Искакова Айнагуль Есенгельдиевна
Ақмола облысы Астрахан ауданы
Старый Колутон орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Заманауи үрдістер, жаһандық тенденциялар, интеграциялық байланыстар, білім саласында болып жатқан реформалар оқыту мазмұнынан жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерді талап етеді. Ол ақпараттық ресурстардың, әлеуметтік желілер мен интернет порталдарының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Себебі, ақпараттық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде, олардың әлемдік қауымдастықта қолжетімді және ең тиімді оқыту әдістері болып отырғанын да байқаймыз.
Оқыту үрдісінің жаңаруы мұғалімге сабақты ұйымдастыру барысында жаңа әдістер мен формаларды қолдануын талап етеді. Оқушының ақпараттық дағдысы мен құзыреттілігін дамыту маңызды болып табылады. Бұл мәселе мемлекетіміздің ең басты стратегиялық ұстанымына айналды. Бұл жөнінде мемлекет құжаттарында атап өтілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз қазір «білім – ғылым – инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз» -деген болатын[1].
Бұл тұжырымнан еліміздің алдында күрделі мәселелер тұрғанын байқаймыз, атап айтсақ ғылымды, білімді, инновацияны, технологияны дамыту. Себебі, бұл білім беру жүйесінің әлем кеңістігіне енуінің және халықаралық стандарттарға сәйкестенуінің бірден-бір жолы болып табылады. Постиндустриялық әлемге енудің бір мүмкіндігі, арине инновациялық технологиялар екені ешқандай күмән туғызбайды.
ЮНЕСКО-ның «Мобильді оқыту және әлеуметтік интеграция» бағдарламалық құжатында ақпараттық технологияларды білім беру жүйесіне еңгізудің тиімді жолдары қарастырылған.
Соңғы жылдары ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану аясы кеңейді және қоғам тарапынан сұраныс та артты. Қашықтан білім алу, виртуальды лабораториялар, онлайн-курстар, электрондық оқулықтар, бейнедәрістер, мобильді оқу, электрондық және цифрлық білім алу ресурстары, оқытудың әртүрлі платформалары т.б. Бүгінгі білім беру жүйесінде өзекті мәселеге айналды.
Сондықтан да бастауыш сыныпта осы қашықтан оқыту технологияларын қолдану маңызды.
Жоғарыда айтылған мәселелер біздің тақырыбымыздың өзектілігін айқындай түседі. Қашықтан оқыту технологиясы ұғымына тоқталып көрелік.
Мектептегі оқу үдерісі – бұл өте күрделі жүйе және оның құрылымдық, функционалдық, сапалы дамуы мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігіне байланысты. Сондықтан, оқу процесін одан әрі жетілдіру үшін қаншалықты тиімді және оңтайлы, перспективалы екенін атап өту маңызды. Бұл педагогикадағы жаңа бағыт.
Қашықтан оқытудың методологиясы мен принциптері әртүрлі аспектіде зерттелген. Қашықтан білім берудің тарихи генезисі Ұлыбританиядан бастау алды. Техникалық құралдар мен ақпарат ресурстарының артуына байланысты басқа елдерде де қашықтан білім берудің мүмкіндіктері пайда болды. Біздің елімізде бұл жаңа үрдіс болып табылады.
Рессей ғалымы Ю.В. Голованованың айтуы бойынша: «Қашықтан білім беру — мұғалім мен оқушы кеңістікпен бөлінген кезде «қашықтықта» білім алу мүмкіндігі» [2].
Қашықтан оқыту — бұл заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, білімді, дағдыны игерудің тиімді жолы. Оқушы мен мұғалім интернет байланысы арқылы қарым-қатынас жасайды. Мұғалім тапсырмаларды әртүрлі интернет платформалары арқылы оқушыға береді және онлайн-чат арқылы оқушыға кеңес береді. Қашықтан оқытуды ұйымдастырудағы маңызды кезең виртуалдық өзара іс-қимыл табылады. Қашықтан оқыту əдісін көбінесе жабық оқыту жүйесімен байланыстырады жəне мұндағы негізгі құрал интернет болып табылады.
Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың үш түрлі формасы бар: онлайн, оффлайн, вебинар.
Бастауыш сынып оқушыларымен онлайн форматында сабақ процесін ұйымдастыру оқушылардың төмендегі қабілетін дамытуға көмектеседі:
- Коммуникациялық қабілеттерін дамыту;
- Ақпарат көздерімен жұмыс жасау;
- Шығармашылық қабілеттерін дамыту;
- Оқу үдерісіне белсене қатысу;
- Оқу мотивациясын арттыру;
- Ақпараттық қоғам жетістіктеріне жақындау.
Қашықтан оқытуды ұйымдастырудағы маңызды кезең виртуальдық (синхрондық немесе асинхрондық) өзара іс-қимыл. Виртуальды түрлері негізінде мұғалім оқушылардың ақпараттық дағдысы мен білігін дамытады.
