр атамыз, Отан соғысының ардагері Бауыржан Момышұлы: «Асық – үлкен тәрбие» — деген екен, осы сөзде үлкен мән мағынасы жатыр.
«Денсаулық» саласы бойынша асықты дене шынықтыру оқу қызметінде қолдану арқылы ұлттық ойындарымызды жаңғыртамыз.
«Коммуникация» саласында суреттер арқылы «Сурет бойынша әңгіме құрастыру» ойыны. Шарты: жыл мезгілдерінің табиғат ерекшеліктерін асық түстеріне қатысты сәйкестендіреді. Бұл жерде де бала асықты ойын құралы екенін біледі.
Таным саласы бойынша асықтан жасалған түрлі танымдық ойындар яғни санамақ, сияқты санау құралдарын қолдану арқылы оқу қызметінде «Моншақ жасаймыз» ойыны. Шарты: жіптерге түрлі-түсті асықтарды тізбектеп моншақ құрастыру. Балалар боялып, тесілген асықты бір түстен кейін екінші түсті жіптерден өткізіп, тізбектей тізеді. Бұл тізбекті тізу арқылы баланың түстерді есте сақтай отырып, бір-бірінен ажырата алу дағдылары қалыптасады.
«Пішінді санды асықпен құрастырамыз» ойыны. Шарты: дөңгелек, шаршы немесе үшбұрыш пішіндермен сандарды асықпен құрастыру. Яғни, балалар бұл тапсырманы мұқият мән бере отырып, ойланып орындайды.
«Түсін тап» ойыны. Шарты: асықтарды түстерін ұяшықтарға сәйкестендіріп орналастыру.
«Луллия шеңбері» ойыны. Шарты: сан арқылы асыкпен сәйкестендіріп қою.
«Ханталапай» ойыны. Шарты: асықтар шашылып, асықтағы сандарды айтады.
«Шығармашылық» саласында асықты музыкалық ұрмалы аспап ретінде қолдансақ болады. Сурет салу оқу қызметі «Мен суретшімін» ойыны. Шарты: түрлі-түсті бояуларға асықты малу арқылы парақша бетіне нүктелер тусіріп сурет салады. Балалар қолымен жұмыс жасау барысында, қолының ұсақ моторикасы дамиды, саусақтары иілгіш болып жұмыс жасауға жаттығады. Асықпен жұмыс сәл күрделілеу, Осылай бірнеше рет қайталап жасайды. Нәтижесінде парақ бетінде әр балада әртүрлі бейне пайда болады. Балалар үшін бұл жасырын пайда болған бейне қызықты әрі сиқырлы сәт болады.
«Мен шебермін» ойыны. Шарты: құмда мазмұнды бейне салу. Балалар құмның үстіне асықпен түрлі мазмұнды суреттер сала отырып, нені бейнелегендерін айтып береді. Яғни, бұл әдіс бала үшін қызықты әрі пайдалы. Баланың ұсақ моторикасымен қатар бейнелеуге деген қызығушылығы артады, қиялы дамиды және ең бастысы, өзінің ойындағындай етіп салынған бейнені өз сөзімен түсіндіру барысында сөздік қоры молаяды, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады.
«Әлеумет» саласы бойынша оқу қызметтерінде асықпен ойналатын ойын түрлерімен өткіземін. Тәрбиеші асық арқылы санау, құрастыру, асық үстінен жүру, математикалық логикалық тапсырмаларды шешу, түрлі оқиғаларды ойлап тауып, бала танымына қоршаған әлем заңдылықтары мен оқиғаларын қызықты түрде жеткізуге тырысады. Асық ату ойыны арқылы балалардың мергендігін дамытуға, асықпен ойнайтын сан алуан ойындар арқылы бала денсаулығын шыңдауға болады. Балалар үшін тапсырма қызықты әрі пайдалы.
Қорыта айтсам, кейінгі кездері жастар мен жасөспірімдер ойын автоматтары, интернет сынды зиянды ойындарға әуес болып барады. Кез келген ойын автоматтарына бас сұқсаң көбіне көп қазақтың баласын кездестіресің. Ойын автоматтарының зиянын атап өтсем, оларды төмендегіше жіктеуге болады.
- Бұл ойындардың адам денсаулығына тигізер залалы көп.
- Баланың ойлау қабілеті, ойлау шеңбері белгілі бір жүйеде шектеліп қалады.
Ал, ата-бабамыздан ұзақ ғасырлық көш-керуен арқылы үзілмей жалғасып келе жатқан асық ойыны күш-жігерді жетілдіріп, дәлдікке, мергендікке үйретеді. Бір байқағаным, бүгінгі балалар ата-анасынан оқу құралға емес, осындай компьютер ойынына ақша сұрап жатады. Мұның соңы неге апарып соғатынын кім білсін?.. Сосын ол балалардың тәбеті бірте-бірте құмар ойындарына да шабуы ғажап емес пе. Ал, асық ойынының кез келген жерде, қалаған уақытында ақша төлемей-ақ ойнай бересің. Бірақ қазір түр-түрімен жаңарып, санамызды улап жатқан құмар ойындарының көптігінен құмарпаздар асық ойнына аса мән бермей жүр. Уақыт өте келе асық ойнының денсаулыққа пайдалы екеніне көзім жетті. Бір жағынан адам денесі қимыл- қозғалыс арқылы шынығып, шымыр болады. Екіншіден, жан тазалығы таза болады. Сондықтан тек тазалықтың ойыны дер едім.
Олай болса, асық ойнап жүрген балаңызды орынсыз қақпайлай бермей, қайта қашан, қайда, қалай ойнаған дұрыс болатынын бағыттап, жөн сілтеп, орынды ақыл кеңесіңізді беріп отырғаныңыз абзал. Бұл баланы болашақта қандай да істі қолға алмасын, жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Асық ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді және топтан озып шығу қабілетіне ие болады. Сондай-ақ баланы бәсекелестікке жетелеп, талаптылыққа, достық қарым-қатынасқа тәрбиелейді.
Бала асықты пайдалану барысында:
— ойынды ойнау барысында жаңа әдістерін қарастырады;
— өз ойындарына талдау жасайды;
— ойын ережесін сақтай білуге үйрету;
— ойлау қабілетін арттырады;
— халқымыздың ұлттық ойындарын бойларына сіңірту;
— ұлттық, патриоттық, эстетикалық тәрбие беру;
Балалардың бойындағы жасырын қабілеттерін ашу және дамыту, рухани жан-дүниелерін байыта түсуге негіз.
Қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық ойыны асық соңғы кезде ұмыт бола жаздады. Мен соны жаңғыртуды мақсат еттім. Асық ойнаған баланың жылдамдығы, мергендігі дамып, алыстан көру қабілеті артады, аяқ-қолы ширақ қимылдап, епті бола түседі. Асық ату үшін балаға логикалық ойлау да қажет, бұл бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытады»,
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында отансүйгіштіктің негізі ретінде туған жерге, ата дәстүрге, ұлттық құндылықтарға ерекше мән беру қажеттігі айтылады. Сондықтан да мен ұлттық ойындарды жаңғыртып, асық ойындарын насихаттап жүрмін. Ол өте қарапайым әрі қолжетімді.
«Талапай-ау, талапай, табылды ойын алақай» — деп қоржындағы асықтарды балалар алдына тастай отырып, әрбір ойындар арқылы бала бойына ұлттық кодымызды дарытамын.