Синхронды оқыту процесінде мұғалім мен оқушы нақты уақыт режимінде жұмыс жасайды. Мысалы, математика пәні синхронды жүйе арқылы өтетін болса, мқғалім белгілі бір платформа арқылы сабақты түсіндіреді. (ZOOM жүйесі, скайп немесе басқа да бейне құралдар) пайдаланылуда. Бұл технологияны қолданудың мүмкіндіктерін ашады.
Ал енді асинхрондық оқыту барысында мұғалім белгілі бір платформаларға тапсырмаларды ілу арқылы сабағын жалғастырады. Қашықтан оқытудағы тақырыптар бойынша кері байланыстар жіберуді WhatsApp желісі көмегімен немесе электрондық пошта бойынша хат алмасу арқылы ұйымдастырылады (әрине ата-ананың көмегімен)
Оқушылар сабақты кез-келген уақытта қайталап, қажетті жерлерін жазып ала алады. Онлайн оқыту оқушыға қолжетімді орта болып табылады.
Бүгінгі білім беру жүйесінде қашықтан оқытудың бірнеше платформалары қолданысқа енді. Атап айтсақ, Google Classroom, Kundelik.kz, Moodle жүйелері, Bilimland платформалары т.б.
Сондай-ақ, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары, Facebook және т.б. әлеуметтік желілердегі парақшалар, Telegram, WhatsApp чаттары, онлайн конференциялар және басқа да форматтарды атап өтуге болады.
Қашықтан оқыту процесін ұйымдастырудың міндеттері:
- оқытуды даралау;
- оқытудың тиімділігін арттыру;
- кеңестер беру;
- білім алушыларға оқу материалын жеткізу;
- білім алушылармен кері байланыс орнату;
- білім алушылардың білімдерін бақылау[3].
Қашықтан оқыту өте икемді жүйе, ол барлық оқу үрдісіне қатысушыларға сабақты қолайлы уақытта таңдауға мүмкіндік береді. Кез-келген уақытта, кез-келген жерде оқу оқушыларға үйреншікті өмір ырғағын сақтауға ғана емес, сонымен қатар жеке оқу кестесін жасауға мүмкіндік береді.
Қашықтан оқытуды екі негізгі бағытқа бөлуге болады: техникалық және дидактикалық. Оның құралы телекоммуникациялар, аудио және видео жазбалар, компьютерлік желілер т.б.
Қашықтан оқыту үдерісінде мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс маңызды фактор болып табылады. Оның негізінде тұлғааралық қарым-қатынас дами түседі. Қашықтан оқу оқушыларға білім беру ортасына толығымен енуіне мүмкіндік береді: тапсырмаларды орындау, мұғалімдермен кеңесу және желіге қосылу арқылы сыныптастарымен сөйлесу.
Бастауыш сыныпта оқитын мектеп оқушыларының қашықтан білім алуына баланың оқуға деген қызығушылығын арттыратын оқыту әдістерінің, ата-ананың қолдауының, мектеп әкімшілігінің қадағалауының басымдылығы болуы шарт.
Бастауыш мектеп бала тұлғасының қалыптасуында, оның ойлау үрдісінің дамуында, танымдық белсенділіктің қарқынды қалыптасуында, оқу іскерлігінде өте маңызды кезең болып табылады. Онлайн сабақтары арқылы мұғалім оқушының әртүрлі дағдыларын дамытады.
Жаратылыстану пәні оқулығында оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылған. Пәннің мазмұны биологиялық пәндердің кіріктірілген негізін құрайтын болғандықтан, сабақ беру барысында тәжірибе жасау, зерттеу жұмысын жүргізу, сарамандық жұмыс түрлері басым болады. Сабақта бақылау, эксперимент әдістерін қолдана отырып, зерттеу жұмысының қағидаларын игереді. Осы пәнді қашықтан оқытудың әртүрлі платформасын қолданып, оқушылармен зертханалық жұмыстар ұйымдастыруға болады. Виртуальды сабақтар арқылы оқушылардың зерттеушілік, ізденушілік, танымдық қабілеттері қалыптасады. Қашықтан оқыту барысында мұғалім әртүрлі белсенді әдістерді қолданады. Сыныпты топқа бөліп, миға шабуыл, кластер құрастыру, шығармашылық шеберхана т.б. әдістер арқылы сабақ процесін шеберлікпен ұйымдастыруға болады.
Осылайша, қашықтан оқыту барысында белсенді әдістерді пайдалану білім алушылардың білік, білім, дағдысын дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан да қашықтан оқыту технологиясы бүгінгі білім беру жүйесінің заманауи мүмкіндігі және ақпараттық әлем ортасына енудің алғышарты. Оқытудың бүгінгі тренді. Білім саласындағы интеграциялық және модернизациялық тұғырларды концептуалды өзгертудің бағыты. Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру жүйесінен экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге бейімделуді талап етеді. Сондықтан да қашықтан оқыту білім беру жүйесін дамытудың негізгі және маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер
- Н.Ә.Назарбаев елбасының Назарбаев Университеті студенттері алдында сөйлеген сөзі. 5 қыркүйек, -2012.
- В.М.Глушков История информационных технологии -М:Образование. 2004. -С165
- Қашықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру ережесін бекіту http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V070005054_